Алматының Алмалы аудандық сотында ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләлге қатысты сот үкімі шығарылды.
«Сот Ерлан Біләлді ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі және 366-бабы бойынша айыпты деп танып, 52 500 000 теңге көлемінде айыппұл салу туралы үкім шығарады», — деп оқыды үкімді судья.
Сондай-ақ, сот Біләлді мемлекеттік қызметтерге орналасу құқығынан өмір бойына айырды. Мұнымен қатар, судья сотталушының «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағынан айыру туралы ұсыныс жолданатынын мәлімдеді.
Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі және 366-бабының 2-бөлігі «Пара алуға оқталу» бойынша айып тағылды. Сотқа дейінгі тергеу органының мәліметі бойынша, Біләл «Сезам» қоғамдық қайырымдылық шығармашылық қорының президенті Қайрат Баяновтан Әуезов театрының қабырғасында жаңажылдық қойылымдар қою үшін 1,5 миллион теңге пара алмақ болған.
Сотта судья Қуаныш Әріпов төрелік етті. Мұның алдында Ерлан Біләл қылмысын мойындаған болатын.
«Сыйақы туралы келістік, сосын 2 қаңтарда кездесіп, ол маған 600 мың теңге берді. Екінші рет 4 қаңтарда 900 мың теңге берді де, мен сол күні ұсталдым. Кінәмді толық мойындаймын, өкініш білдіремін. Басында Баянов маған өзі ұсынған. Бізде жылда шыршалар, қойылымдар өтеді. Өзі келді. Қазақша айтқанда ризалығын білдіру үшін. Басында соманы да өзі айтқан болатын. 600 мыңды қайда жаратқаным есімде жоқ, қарыздарымды қайтарып жүргенмін. Ешкім қысым жасаған жоқ, кінәмді өзім мойындадым», — деген еді Ерлан Біләл сот отырысы кезінде.
Айта кетейік, Ерлан Біләлдің адвокаты істің БАҚ өкілдерінің қатысуынсыз өтуін сұраған еді. Судья тараптар пікірін тыңдап, аудиожазбаға, суретке және видеоға түсіруге тыйым салды.
Мұның алдында сот Ерлан Біләлді кепілмен босатқан еді. Ол 1 миллион 205 мың теңге көлемінде кепіл сомасын берді.
Еске салайық, 5 қаңтарда ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер, М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры басшысы Ерлан Біләлов 1,5 миллион теңге парамен ұсталғаны хабарланған болатын. Кінәсін толық мойындауына байланысты Ерлан Біләлов қамауға лалынбады.
Осыдан кейін 9 қаңтарда Әуезов театры директоры міндетін атқарушы тағайындалған. Ал 17 қаңтарда Ерлан Біләлдің ісі сотқа түскен еді.