Қазақстандық және ирандық компаниялар 1 млрд доллардың келісімін жасасты

Тегеранда ұйымдастырушы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі болып табылатын қазақстандық-ирандық іскерлік кеңестің отырысы өткізілді. Отырыс Қазақстанның президенті Н. Назарбаевтың Иран Ислам Республикасына сапары шеңберінде болып өтті.

Іскерлік кеңестің жұмысына Қазақстан мен Ираннан 200-ден астам компания қатысты.  Іс-шараның қорытындылары бойынша екі елдің бизнесмендері шамамен $1 млрд сомасына ынтымақтастық туралы 50 келісімге қол қойды. Оның ішінде $304 млн сомасына 9 құжатқа «Бәйтерек» холдингінің тобы мен оның әріптестері қол қойды.

Қол жеткізілген уағдаластықтардың ішінде – Иранға ауыл шаруашылығы мен машина жасаудың өнімін жеткізуге экспорттық келісімшарттар, химия және мұнай химиясы саласындағы жобаларды бірлесіп іске асыру және т.б.  бар.

«Өткен іскерлік кеңесте әуе бағыттары бойынша жеке мәселе көтерілген болатын. Барлық айтылған мәселелерді біз Қазақстан Үкіметіне жеткіздік. Көлік қатынасының проблемалары жақын арада шешіледі. «Эйр Астана» Қазақстан мен Иран арасында жаңа бағыттарды ашып жатыр. Бұл бізге сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретіні сөзсіз», — деп атап өтті «Бәйтерек» холдингісінің басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев.

Аталып өткендей, инвестициялардың көлемі бойынша ең ірі келісімдердің бірі – «Бәйтерек» холдингінің еншілес құрылымы «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ мен ирандық «Каве Индастри Групп» компаниясы арасындағы құны 200 млн доллар  Қызылорда облысында кальцийлендірілген сода өндіретін зауыт салу жөніндегі келісім.

Осы қазақстандық-ирандық жоба Қызылорда қаласындағы шыны зауытын салу жобасының жалғасы болады деп күтілуде. Жақын арада тараптар кальцийлендірілген сода өндіретін зауыттың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге кіріседі.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімінің импорты мен экспорты саласында да келісімдердің ауқымды топтамасына қол қойылды. Атап айтқанда, «Бәйтерек» холдингінің бірқатар қазақстандық әріптес-компаниялары ет және дәнді дақылдар өнімінің экспорттық жеткізілімдері туралы уағдаласты. «Контитент трейдинг» компаниясы Иранға 30 млн долларға  ет пен тоңазытылған жартылай фабрикаттарды экспортқа шығарады.

Қазақстандық «Alageum electric» компаниясы Иранға трансформаторлар мен трансформатор майын жеткізуге ирандық  «Niroo Nransfo Co.» компаниясымен келісім жасасты.

Қ. Бишімбаевтың айтуынша, қазақстандық компаниялар теміржол қатынасын дамыту саласына да үлкен қызығушылық білдірді. Осы салада «Исткомтранс» ЖШС компаниясы ирандық Railway transportation S.A. әріптесімен 25 млн доллар сомасына теміржол жүк тасымалдарын ұйымдастыру туралы уағдаластықтарға қол жеткізе алды.

Іскерлік кеңестің барысында 70 млн доллар сомасына кейіннен көмірсутектердің технологиялық және коммерциялық есеп алудың жүйелерін жеткізу мақсатында Иранның аумағында бірлескен кәсіпорынды құру бойынша қазақстандық «Топан» ЖШС мен ирандық «Электро Кавир» компаниясы арасында келісімге қол қойылды.

Бұдан басқа, Алматы облысында қуаты 50 мВт күн электр стансасын салу бойынша жобаның құрылысын салу мен оны іске асыру туралы келісім жасалды.