5 күндік оқу жүйесін көпшілік қолдап отыр. Бірақ жазғы демалыстың қысқартылуына қарсы. Ата-аналардың ойынша, қалыптасқан дәстүрді бұзу бірінші кезекте балалардың денсаулығына әсер етеді.
«Елбасы өз сөзінде мектеп бағдарламасын жүйелеу туралы айтты. Бірақ ол қажетсіз пәндерді қысқартып, 5 күндік оқуға көшу керек деген болатын. Оқушылардың демалысы қысқарса, депутаттардың да каникулы азаюы керек. Қаладағы барлық мемлекеттік мекемелер жазда жұмыс істейді ғой. Олар да еңбектенсін», — дейді Төлеген Төрегелдин есімді тұрғын.
Ата-аналардың ғаламторда қол жинап, жатқанынан салаға жауапты мемлекеттік органдардың басшылары хабардар. Қарағанды облыстық білім басқармасының жетекшісі Асхат Аймағамбетов жаңа өзгерісті былайша түсіндіреді.
«Пәндерді интеграциялаған кезде оқушыларға түсетін салмақ азаяды. Бұл 5 күндік оқу аптасына көшуді жеңілдетеді. Биыл 1-ші сыныптардың жаңа жүйеге көшуіне байланысты оқу жылы 10 күнге ұзарады. Оларда қосымша 33 демалыс күні болады. Әр оқу аптасына. Және күзгі, қысқы, көктемгі демалысы тағы бар. Олар қысқармайды», — дейді Қарағанды облыстық білім басқармасының бастығы Асхат Аймағамбетов.
Теріскейлік ұстаздар болса, білім саласындағы тың өзгерістерге балалар тез үйренеді, деп санайды. Олар жаңа бағдарламаның қыр-сырын меңгеру үшін арнайы курстарға қатысып жүр. Айтуларынша, оқушылар ұшан-теңіз мағлұмат қабылдайды. Сәйкесінше, демалысқа да көңіл бөлінуі керек. 5 күндік білім жүйесі балалардың оқуға деген ынтасын оятады. Ал маусымға дейін созылатын сабақтарға олар жеңіл дағдыланады.
«Біз 25 мамырға дейін оқуға үйрендік. Маусымның біріне дейін оқуға да үйренеміз. Ар жағында бірнеше күн ғана қосылады. Кей ата-аналар жазғы уақытта өз балаларын демалыс лагерлеріне жібере алмайды. Көбі жұмыста болғаннан кейін балалары қараусыз қалады. Сондықтан да олардың мектепте қалғаны дұрыс», — деді бастауыш сынып мұғалімі Ботагөз Айтжанова.
Ақтөбелік ұстаздар оқушылардың денсаулығына алаңдаулы. Ауа-райы қолайсыз аймақта қыста 40 градустық сықырлаған аяз болады, ал маусым айындағы қапырық ыстық бала түгілі, ересектердің өзіне оңай тимейді.
«Шетелдерде мүмкін тиімді болар. Себебі оның климаты өзге, жағдайлары басқа. Біздің енді әлі де зерттеушілер зерттейтін шығар, біздің климат қанша дегенмен ыстық. Мамыр айының өзінде оқушыны ұстап отыру қиындау», — дейді Ақтөбе қалалық №9 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мұғалімі Олег Свет.
«Балаларды маусым айында оқыту деген мүлдем дұрыс емес деп ойлаймын ата-ана ретінде. Өйткені қыркүйектің өзінде қазір барып жатқан оқушы балаларым бар, ыстықтап, шаршап солай. Өйткені әр сыныпта кондиционер болмайды ғой», — дейді ата-ана Гүлжазира Қаратаева.
Білім алу үрдісіне жыл мезгілінің ешқандай әсері жоқ деген психолог мамандар оқу жылының ұзаруы қиындық туғызбауы тиіс деген көзқараста.
«Егер жаз мезгіліне белгілі бір жоспарлар болса, ауылға, ата-әжелеріне барып дегендей, бұл мәселелерді жеке-жеке қарастырып, шешуге болады. Үлгермей қалған сабақты артынан емтихан ретінде тапсырып. Бірақ бұл жаппай орын алады деп ойламаймын. Қиындық туғызбауы тиіс», — дейді психолог Александр Колесников.
Қазіргі таңда қазақстандық оқушылар аптасына 6 күн білім алады. Бірақ келесі оқу жылынан бастап 1 сынып оқушылары 5 күндік жүйеге көшеді. 2017 жылы олардың қатарына 2-ші, 5-ші, 7-ші және 9-шы сынып оқушылары қосылады. 2018 жылдан бастап жаңа жүйеге барлық мектептерді көшіру жоспарланған. Бірақ жазғы демалыс уақытын азайту туралы шешім нақты қабылданған жоқ. Соңғы сөз үкімет тарапынан болмақ.