Қысқы Олимпиада ойындарына қандай қауіп төніп тұр?

Экологиялық, қаржылық және әлеуметтік факторлар алдағы уақытта қысқы ойындарға кедергі келтіруі мүмкін. Сонымен, Қысқы Олимпиада ойындары неден қауіптенеді? Назарларыңызға 8 негізгі себепті ұсынамыз.

1. Әлемде күн сайын қар мен мұздың көлемі азайып барады

NASA агенттігінің мәліметінше, 2017 жылы 1880 жылдан бергі ғаламдағы ең жылы үшінші қыс болды. Ғалымдар ғаламдық жылыну ұзақ уақыт жүретін үрдіс екенін ескертеді. Жер шары индустрия дәуірі басталғаннан бері 1 Цельсий градусқа жылынды. Ал таулы аймақтарда көрсеткіш бұдан да жоғары болған. Мысалы, Альпі тауларында орта есеппен 2 градусқа дейін жылыну процесі байқалған. Еуропалық геологиялық ғылымдар одағының айтуынша, 2099 жылы аталған аймақтағы қар жамылғысы 30 пайызға қысқару мүмкін.

©deirdrerynne.com

Канададағы Ватерлоо университетінің ғалымдары Қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге қауқарлы елдердің тізімін жасады. Зерттеу нәтижесі де қысқы ойын түрлерінің болашағы жарқын емес екенін аңғартады. 2050 жылы Қысқы Олимпиада өткізуге қолайлы деп табылған 21 қаланың тек 13-де ғана жарыс өткізуге ыңғайлы ауа райы болады. Ал 2080 жылы бұл қалалардың саны 8-ге дейін қысқармақ.

«2124 жылы Қысқы Олимпиада ойындарының 200 жылдық мерейтойын атап өту үлкен мәселе туғызады», — дейді ғалымдар.

2015 жылы бекітілген Париж климаттық келісіміне сәйкес әрекет еткен жағдайда да, жоғарыда аталған болжамдардың алдын алу қиын болып отыр.

2. Тау шаңғысы курорттары жетіспейді

Климаттың өзгеруі бірнеше тау шаңғысы курорттарының қирауына әкеп соқты. АҚШ-та 1950 жылдан бастап қардың болмауы себебінен 600-ден астам шаңғы тебетін аймақ жабылып қалған. Ресми статискаға сүйенсек, көп аймақтарға шаңғы тебу уақыты небәрі бір аптаға ғана созылған. Оңтүстік Кореядағы қысқы ойындар қарсаңында шетелдік БАҚ Олимпиада қалашығынан 100 шақырым жердегі қараусыз қалған Косон курортының суреттерін жариялаған болатын.

©thetelegraph.uk

Бұл курорт 2006 жылы жабылғаннан бері тау шаңғысы спортымен айналысатын оңтүстіккореялықтардың саны күрт азайып кеткен. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының болжамынша, тау шаңғысымен айналысатындардың 44 пайызы баратын 2007 жылы Альпіде ашылған тау шаңғысы курорты да алдағы уақытта климаттық дағдарысқа ұшырайды. Егер ғаламдық жылынудың әсерінен температура 2 Цельсий градусқа көтерілсе, 666 курорттың 40 пайыздан астамы жабылып қалады.

3. Қысқы Олимпиаданы өткізуге көп қалалар дайын емес

2022 жылы Бейжің Қысқы және Жазғы Олимпиада ойындарын қатар өткізген қала ретінде екінші болып тарихқа енбек. Бұл қала 2008 жылы Жазғы Олимпиаданы өткізу үшін көптеген қалалармен бәсекеге түскенімен, 2022 жылғы Қысқы Олимпиаданы өткізу мәртебесін жеңіп алу қытайлықтарға оңайға соқты. Іріктеуге алты қала тіркелгенімен, Осло, Краков, Львов пен Стокгольм сияқты төрт қала комиссия шешімін күтпей-ақ іріктеуден шығып кетті. Оған себеп — жергілікті тұрғындардың мемлекеттік қазынаны Қысқы Олимпиаданы ұйымдастыру шығынына жұмсауға қарсылық білдіруі.

Нәтижесінде Бейжің мен Алматы сынға түсіп, Қытайдың астанасы төрт дауыс басымдықпен Қысқы Олимпиада ұйымдастыру мәртебесін жеңіп алды. (Алматы 40, Бейжің 44 дауыс жинаған болатын).

