Звондау — позвонить
Өміріңізде бір де бір рет «мен ертең саған звондаймын» деген сөзді айтпасаңыз, сізде не телефон жоқ, не сіз телефонды қалай қолданатынын білмейсіз. Орыс тілінен енген бұл сөз біздің әзіл шеруіміздің бірінші орнында тұрса керек. «Звондаймын»-нан басқа, бұл сөздің «созвандаймыз (созвонимся)» деген нұсқасы да бар. Яғни, біраз уақыттан кейін телефонмен қайта сөйлесетіннің белгісі.
Пробка — пробка
«Пробка» сөзінің ресми аудармасы бар болса да, «мен көлік кептелісінде тұрып қалдым» деп айтатын қазақ аздың қасы. Көп жағдайда біз «пробкада тұрып қалдым» дегенді қолданамыз. Мысалы: «сен маған звондағанда, мен пробкада тұрғанмын».
Брәтішке — братишка
Бұл сөздің пайдалану жиілігі соншалық, тіпті оның орыс тілінен енгенін кейде ұмытып та қаламыз. Әрине, бұл қаратпа сөз тек ер адамдардың арасында қолданысқа ие. Өзінен кіші бейтаныс адамның барлығы автоматты түрде «брәтішке» болып кетсе, үлкендері «брат» болады. Одан бөлек, бұл сөздің көмегімен адамның тұратын жерін де анықтауға болады. Мысалы, «брәтішке, Абай көшесіне дейін алыс па?» деген сұраққа «білмеппін, брат» деген жауап алсаңыз, демек «брәтішке» жергілікті тұрғын емес.
Мешать етпе — не мешай
Негізі, «етпе» деген сөздің алдына кез-келген өзге тілдің етістігін қоя беруге болады: мешать етпе, загораживать етпе, красить етпе, т.б. Не екені белгісіз, «етпе» сөзінің көмегімен құрылған шала қазақ тілін кез-келген адам бірден түсінеді. «Бөгет жасама» деген ескерту іс жүзінде бірнеше рет қайталағаннан кейін ғана жүзеге асырылады. Ал «ей, мешать етпесей» деген ескерту бірден орындалады. Интонацияға мән беруді ұмытпаңыз.
Төпли — туфли
Аяқ киім қай кезден бастап «төпли»-ға айналғанын ешкім білмейді. Алайда, бұл сөз тек адамдар өзара сөйлескенде ғана емес, кейде тіпті ресми басылымдарда да дәл сол түрінде қолданылады. «Төпли» деген «туфли» сөзінің ресми аудармасы деп ойлайтындар да бар шығар, кім біледі?
Бәтіңке — ботинки
«Төпли»-дің екінші сыңары — «бәтінке» сөзі. Бұл сөздерді «мұртын бұзбай» аудара салу, қазақта аяқ киімнің ондай түрлері жоқ болғандықтан деген тұжырым бар. Оған сенетін болсақ, демек, қазақ даласын кезінде крокодил мен жираф мекендеген болу керек. Бұл сөздердің аудармасы бар ғой.
«Құрметті оқырмандар, бұл мақаланы сын көзбен бағаламай, қазақ тілін құртуға бағытталған деген ой тумасын. Әр сөздің өз аудармасы бар, соларды дұрыс пайдалана білейік деген мақсатпен жазылған туынды», — деп жазады басылым.