Қарағандылық оқушы Билл Гейтс атындағы стипендияны ұтып алды

Бірер айдан соң мектеп қабырғасын тәмамдайтын Дарья Андрейченко әрі қарай білімін қайда шыңдайтынын алдын ала шешіп қойған. Ағылшын тілін жетік меңгерген алғыр қыз Билл Гейтс атындағы стипендияны ұтып алып, әлемдегі ең үздік университеттердің бірінде оқуын жалғастыратын болды.

Дарья Андрейченко, № 38 гимназияның оқушысы: -Бұл университетте талап өте жоғары. 32 мың адамның арасынан іріктеп, тек 1700 адамды ғана оқуға қабылдайды. Соның бірі болғанымды мақтан тұтамын. Оның үстіне грант ұтып алдым. Бұл әлем бойынша тек 8 адамға ғана беріледі. Маған бұл жаңалықты айтып хабарласқанда, әуелі сенбедім. Біреулер қалжыңдап тұрған шығар деп те ойладым. Бірақ жеңісім шын болып шықты.

Дарья ел қатарлы ұлттық бірыңғай тест тапсырмайтын болды. Оның орнына ол америкалық САТ емтиханын тапсырып, сыннан сүрінбей өтті. Нәтижесінде бес бірдей университеттен шақырту келген.

Дарья Андрейченко, № 38 гимназияның оқушысы: -Міне мені бірден 5 университет оқуға қабылдады. Соның ішіндегі ең беделдісі – Дьюк университеті. Ал мынау Вандербилд білім ордасынан келген шақырту.

«Дарья жастайынан алғыр, еңбекқор болды», – дейді анасы. Ақыры соның жемісін көрді. Ол – тек оқуда ғана озат емес, мәнерлеп сырғанаудан да спорт шебері. Ресей мен Қазақстанда өткен бірнеше байрақты додаларда топ жарған.

Марина Андрейченко, Дарьяның анасы: -Дарья үнемі ізденісте жүреді. Оқудан жалыққан емес. Нәтижесінде үлкен жеңіске қол жеткізді. Мен оған шамамның келгенінше, үнемі қолдау көрсетіп отырамын. Армандар орындалады деген рас.

Маусым айында Дарья мұхит асып, жаңа ортаға түседі. Америкадағы оқуын тәмамдаған соң бірден елге оралып, осында еңбек етуді жоспарлап отыр.

ДереккөзХабар