Сәкен-Майғазиев
Бақыт Жағыпарұлы, Сәкен Майғазиев, Ардақ Назаров ©Айбол Тұрсынғожин

Жастарға сенесіз бе?

Ислам шариғатында «Егер осы отығандарыңның біреуі жұмаққа барады»,- десе, «Сол мен-ау»,-деп үміттен; Егер осы отырғандарыңның біреуі тозаққа барады»,- десе, «Мен шығар»,-деп қорқыңдар» дейді. Сол сияқты қазіргі уақыт — жаһанданудың аумалы-төкпелі заманы. Мағжан атамыз:

«Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты

Мен жастарға сенемін!»-деп айтады ғой. Жаңағы үміт пен қорқыныш қатар жүретіні сияқты жастарға сенеміз, бірақ қорқыныш та жоқ емес. Қазіргі уақытта өзгенің қаңғысығын таңсық қылып жүргендер көп. Бұлай деп айтсақ, жаттанды сөз сияқты көрінеді. Бірақ сол сөздің байыбына бара бермейміз. Қазір қыз сияқты боянып алып, айнаға қарап, көзін бояп, құлағына сырға тағып отырған жігіт ертең отбасын, анасын, қарындасын, қызын, тіпті өзін қорғай алмайды. Сол себепті кей кезде болашағымыз бұлыңғыр сияқты көрініп кетеді. Бірақ рухани байлыққа жаны құмар, көздерінде оты бар жастарды көргенде қуанамын.

Трайбализмге жол жоқ

Көптеген адамдар біздің бабаларымыз ұстанған Ислам дінін теріске шығарғысы келеді. Неге? Мысалы, Сәкен деген телефон шығыпты десе, ешкім оған қызықпайды. Себебі iPhone мен Samsung бар. Екеуі бәсекелес. Екеуінің біреуі нарықтан кетпей, не екеуінің біреуінен кемшілік шықпай, басқа телефондарға деген сұраныс артпайды. Сол сияқты Ислам дінін де бір-біріне айдап салу арқылы, теріс ағымдар пайда болып жатыр.

Қателеспесем, орыстардың мықты реформаторы Михаил Сперанский ғой деймін, Александр біріншіге барып, қазақ деген дана халықтың, ат үстінде арпалысып жүретін жауынгер халықтың, текті, исламға берік, үлкенін құрмейттейтін, кішіге ізет танытатын, отанын сүйетін ел бар екенін айтады. «Олар жоңғар, қалмақ былай тұрсын, Қытай мен Ресейге төтеп беретін ержүрек халық»,- десе, Александр І: «Ол халықты қалай құртамыз?» — деген екен. Сонда Сперанский: «Сол қазақ даласында сексеуіл деген өсімдік өседі. Оны аралап та, балталап та ешқашан бөле алмайсың. Тек бір-біріне ұрып, соғу арқылы ғана сындыруға болады. Қазақтарды да сол сияқты бір-біріне айдап салу арқылы майдалап бөлуге болады»,- деген екен. Бұнымен не айтқым келіп отыр? Қазір трайбализм деген бәле болды. Жастардың арасында руға, жерге бөліну қатты. Осыны қою керек. Бірлігіміз мықты болсын!

Ата-ананы қадірлеу керек

Бала кезімде спортқа бейім болдым. Қоғамдық жұмыстарға белсене араластым. «Жұлдыз ауруына» 9-10-сыныптарда шалдықтым. Себебі сол кездерде тойға шақырту жиі түсетін. Сенбі-жексенбі күндері екі ұстазыммен көрші ауылдарға тойға баратынбыз. Онда қазіргідей фонограмма жоқ. Шынайы аспаптарда ойнайтынбыз. Ұстаздарымның біреуі бас гитарада, екіншісі ритм-гитарада, мен барабанда ойнап, бүкіл ауылды жаратынбыз (күліп). Сұхбаттарымда «Той бизнесті бала кезімнен бастап кеткенмін»,- деп әзілдеп айтып жүремін.

6-сынып оқып жүргенде, менің ең алғашқы табысыма үйге түрлі-түсті теледидар алдық. Әкем бухгалтер болып жұмыс істеді. Ол кісі айына 70 сом алатын. Ал мен аптасына 50 сом табатынмын. Алланың беріп жатқан ризығы ғой. Мен тойға кеткен сайын қай уақытта келсем де, әкем мен анам дөңбекшіп ұйықтай алмай жатады. Қазір анам бар. Ол кісіге күніне бір рет қоңырау шалып қоймасам, жүрегім тыншымайды.

Ата-ананың разылығын алуға асығайық. Сүйгендерімізге күніне 5-6 рет қоңырау шалып, SMS жазып жатамыз. Аналарымызға келгенде ақсап қаламыз. Оған жол бермейік. Міндетті түрде хабарласып тұрыңыздар.