Халықаралық Олимпиада комитеті 2026 жылы Қысқы Олимпиада өткізетін қалаларды тендерге тарту үшін оларға миллиард долларға жуық қаражат ұсынып отыр.

4. Қысқы Олимпиаданы ұйымдастыру қымбаттап барады

Оңтүстік Кореяда өтетін Қысқы Олимпиаданың шығыны 13 миллиард долларды құрап, 2010 жылы Ванкуверде өткен ойындардың шығынын екі орап алайын деп тұр. Ал 2014 жылы Ресейдің Сочи қаласында өткен қысқы ойындар жарысына 50 миллиард долларға жуық қаражат жұмсалған.

©america.aljazeera.com

Олимпиада өткізуге өтініш беретін елдер де негізі өздерінің экономикалық табысын ойлайды. Олимпиада өткізу — ел қазынасына бірнеше миллиард қаражат құю және халықты жаңа жұмыс орындарымен қамту мүмкіндігі. Алайда, сарапшылардың айтуынша, ұйымдастырушы мемлекет бұл ойындардан ешқандай табыс таба алмай отыр.

«Олимпиада өткізетін мемлекет туристердің тарапынан пайда табамыз деп есептейді. Бірақ, 2012 және 2008 жылдары Лондон мен Бейжіңде өткен олимпиада кезінде тамақтану мен тұрғын үйдің бағасы көтерілгенін естіген туристердің саны жоспарлағаннан әлдеқайда аз болған», — дейді америкалық экономист, «Циркус Максимус» кітабының авторы Эндрю Цимбалист.

5. Қысқы спорт түрлерімен айналысушылар саны азаюда

Халықаралық қар және тау туризмінің соңғы баяндамасында соңғы 6 жылда тау шаңғысы курорттарына барушылардың саны 10 пайызға төмендегені айтылған. Бұл үрдіс қысқы спорттың дәстүрлі орталығы саналатын АҚШ, Канада, Швейцария, Италия мен Жапонияда да байқалған.

Қысқы спорт түрлері жақсы дамыған дейтін АҚШ-тың өзінде 2011 жылдан бері спорт сүйер қауымның қатары сиреп барады. Ал Қытай елінде керісінше, бұл аралықта қысқы спорт түрлеріне деген сұраныс арта түскен.

Спорт
©america.aljazeera.com

6. Жазғы Олимпиада тиімдірек

Халықаралық Олимпиада комитеті қысқы және жазғы олимпиада ойындарынан тікелей трансляция жасау келіссөздерін жүргізетіні белгілі. Әрине, қыс мезгілінде журналистерді жайлы әрі жылы орынмен қамтамасыз ету қиынырақ. Ал жазғы олимпиаданы өткізі экономика жағынан да, климат жағынан да анағұрлым тиімді. Мысалы, 2011 жылы америкалық NBC телекомпаниясы Токио-2020 олимпиадасына дейінгі барлық ойындардан трансляция жасау үшін 3,4 миллиард доллар төлеген.

7. Жазғы Олимпиаданың көрермені көбірек

Халықаралық Олимпиада комитетінің мәліметінше, Рио жазғы олимпиадасының кем дегенде бір минутын тамашалағандардың саны 3,5 миллиард адамды құрайды. Ал Лондондағы олимпиаданы 3,6 миллиард көрермен тамашалаған.

Қысқы Олимпиаданың көрсеткіштеріне, қатысатын мемлекеттер мен спортшылар санына қарап оның деңгейі Жазғы олимпиададан қарағанда төмен екенін байқауға болады. Салыстыру үшін: 2014 жылы Сочиде өткен олимпианы 2,1 миллиард, Ванкувердегі ойындарды 1,8 миллиард адам көрген.

8. Қысқы Олимпиада аса танымал емес

Норвегиялық биатлоншы Уле-Эйнар Бьерндален европа елдерінде емін-еркін жүре алады. Себебі, оны танымал спортшы ретінде бағалап, маза бермейтін жанкүйерлері көп емес. Уле-Эйнар Бьерндален — Қысқы Олимпиада ойындарындағы ең лауазымды спортшы. Ол Қысқы Олимпиадада 13 медаль алған, оның 8-і алтын.

Енді Жазғы Олимпиаданың жұлдызды спортшылары Усэйн Болт пен Рафаэль Надальды алып қараңыз. Олар көпшілік ортада да, телевизияда да, тіпті, әлемнің барлық тұрғындарына танымал.

Дереккөз: bbc.com