Тері арқылы денеге өткен бактериялар, микробтар адамды неше түрлі індетке тап қылады. Ағзада зат алмасудың бұзылуы салдарынан болатын тері аурулары көп. Мәселен, қант диабеті кезінде көмірсу алмасу бұзылады. Ол теріні қышытып, шиқан, безеу тәрізді сырқаттарға әкеледі.
Неден пайда болады?
Қазіргі таңда тері ауруларының көптеген түрі бар. Мәселен, псориаз (терінің созылмалы ауруы), есекжем (экзема), нейродермит (жүйке жүйесі ауруларымен байланысты тері қабынуы).
Ал ішкі секреция бездерінің (қалқанша, ұйқы, бүйрек үсті, жыныс бездері) зақымдануы теріні өзгеріске ұшыратады. Сондай-ақ, егер теріге А дәрумені жетіспесе құрғап, жарылып кетеді. Ал С дәрумені жетіспесе түрлі пигментті дақтар, қанталаулар көбейеді. Шаш түсу, терінің бөртуі, жараның пайда болуы жүйке жүйесіне тікелей байланысты.
Псориаз ауруын қалай емдеуге болады?
Псориаз – терінің созылмалы ауруы. Псориазбен ауырған науқастың бас терісінде, тізесінде, білек буындарында, сондай-ақ арқасының төменгі тұстарында тері қатпарларының орнына қатты қышитын тығыз, талаураған қызыл түсті дақтар пайда болады. Кейде әлгі дақтар күлгін түсті болып келеді.
Ғалымдардың айтуынша, псориазбен бір рет ауырып, айығып шыққан науқасты аталмыш дерттен толық жазылуы мүмкін емес. Өйткені, ауру жасырын формаға ауысып кетуі мүмкін екен. Сондықтан толық айыққан адамның өзі үнемі дерматологтың бақылауында болуы қажет.
Алайда, елімізде аталмыш ауруды емдеу үшінн арнайы санаторийларға барған дұрыс. Псориаздың пайда болу себебін шығыс медицинасы бүйрек қызметінің әлсіреуінен және жүйке жүйесі жұмысының бұзылуымен байланыстырады. Сондықтан осы олқылықтың орнын толтыру үшін, белгілі нүктелерге ине терапиясы жүргізіледі.
Беттегі безеуді қалай кетіруге болады?
Безеу беттегі май бездерінің шығаратын өзегі бітелгендіктен пайда болады. Беттің айналасындағы тері тығыздалып, қызарады да кішкентай түйін пайда болады, ол жиі іріңдейді. Олар уақытша пайда болады, бірақ терінің көп бөлігіне жайылып ауыруы мүмкін. Безеу бетте, кеудедеі, арқаның жоғары бөлігінде болады.
Бетті безеуден тазарту үшін теріні таза ұстап, май бездерінің өзегі бітеліп қалмауы үшін бетті үнемі сабынмен жуу керек. Ыстық және суық сумен алма-кезек жуыну жақсы көмектеседі. Өте ащы, тәтті, дәмдеуіштер (бұрыш, қалампыр, т.б.) қосылған тамақты жеуден, кофе, какао, қою шай ішуден бас тарту қажет.
Саңырауқұлақтар тудыратын аурулардан қалай құтылады?
Саңырауқұлақтар тудыратын аурулар денені, бас, аяқ немесе қолды зақымдайды. Бірақ көбінесе аяқтың башпайлары зақымдалуы мүмкін. Уақыт өте келе аяқ басының зақымдалған терісі терең жарылып, процесс тырнаққа өтуі мүмкін. Сонымен қатар саңырауқұлақты инфекция табан сүйелінің дамуына себепші болады. Бұл косметикалық кемшілік қана емес, жұқпалы вирусқа жатады.
Саңырауқұлақтар тудыратын аурулар адамнан адамға оңай беріледі. Мәселен, аяқты қысатын аяқ киім кию, қоғамдық моншаға, бассейнге түсу саңырауқұлақтар тудыратын аурулардың таралуына себепші болуы мүмкін. Жоғары ылғалдылық кезінде саңырауқұлақ теріге бөгетсіз енеді.
Саңырауқұлақтар тудыратын аурулардың алдын алу үшін немесе мына шараларды қолдану арқылы құтылуға болады:
- аяқты бактерияға қарсы сабынмен жуып, жақсылап сүрту;
- жазда ашық аяқ киім кию;
- синтетикалық материалдан жасалған аяқ киім кимеу;
- кроссовкамен ұзақ уақыт жүрмеу;
- басқа адамның киімін кимеу.
Тері ауруларының белгілері қандай?
Тері аурулары денені оқыста соғып алу, тар киімнің не қысуы не қажауы, тырналу, сыдырып алу, кесіп кету, жарақаттану, жаралау жәнет т.б кезінде де пайда болады. Осыдан соң терінің сызаттанып, қанталауы мүмкін. Тері ауруларының мына белгілер арқылы білуге болады:
- теріңіздің түсі өзгерсе;
- түрлі-түрлі дақтар шықса;
- әртүрлі бөртпелер шықса;
- әжім мен ісік пайда болса;
- теріңізде жарықшақ пайда болса;
- безеу, ұшық шықса;
- целлюлит (тері астындағы шелмайдың қабынуы) кезінде міндетті түрде дәрігерге көрінген жөн.