Басты бетЖаңалықтарАлакөл ауданында...

Алакөл ауданында кәсіпкерлердің басым бөлігі — әйелдер

Іс-шараға Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрайымы, облыстық Іскер әйелдер кеңесінің жетекшісі Римма Салықова, Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаева, Алакөл ауданы әкімінің орынбасары Алмас Аханов, Кәсіпкерлер палатасының Алакөл аудандық филиалының басшысы Мұхтар Адиков, Ақсу және Сарқан аудандарындағы Іскер әйелдер кеңесі жетекшілері, сонымен қоса Алакөл ауданының кәсіпкер әйелдер қауымы қатысты.

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрайымы, облыстық Іскер әйелдер кеңесінің жетекшісі Римма Салықова атап өткендей, алакөлдік бизнес ханымдарының кеңесі аудан әйелдерінің экономикалық және әлеуметтік бастамаларын қолдаудағы басты қозғаушы күшке айналуы керек.

«Іскер әйелдер кеңесінің қатарына бизнес өкілдері ғана емес, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың әйел басшылары да қосылды. Әсіресе, Кеңес әйелдердің бастамалары мен сұрақтарын шешуге қолдау көрсету қажет», — деді Римма Салықова.

Алакөл ауданының Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Баршагүл Саятова Кеңестің жаңарған құрамын, жұмыс жоспары мен алдағы міндеттерімен таныстырды. Аудандық Іскер әйелдер кеңесі жанынан кәсіпкерлік салаларындағы мәселелерді жіті қарастырып отыратын салалық комитеттер құрылатын болады.

«Бүгінде ауданда әйелдердің 1500-ге жуығы ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру, туризм, қонақ үй бизнесі, сауда ісі сынды кәсіпкерліктің барлық саласында жұмыс істейді. Ауданда жеке кәсіппен айналысатындардың 60%-ын әйелдер құрайды. Біздің алдымызда жергілікті атқарушы билікпен өзара қарым-қатынас деңгейін күшейту, жас кәсіпкерлерге қолдау білдіру міндеттері тұр», — деді Баршагүл Саятова.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы ауқымды үлесін аудан әкімінің орынбасары Алмас Аханов ерекше атап өтті.

«Атап өту керек, бүгінгі нарықта шаруа қожалығын басқаратындардың басым бөлігі әйел адамдар. Сонымен қоса, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп жүр. Әйел кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі өте жоғары, олар белсенді түрде қайырымдылықпен айналысып келеді», — деді аудан әкімінің орынбасары.

Аудан ішінде зор қайырымдылық қызметі үшін «Алия» ЖК директоры Гүлзада Сембинова, жеке кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлесі үшін «Мукубаева» ЖК жетекшісі Қизат Мұқыбаева мен «Ақсағым» балабақшасының директоры Әйгерім Қанатхан алғыс хаттармен марапатталды.

Талқылау барысында әйел кәсіпкерлігінің даму проблемалары, әйел-кәсіпкерлердің экономикалық бастамаларын қолдау мен қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша сұрақтар көтерілді. Шара аясында аудан бизнес ханымдарының жетістіктеріне арналған «Табыскер әйел келбеті» көрмесі ұйымдастырылып, қатысушыларға кәсіпкер Қизат Мұқыбаеваның табыс оқиғасы айтылды.

Сонымен бірге, форумға «Даму» қорының өңірлік филиалы директорының орынбасары Руслан Самакеев, қордың бас менеджері Жандос Нұрғазинов, «Алакөл» несие серіктестігінің өкілі Сәбит Даривхан мен психолог Толқын Мұқашева сөз сөйледі.

Форум қорытындысы бойынша Іскер әйелдер кеңесі Алакөл көліндегі туризмді дамыту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел ұйымдастыруды жоспарлап отыр.