Әкем кассир, бухгалтер болды. Ештеңеден тарықпай өссем де, дүниеге құмартқан емеспін. Бірақ қиындықтың көкесін студенттік шақта көрдік. Еншімізді алып, ауылдан кеткен соң, ешкімге ауыртпалық салғым келмеді. Жұбайым екеуіміз үйленген соң, пәтерден-пәтерге, жатақханадан-жатақханаға көшіп жүрдік. Қысты туфлимен өткізген, жалаңбас жүрген кездер болды. Дүкенде нан да саттық.

Өнер жолы — ауыр жол

Өнер адамдарын сахнаға шығып, «жылтырап» ән айтқанына қарап, көбі еш уайым-қайғысы, қиындығы жоқ деп ойлайды. Бірақ оңай келетін дүние болмайды. Қай саланың да қиындығы бар. Екі тәулік ұйықтамай ән жаздырып, жұмыс істеген кездеріміз болды. Еңбектенбесең, ештеңеге қол жеткізе алмайсың. Армандау бөлек, мақсат қою бөлек. «Алма, піс, аузыма түс»,- деп жата беруге болмайды.

«Өнер жолы — ауыр жол». Оны әкемнің інісі өмірден өткенде білдім. Суыт хабарды Көкшетауда әнсапарда жүргенде естідім. Қыс мезгілі болатын. Баруға қанша талпынсам да, анам мен жеңгем келмей-ақ қоюымды өтініп сұрады. Себебі ауа райы нашар еді, ұшақ рейстері кешігіп жатқан кез. Солайша жете алмадым. Бірақ халықтың еш кінәсі жоқ. Билеттерін алып қойған. Ішіңде алай-дүлей болып жатса да, сырт көзге білдіртпей, күліп ән айту керексің. Өнер адамдарында, әсіресе театр әртістерінде бұндай жағдай көп болады. Тіпті анасынан айырылып жатып, комедияда ойнаған актерлерді білемін.

Бейбіт елде өмір сүретінімізге шүкірлік етейік

2014 жылы әл-Ақса мешітіне бардым. Ислам әлемінде үш қасиетті мекен болса, біріншісі — Мекке, екіншісі — Мәдина, үшіншісі — пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) миғражға көтерілген жері — әл-Ақса. Ол Украинда майдан, Израильде соғыс болып жатқан кез. Иерусалимнен 100 шақырым жерде бомба жарылып, дауысы естіліп тұрды. Әуежайда ұшақтар құлап жатты. Израиль әскері мұсылмандарға қару кезеніп, жастардың жігерін құм қылып жатқан кезі. Әл-Ақса мешітіне тек 50 жастан асқандарды және әйелдерді ғана кіргізіп, біз сияқты жастарға қару кезеніп жібермеді. Соңғы сөзімізді айтып қалайық деп, кәлиманы қайталап тұрдық. Басқа жігіттер кіргізбей қойғанына шамдана бастап еді, қосымша әскер шақырды. Соңында жанымдағы адамның тіл білуінен, әрі БҰҰ мүшесі болуынан әйтеуір ішке кірдік… Елімізге аман-есен оралып, Таугүл мешітіне айт намазына бардық. Сол күні таңға жуық жауған ақ жауын, шөптегі әппақ шықтар, сайраған құстың дауысы… Шексіз шүкірлік еттім! Бейбіт елде өмір сүріп жатырмыз. Өзіміз ат төбеліндей аз қазақпыз. Бір-бірімізді қадірлесек екен.

Біреуді қаралап, биліктегілерді жамандап жатамыз. Әрине, бізде бәрі керемет деп айта алмаймыз. Бірақ кейде қатты қорқып кетемін. Елбасымыз қартайған сайын уайымдаймын. Орнына кім келеді? Қазақша екі ауыз сөздің басын қосып сөйлей алмайтын, дәстүрін білмейтін бір дүбәра адам келе ме деп қорқамын. Алла тағала кез келген елге халқының пейіліне қарай патша береді. Сол себепті пейіліміз кеңейе берсін.

Әлеуметтік желі пышақ сияқты

Әлеуметтік желі пышақ сияқты. Пышақпен қылмыс жасауға да, нан турап, ас үйдің игілігіне пайдалануға да болады. Мен игілігіме пайдаланғым келетіндердің қатарынанмын. Әлеуметтік желі болса да, сауатты жазайық. Қаратпа сөзден кейін үтір қойылатынын, сингармонизм заңдарын ескерейік. Қазір жастар «Бірдеңе ғо» деп жаза салады. «Ғо» дегенді Абайдың кітабынан көрдіңіз бе? Түсінемін, батыстың диалектісі. Бізде, Шымкентте де «Өлә» деген сөз бар. Бірақ мейлінше ол сөздерден алшақ болайық. Таза сөйлейік, сауатты жазайық. Сонымен бірге «Бро», «Брат» дегенді де қою керек. Оның орнына «Бауырым», «Досым», «Ағам» деп айтсақ тіліміз қисайып қалмайды ғой.

