Перманентті макияж (ПМ) — ұзақ уақытқа жететін макияж. Яғни, қас, қабақ, ерін, кейде тіпті бетті арнайы пигментті бояулармен бояп қою. Ол ұзақ уақыт сақталады әрі жуынғанда кетпейді.
Біз бүгін осы жайында қыз-келіншектерді толғандырған сауалдарға жауап беруге тырыстық. Ол үшін ПМ шеберімен, дерматологпен тілдесіп, дінде бұл туралы не айтылғанын қарастырдық.
Перманентті макияж (ПМ) 1980 жылдары Тайван жане Еуропа елдерінен шыққан.
— Перманентті макияж бен татуаждың айырмашылығы қандай?
— Көптеген қыз-келіншектер перманентті макияж бен татуаждың айырмашылығын сұрайды. Ол екеуінің арасы жер мен көктей. Бұрынғы татуажда татуировкаға арналған пигментті бояулар қолданылады, әрі теріге терең енгізіледі. Сол себепті де ұзақ жылдар бойы сақталады, бірақ уақыт өте келе түсін өзгерткендіктен, жасанды көрінеді. Ондай ескі татуаждарды тек арнайы лазер аппараттарының көмегімен ғана кетіруге болады.
Қазіргі шеберлер «Перманентный макияж в технике теневая растушевка» деген техниканы қолданады. Ол — соңғы шыққан техника. Онда пигмент терінің беткі қабатына ғана енгізіледі. Сондықтан бояу өз түсін сақтап қалады да, табиғи болып көрінеді. Ол теріде 6 айдан — 1,5 жылға дейін сақталады. Бұл терінің құрғақ немесе майлы болуына байланысты. Егер тері майлы болса, бояу ертерек өше бастайды. Сонымен бірге адамның жасына да тәуелді. Жас қыздарға қарағанда егде жастағы әйелдерде ұзақтау сақталады. Өйткені жас ағзада тері тез жаңарып отырғандықтан, пигмент тез өшеді.
Елімізде қыз-келіншектер өздерін жақсы күтеді. Сондықтан да әсемдік индустриясында алдыңғы қатарда деп ойлаймын. Сол үшін де сән мен сұлулық жаңалықтары бізге тез жетеді. Татуаждың осы техникасы бізге 2014-15 жылдары келді. Еліміздегі перманентті макияждың алғашқы шеберлерінің бірі — Жанар Тайжанова. Мен Жанардың алғашқы шәкіртімін. Онымен тоқтап қалмай, өткен 2017 жылдың тамыз айында Лондонға барып, тәжірибе алмасып, шеберлігімді шыңдап қайттым.
— ПМ қалай жасалады?
— Қазір перманентті макияжға қолданылатын пигменттердің түрі көп. Мен «Purebeau» пигментін қолданамын. Ол Германияда шығарылады. Дүние жүзінде сұранысқа ие бояу.
Перманентті татуаж жасар алдында арнайы анестетик кремдері қолданылады. Мысалы, егер қас жасатқыңыз келсе, 15-20 минутқа қасыңызға жағып қоямыз. Ол терінің сезгіштігін азайтады да, процедура кезінде ауырмайтын болады. Алғашқы процедурадан кейін 3-5 апта өткенде міндетті түрде шеберге қайта келіп, түзету жасау керек. Себебі, терінің беткі қабатына жасалғандықтан, пигмент ұстамай қалатын жерлері болады. Егер қас жасатсаңыз, ол жазылған кезде ені мен ұзындығы сәл жіңішкеруі мүмкін. Соларды түзету керек. «Теневая растушевка» бірнеше қабат болып жасалады. Сондықтан ұмытпай алғашқы түзетуді жасатыңыздар. Ал одан кейінгі түзетулер орташа алғанда 5-6 ай сайын жасалып тұрады.
Перманентті макияжды 15-75 жас аралығындағы барлық әйелдер жасата алады. Аяғы ауыр келіншектер босанған соң, үш айдан кейін жасатса болады. Бағасы қолжетімді. Мысалы, менде алғашқы процедура 20 мың теңге, түзетуі 10 мың теңге тұрады.
— ПМ шеберін қалай таңдаймыз?
