Шымкент қаласының әкімі Әбдірахымов орынбасарын қатаң сынға алды

Әуелі, шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов қала аумағындағы ретсіз сауданың алдын алу, жою жұмыстарын қатаң бақылауға алып, тиісті аудан әкімдіктері мен жергілікті полиция қызметкерлеріне күн сайын рейдттік іс-шара ұйымдастыруды тапсырды. Әрі жауапты мамандарға бұл жұмыстар тек хаттама түрімен шектелмей, нақты жұмыс нәтижесі жөнінде есеп беріп отыратындығын жеткізді. Осыған дейін қала аумағында 92 рейдтік іс-шара ұйымдастырылған алайда бұл әлі де жеткіліксіз екендігін, бұл ретте қала тұрғындарының өз өмір сүрген қаласын таза ұстауға міндетті екендігін де ескертті.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе 2015-2016 жылдардағы жылу беру маусымының қорытындысы және 2016-2017 жылдардағы жылу беру маусымына дайындаудағы міндеттер жөнінде қала әкімінің орынбасары Б.Жанбосыновтың баяндамасы тыңдалды. Аталмыш баяндамада айтылған мәселелер бойынша бірнеше кемшіліктерге тоқталған шаһар басшысы қала әкімінің орынбасарына сын-ескертпе жасады. Мәселен, Нұрсәт мөлтек ауданындағы тұрғындарға уақытылы ыстық сумен қамтамасыз етілмей қалғандығын айтып, жұртшылықтың талап-тілектеріне тез арада орындауға тапсырма берді.

Айта кетерлігі, осыдан ілгері жылу беру маусымы аяқталуына байланысты бірнеше көпқабатты тұрғын үйлерде ыстық су өшірілген болатын. Қала әкімінің орынбасары Б.Жанбосыновқа қысқа уақыт ішінде осы мәселе жөнінде кеңес өткізу жөнінде тапсырма жүктеді.