Головкин-Уэйд жекпе-жегі тікелей эфирде көрсетілетін болды

Жекпе-жекті «Қазақстан» телеарнасы 24 сәуірде сағат 15.00 және 19.00-де, ал «Kazsport» телеарнасы мен kazsporttv.kz сайты 24 сәуірде сағат 23.15-те, 25 сәуірде сағат 09.00-де, 22.00-де және 1 мамырда сағат 23.00-де қайталап көрсетеді.

Айта кетейік, WBA (Super), IBO, WBC (Interim) және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы, қазақстандық Геннадий Головкин (34-0, 31 КО)  23 сәуір күні (Астана уақытымен 24 сәуір) америкалық боксшы Доминик Уэйдке (18-0, 12 КО) қарсы жекпе-жекке шығады. Кездесу АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласындағы «Форум» аренасында өтеді.

Геннадийдің осыған дейін австралиялық Дэниел Гил, мексикалық Марко Антонио Рубио, америкалық Вилли Монро II мен Стивен Кертис және канадалық Давид Лемье секілді мықты боксшылармен жұдырықтасып, жеңіске жеткенін айта кеткен жөн.

Еске сала кетейік, Геннадий Головкин соңғы жекпе-жегін 2015 жылдың 18 қазаны күні канадалық Давид Лемьеге қарсы өткізіп, 8-раундта нокаутпен ұтқан. Бұл кездесуді де «Қазақстан» ұлттық телеарнасы тікелей эфирде көрсетті.

Ал Америкалық боксшы Доминик Уэйд осыған дейін 18 кездесу өткізіп, барлығын жеңіспен аяқтаған. 12 кездесуінде қарсыластарын мерзімінен бұрын ұтқан. Ол соңғы кездесуін былтыр 26 маусымда австралиялық боксшы Сэм Солиманға қарсы өткізіп, жеңіске жетті.

Геннадий Головкин – Қазақстанның мақтанышы. Ол әуесқой бокста 350 кездесу өткізіп, оның 345-інде жеңіске жеткен. 2000 жылғы жастар және 2003 жылғы ересектер арасындағы Әлем чемпионы, 2002 жылғы Азия ойындары мен 2004 жылғы Азия чемпионы. Сондай-ақ, 2004 жылғы Афины Олимпиадасының күміс жүлдегері.

ДереккөзBnews