— Перманентті макияж шеберін таңдау кезінде барлық жағдайды ескеру керек: істеген жұмыстарын қараңыз, қолданатын бояуларына көңіл бөліңіз. Егер бояу құрамында татуировкаға арналған пигмент болса, ол жасанды көрінеді. Ал жақсы бояумен жасалса, өз уақыты келгенде кетіп отырады.
Перманентті макияжды қандай жағдайда жасатуға болмайды? Осы сауалдың жауабын білу үшін дерматолог маманға хабарластық.
Айман Сансызбаева, дерматолог:
— Перманентті макияж жасатар алдында шеберден барлық құрылғыларын зарарсыздандыруды сұрау керек. Ол бояуды енгізетін бір реттік инесін көз алдыңызда ашуын қадағалаңыз. Себебі көптеген жұқпалы аурулар құралдардың жеткілікті зарарсыздандырылмауынан жұғуы мүмкін. Сондай-ақ, қандай да бір затқа аллергияңыз болса, бұл туралы шеберіңізге айтыңыз. Татуаж жасатар алдында қасыңызда, көзіңізде, ерніңізде жара болмауы керек. Қан диабетінің инсулинге тәуелді түрінде, тері ауруларында, ВИЧ немес СПИД-те, көз ауруларында жасауға болмайды. Перманентті макияждың кемшілігі — бояулы түріңізден жалығуыңыз мүмкін. Егер өшірткіңіз келсе, лазерлі құрылғылар пайдаланылады. Ол дұрыс жасалмаса, жарақат алу қаупі бар екенін ескеру керек. Сол себепті ПМ жасатар алдында барлық артықшылық-кемшіліктерін ойлап, «жеті рет өлшеп, бір рет кесуге» кеңес беремін.
Перманентті макияжға дініміз не дейді? Бұл туралы «Жастар үні» журналына берген сұхбатында діни сарапшы Абдусамат Қасым былай деген екен:
«Татуаж инесі бар белгілі құрал арқылы жасалады. Осы тұрғыдан қарағанда оны татуировкамен салыстыруға болады. Татуировка – шариғатта харам. Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) өзінің бір хадисінде: : «Алла тағала денеге сурет салғандарды да (уәшимәт), салғызғандарды да (мүстәушимәт) лағнет етті…»[1], – деген. Хадистегі «уәшм» сөзі дененің қайсы бір жерін иненің көмегімен тесіп, қан шықаннан кейін сүрмемен бояуды білдіреді[2].
Екіншіден, татуаж – адамның табиғи түр-әлпетін ұзақ мерзімге көрер-көзден жасыруын қамтамасыз етеді. Осы тұрғыдан да көзбояушылыққа жетелеп тұр. Жазбамыздың басында келтірілген хадисте Пайғамбарымыздың «…әсемдік үшін тістерінің арасын егелеп ашып, Алланың жаратқанын өзгерткен…» деген жері бар. Хадистің түсіндірмесіне қарағанда, ертеректе егде тартқан әйел өзін жас көрсету мақсатында алдыңғы тістерінің арасын егеулеп, ашқызатын болған. Осылайша, ол әйел өзін жас көрсеткені үшін әрі Алланың жаратқан табиғи жаратылысын еш себепсіз өзгерткені үшін лағынетке дұшар болуда.
Ескерте кететін жәйіт: татуаж бен әдеттегі (өзінің еріне, яғни күйеуіне әдемі көріну мақсатында) қолданылатын косметиканы бірдей көрмеу керек. Жағылған косметиканың уақыты тым қысқа. Әрі ондағы бояу терісінің арасына емес, құр беткі жағына жағылады. Сондықтан да, екеуінің үкімі екі түрлі. Ең дұрысы – Аллаға аян!»
Татуаждың бұл түріне деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Бүгінде Instagram желісінен #перманенттітатуаж жеген хэштегпен жүздеген ПМ шеберінің парақшасын табасыз. Олардың бәрі бірдей сапалы қызмет көрсетеді деп айту қиын. Дегенмен парақшаларындағы суреттерге қарап, қызығушылықтың қандай деңгейде екенін де бағамдауға болады.
[1] Сахих Муслим, «Китабул Либәс» – 3666.
[2] Имам ән-Нәуәуи: Сахих Мүслимге жазған шархы. №2125 хадистің түсіндірмесі.
Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.