Қазақша сөйлейік. Биыл елімізде өткен ЭКСПО көрмесіне бардым. Көрмені таныстырып жүретін қаракөз қыздарымыз Жапониядан келген қонақтарға орысша жауап берді. Сонда жапондар: «Бізге қазақша сөйлеңіз»,-деп қарап тұр. Біздің қазақ қызға. Олар ЭКСПО-ның Қазақстанда өтеді дегенін естіген бойда қазақша үйренген екен. Ал арамызда қазақша білмейтін қазақтар ұялмай жерімізді басып, ауамызды жұтып жүр. Тілімізді құрметтейік!

Біз көше аттарын әл күнге дейін «Жандосова мен Абая», «РысқҰлова» деп айтып жүрміз. Бұл дұрыс емес. Баршаңыздан, ең болмағанда, көшелерді қазақша атауды сұраймын. Жандосова емес — Ораз Жандосов көшесі, Абая емес — Абай Құнанбайұлы көшесі, Сейфуллина емес — Сәкен Сейфуллин көшесі екенін бәріміз біліп жүрейік. Бір адам он адамға айтса, он адам жүз адамға жеткізеді. Сол себепті қазақтың майталмандарының, қазақ үшін жанын пида еткен аталарымыздың әруағы разы болсын десек, барлығын өзінің атымен атайық. Ер-азаматтарымызды қызға теңемейік!

Кітапты өртегеннен де ауыр қылмыс бар…

Мен кітаптан аттап өтпейтін адаммын. Қайда жүрсем де кітап сатып аламын. Үйдегі сөрелер кітапқа толып тұр. Кейбірін оқып үлгермей жатырмын. Кейде соларды сән үшін жинағандай ыңғайсызданамын. Бір ағамыз: «Кітапты өртегеннен де ауыр қылмыс бар. Ол — оқымау»,- деген екен. Кітапты көп оқуға шақырамын. Қазір өзім Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» деген кітабын оқып жатырмын.

Біздің санамыздың таяздығы осында…

Өткенде Бексұлтан Нұржекеев әкемізбен аурухананың ауласында кездесіп қалдым. Көрген бетте жүгіріп барып, амандасып, қалын біліп жатсам, отбасы: «Жастар да Бексұлтан Нұржекеевті таниды екен ғой»,- деп қарап қалыпты. Суретке түсіп, әлеуметтік желіге салдым. Қанша адам пікір қалдырды деп ойлайсыз? Жеті-ақ адам! Оның үшеуі — жарнама. Ойлаңызшы, біздің санамыздың таяздығы осында. Ал бір шашы сары қызбен суретке түсіп, салып едім, бес жүз адам пікір жазып, ана қызды «өртеп» жібере жаздады. Біздің өреміздің төмендеп кеткені соншалықты, қажетті нәрсеге белсенділік танытпаймыз. Оның орнына шашы қызыл, сырға таққан жігіттерді немесе жол апатына ұшарағандар туралы ақпараттарды қызыға оқимыз. «Ойбай, біреу сүрініпті» десе, соған күлуге даяр тұрамыз. Халыққа салиқалы бірдеңе жазсаң, ұнамай қаласың.

Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, күйдіргі топтар шығып жүр. Қыз ба, еркек пе, ажырата алмайсың. Сол топтың жанкүйерлері — бесіктен белі шықпаған қыздар. Топ туралы бірдеңе десең, әлгі қаршадай-қаршадай қыздар сізді жерден алып, жерге салады. Белсенділік деген осындай болуы керек. Бұрын «Сені теледидардан көріп тұрамыз»,- дейтін адамдар қазір: «Сені инстаграмнан көріп тұрамыз. Біреу былай деп пікір қалдырыпты ғой»,-деп қарап отырады. Өткенде бір танысым: «Пушкин мен Құрманғазыға қатысты мықты айтыпсыз. Бірақ адамдар сұмдық пікір қалдырып жатыр екен, иә?»- дейді. Күйіп кеттім. Сол постымды оқыған-оқымағанын сұрасам, оқыпты. «Онда неге пікір қалдырмадың? Сонда сенің қазақтың ұлыларына тіл тигізіп жатқанына жаның ашымады ма?»,-дедім… Көрдіңіз бе? Бәріне жүрдім-бардым қараймыз. «Ой, боянса не болыпты?», «Онда тұрған не бар, жүре берсінші»,- дейміз. Олай болмайды. Жауапкершілік, құндылықтарды қорғауға деген белсенділік керек. Сондай белсенді азаматтарымыз аман болсын!

2 пікір

  1. Оте дурыс жазылган,тусынген адамга,онерын орге оркендейдей берсын,алланын нуры жаусын !

  2. арине менде окыдым менде келисемин Сакен аганын созимен Онериниз орге жузсин

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!