Зара Алматыдағы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясын интерьер дизайнері мамандығы бойынша бітірген. Мектеп қабырғасынан суретке қызығып, дизайнер болуды армандаса да, оқуды аяқтаған соң мамандығы бойынша жұмыс істегісі келмейтіндігіне көзі жетеді.

Негізі мен қаржыгерлер отбасынан шыққанмын. Студенттік шағымда қаржы саласында қызмет еттім. Алайда офистегі күнделікті жұмыстың бірқалыптылығынан жалығып, өзімнің сүйікті ісіммен айналысуды ұйғардым. Мәскеуге барған сапарымнан кондитерліктің бүтіндей бір сала екенін көргенде мен таңғалдым. Өйткені, ол кезде Қазақстанда кондитерлік жұмыс қазіргідей танымал емес еді.

Фото ©Асия Смайл, baribar.kz

Елге оралған соң Зара тәтті тағамдарды дайындау технологиясын меңгеріп, кондитерлік саланы зерттеп, шеберлігін шыңдауға кіріседі. Пісірген торттары әлеуметтік желілер арқылы қарқынды тараған соң, тапсырыс берушілер саны да көбейеді. Ісі оңға басқан Зара жеке кондитерлік цех ашып, кәсібін ары қарай дамытады. Бүгінде цехта бес адам қызмет етеді. Кейіпкеріміздің айтуынша, мұндай көрсеткішке қол жеткізу үшін кездескен кедергілер аз болмапты.

Бастапқыда жұмыс істеу қиын болды. Торттар мен тәттілерді әзірлеу, безендіру үшін қажетті арнайы ингредиенттер мен құралдар Алматыдан табылмады. Оларды шетелден тапсырыс беріп алдыртуға тура келді. Бірақ, қазір керек-жарақтының бәрі Алматыда бар. Бұл кондитерлік саланың дамығанының белгісі деп ойлаймын.

©Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бүгінде кондитерлік дүкендердің санының көптігі сонша, бәрін атап шығу мүмкін емес. Әр кондитердің өзіндік дайындау рецептісі мен құпия формулалары бар. Одан бөлек, тәтті тағамды дайындап қана қоймай, мастер класс өткізіп, өзгеге үйрететіндер де аз емес. Зара да тапсырыстарды қабылдап, кондитерлік өнімнің түр-түрін сатумен ғана емес, шеберлік сыныптарын өткізумен де айналысады.

Анам кішкентайымнан ас дайындауды үйреткен. 13 жасымда ыстық тамақ пісіруді үйрендім. Содан мен үшін қыз атаулының барлығы ас дайындай алады деген ой қалыптасыпты. Алайда, өсе келе қыздардың көпшілігі ас әзірлей алмайтындығын түсіндім. Тәттілер түгілі, тамақ жасай алмайтын қыздар жетерлік екен. Оларға ас үйінің негізі мен тіл үйірер тәтті жасаудың қыр-сырын үйрету ойыма осылай келді. Шетелден көрген-білгенімнің тек өзіме пайда әкелгені мен үшін аз болды. Жинаған тәжірибеммен бөліскенді жөн көрдім. Себебі, қоғамға қандай да бір пайдамды тигізгім келді. Сол оймен 2013 жылы шеберлік сыныбын бастамас бұрын, аудиторияға алдымен оның не екенін, қалай және қандай формада өтетінін түсіндіру керек болды. Ал бұл тенденция тараған соң, топтарды жинау жеңілдеді. Басқаларын білмеймін, жалпы менің шеберлік сыныптарым таңертеңнен кешке дейін өтеді. Кондитерлік шеберліктің қыр-сырымен қатар, тәжірибеммен де бөлісемін. Тәттілер дайындау сабақтарының арасында түскі ас та қарасытырылған. Ал кешке қатысушылар жақындарын қуанту үшін дайындаған тәттілерін үйіне алып кетеді.

©Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

Әр нәрсені жасау үшін адамның бойында сол іске қабілет болу керек деген түсінік бар. Зараның ойынша, жалпы ас дайындау үшін асқан дарынның, не қабілеттің қажеті жоқ.

