Өндіріс ошағы индустриализация күні іске қосылды. Цифрлық технологияға негізделген кәсіпорын өнімдерін экспортқа да шығарып жатыр. Келешекте өндірістік қуатты еселеп арттыру да жоспарда бар. Бірақ отандық өнімнің сапалы әрі бәсекеге қабілетті болуы үшін бірінші кезекте білікті кадрлар қажет.
Қарасай машина жасау зауыты отандық индустрияға қажетті аса күрделі темір конструкция шығарады. Өндіріс орны толықтай автоматтандырылған, жоғарғы дәлдікпен жұмыс істейді. Жылына 18 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Іске қосылғанына небәрі екі ай болған кәсіпорын тауарды экспортқа жөнелтіп отыр. 20 тонна темір бұйым Өзбекстан нарығына жіберілген.
Павел Беклемишев, кәсіпорынның машина жасау жобалары бойынша директоры: Біз экспортқа шығарылатын өнім көлемін ұлғайтамыз. Бірінші кезекте көрші Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдеріне жіберіледі. Болашақта алыс шетел нарығына жіберуіміз де мүмкін.
Елдегі ауқымды индустриализация өнімге сұранысты арттырып отыр. Сонымен қатар халықаралық дәрежедегі мамандардың да қажеттілігі туындады. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, кадр мәселесін шешу қиынға соққан көрінеді.
Станислав Осипенко, зауыт инженері: Бізде кадр тапшы. Мұнда жоғары білікті мамандар аса қажет. Сондықтан оқыту орталығын салуды қолға алдық.
Жуырда темір конструкциялар ыстық мырышпен қаптау цехы іске қосылмақ. Қазір оған тәжірибелі металлургтар қажет болып отыр. Оқу орталығының құрылысы бірер күнде аяқталады.
Бүгінде Қарасай ауданында цифрлық технологиямен жұмыс істейтін 18 ірі өндіріс орны бар. Олар негізінен ауылшаруашылығы, тамақ өндірісі, фармацевтика және құрылыс салаларында қайта өңдеумен айналысады.
Нұржан Сатубеков, Қарасай ауданы әкімінің орынбасары: Қарасай ауданында екі ірі өнеркәсіп құрылыстарын жаңартып қазіргі уақытта ауданға біздің 8 млрд 250 миллион теңге кіріс тартып отыр.
Өткен жылы аудан экономикасына 120 миллиардқа жуық теңге инвестиция салынды. Бюджеттік түсімдердің 32 пайызын Қарасай ауданы беріп отыр. Бұған осындай өндіріс орындарының көптеп ашылуының арқасында қол жеткізілді.