Ең басты нәрсе — алдыңа қойған мақсатқа апаратын талпыныс пен ынта. Бойыңды жалқаулық алса, “қабілетім жоқ”, “қолымнан келмейді” деген сылтаулар пайда болады. Тамақ пісіруден осал қыздардың көпшілігінің қателігі де осында. Әлемдегі ең қиын тілдердің бірі қытай тілін қаншалықты қиын болса да меңгеруге болады ғой. Кондитерлік өнімдерді жасау да сол сияқты, кез келген ынтасы бар адам үйрене алады. Осыған дейін шамамен екі мыңнан астам қыз шеберлік сыныптарыма қатысты. Олардың арасында мақсаттарын орындап, жетістікке кенелгендер аз емес. Мысалы, Ақтаудан арнайы келіп, сабақ алған әйел бар. Қазір ол да өз қаласында кәсібін ашып, кондитерлікпен айналысып жүр. Әлеуметтік желіде сөйлесіп тұрамыз. Әлі күнге дейін алғыс айтады. Ал оның жетістіктері мені мотивацияландырады, жұмыс істеуге жаңа серпінді қуат береді. Сол сияқты еліміздің әртүрлі қалаларында өз бизнесін ашып, кондитерлік салада жұмыс істеп жүргендер баршылық.

Фото ©Асия Смайл, baribar.kz

Зараның инстаграмдағы парақшасына қарап, әртүрлі идеялармен безендірілген торттарды, кондитерлік өнімдерді көреміз. Алайда нешетүрлі тәтті өнімдерді жасағанымен, оның ең сүйікті торты — қарапайым медовик (медовый торт) пен лимонды тәттілер.

Мен медовикті өте жақсы көремін. Оны дайындау жолым да басқаша. Медовиктерім жеңіл, қанты аз, әрі майлы емес. Құпия рецептісі жоқ, ерекшелігі тек құрамындағы азық-түлікті қосу реті мен мөлшерінде ғана. Жалпы, кез келген өнімнің сапасына мән беремін. Сондықтан тапсырыс берушілердің арасында көптеген ата-аналар балалары үшін біздің тәттілердің табиғи ингредиенттерден жасалғанын біледі, әрі маған сенеді.

©Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

Ел ішінде ғана емес, шетелде де шеберлігін шыңдап жүрген Зарина, еліміздің қыздарын өзге елдердің ас жасау мәдениетімен танысуына мүмкіндік беретін жаңа “Гастротур” бағдарламасын іске асырмақ. Аталған жобаның ең бірінші бөлімі Италияға сапардан тұрады.

Бұл идея біраз жыл бұрын келді. Алайда оны іске асыру енді бұйырды. Жоспарды жетілдіріп, әпкемнің қолдауымен жобаны іске асыруды ұйғардым. елімізде шетелге шығып, ел аралап, жер көргісі келетіндер көп. Бірақ қалай, қайда бару керектігін білмейді. Сондықтан бұл тамаша мүмкіндік деп ойлаймын. Осы мақсатпен наурыз айында бір топ қыздармен шетелдің шеберлік сыныптарына қатысып, Италияны аралау ойымызда бар. Сапарда тек тамақ әзірлеу шеберлігін арттыруды ғана емес, басқа елдің ас мәзірін, мәдениеті мен салт-дәстүрін көріп, демалуды да көздеп отырмыз.

Фото ©Асия Смайл, baribar.kz

Зара үшін кондитерлік — жай ғана ас әзірлеудің түрі емес. Ол үшін кондитерлік — өнер. Оны шабыттандырып, ләззат сыйлап, мақсаттарна жетелейтін сүйікті ісіне айналған өнер.

Э.Сафарли «Бақыттың рецепттері»: «Асты дәмді әзірлеу үшін тамақтануды жақсы көру жеткіліксіз. Жалпы әзірлеу процесін жақсы көріп, әрбір минутына махаббат қосу керек. Себебі махаббат — өмірдің негізі. Ас әзірлеудің де негізі».

Автор: Аида Арманқызы

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!