Адамдар мәселені шешерде, «ғаламдық» істермен айналысып кетеді. Негізі барлығы өзімізден басталуы керек екен. Одан кейін отбасымыз, жолдастарымыз қатарға қосылса, нәтиженің көрініс бергені.

Құран Кәрім 604 беттен тұрады. Оны хатым ету үшін екі ай уақыт арнайсыз, яғни күніге 10 беттен оқып отыруыңыз қажет. «Кітап сүйер қауым» жобасын бастағанға дейін, Құран оқуыма жәрдем беретін бір механизмнің керек екенін түсіндім. «Неге жалғыз?» деген сауал туындады. Сөйтіп, айналама достарымды топтастырдым. Осылайша, WhatsАpр-тан «Құран-чат» аштық.

Джош Кауфманның «Сам себе МВА» деген кітабы бар. Былай дейді: Егер барлығын күрделіден бастасаң, бұзып аласың. Сол үшін қарапайым жолды таңда. Оны ары қарай күрделендіру оңайырақ».

Құранды хатым еткеннен кейін, түрлі тақырыптағы кітаптарды оқуды жөн көрдік. Балалармен жарысып оқыған қызық қой. Басында сегіз аптада сегіз кітап оқыдық. Одан кейін кітап санын арттыра бердік. Қазір кітап оқу бастапқы кезбен салыстырғанда, әлдеқайда жеңіл. Жоба әлі де жалғасып келеді. Басталғанына бір жарым жыл болды.

Данияр Жігітбек
Данияр Жігітбек: «Мына суреттегі бастарда жалпы саны 300-ден аса кітап бар (жымияды). Барлығымыз жиналсақ, 626 кітап болар еді».

Белгілі бір уақыт белгілесек, нәтиже шығады деген ұйғарымға келдік. Сөйтіп, кітап оқу жобасын 8 апта уақыт шеңберіне енгіздік. «Бір аптада — бір кітап» деп көрдік, ол жалықтырып жібереді екен. Жобаға қатысушы бір уақытта бірнеше кітап оқуы мүмкін. Сол себептен «Сегіз аптада — сегіз кітап» деп алдық.

«Минимум алты, максимум сегіз кітап оқуыңыз керек. Сонда топтан шықпайсыз» деген тәрізді ережелер қойдық. Байқасақ, балалар сегіз кітаптан да артық оқып жатыр екен. Неліктен шектеу қоямыз? Кітап саны арта берсін, бірақ сегіз апта деген мерзім қалсын» деген шешімге келдік. Қызығушылығымыз арту үшін геймификациялар жасауға тырыстық. Алтыдан көп оқығандар «жоғары лигаға» өтті, одан аз оқығандар «төменгі лигада» қалды. Нәтижесінде екі айда 20 кітап оқыған балалар да болды.

Жобаны алты маусымға бөлдік. Топқа қосыларда, «ақша төлеу керек деген шарт қойдық. Жиналған сома қорға түсіп, жеңімпаздарға сыйлық үлестірілді. Ал ештеңе оқымағандар топтан шығып кетті. Сейфа есімді қатысушы 85 кітап оқып, бірінші орын, Азат 77 кітаппен екінші, ал Маркен есімді қатысушы 66 кітапты тауысып, үшінші орынды иеленді.

Қазір кітаптың санынан гөрі сапасына мән беруге көштік. Алаңдатып жүрген тақырыпқа, сауалға жауап беретін кітаптарды оқып, жарысып жатырмыз. Бір айда минимум екі кітап оқымалмаса, қатысушы топтан шығады. Қазір саны 20-дан артық «кітап сүйер қауым» бар.

Данияр Жігітбек
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Жеке өз басым 29 кітап оқып, 10-орын алдым. Жақсы көрсеткіш деп есептемесем де, бұл жарыс өзіме жақсы әсер етті. Оқығанымның көбі әдеби кітаптар еді. Нәтижесінде «1 жылда — 100 өлең» жобасын аяқтап, алғашқы жыр жинағымды шығардым. Бастысы, басқаларға пайдамның тигеніне қуанамын. Көп адам жылына бір кітап та оқымайды ғой. Кішкентай ғана идеядан қазір кітап сүйер орта қалыптасты.

Бір адам қандай да бір іспен тұрақты түрде айналысса, онда «ерік-жігер бұлшық еті» қалыптасады екен. Мысалы, күнделікті таңертең жүгіретін болса, оның тек жүгіруден ғана емес, басқа қырынан да жетістіктері пайда болады.

Кітап оқудың оңтайлы әдістері қандай?

  • «Қазір барлық істерімді бітіріп алайын, сосын кітап оқуға отырамын» дейміз. Олай болмайды екен. Кітапқа жете алмай қаласыз. Кезекте, жолда кептелісте тұрған кезде оқи беру керек. Бір беті болсын аяқталcын. Оқуды бастап кетіңіз. Бұл кетіп бара жатқан пойызға мініп үлгеру сияқты. Одан кейін өздігіңізден алға жылжисыз.
  • Адамдар кітапты әртүрлі мақсатта оқиды. Біреу дүниетанымын кеңейтуді қаласа, біреу тілдік қорын арттырмақ ниетте болады, енді бірі белгілі салада білімін толықтырғысы келеді. Ең өнімді кітап оқу тәсілі «сұраққа жауап табу» екен.
  • Жылдам оқу курсына қатыстым. Бастапқыда бір минутта 180 сөз оқитын едім. Курстан шыққандағы нәтижем 512 сөз болды. Бұл жоғары көрсеткіш емес, минутына 3000 сөз оқитын қатарластарым бар екен. Таңқаларлық, бірақ бұл да көп емес. Мұндай жылдамдықпен оқығаныңнан ештеңе түсінбейді деп ойлайтын боларсыздар. Бірақ жылдам оқу курстары тез оқып, тез түсінуді қатар үйретеді.
  • Оқыған кітаптарыңызды арнайы сөреге жинап, саласына қарай бөліп отырыңыз. Бір қатарға тек бизнес туралы, бір қатарда әдебиет т.б. Бұл қажет кезде, ақпаратты тез табуға көмектеседі.
  • Кітапты тез оқудың ең қарапайым техникасы — кітап сөздерін қарандаш не қаламмен жүргізіп отырыңыз. Бұл жылдамдықты 1,5 есеге дейін арттырады.
Данияр Жігітбек
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

«Шабыт — өзіңді қинаудан кейін келетін этап»

2016 жылы жұмысымнан кеттім. «Қандай қабілеттерім бар?» деп ойлана бастадым. Өлең жаза алатыным еске түсті. Осы қырымнан дамиын деген мақсатпен, «30 күнде — 30 өлең» деген жобаны бастап кеттім. Халықтың алдында сөз беру — үлкен жауапкершілік. Егер өзгергісі келіп жүрген адамдар болса, халық алдында сөз берсе, ол ісі қолынан келетінін айтар едім.

30  өлең жазылғаннан кейін, тағы бір ой келді. Бір жылда 365 күн болса, әр үш жарым күн сайын шығарсам, 100 өлең жаза алады екем. Желіге осы шешімім жайлы жариялап жібердім. Енді кері шегінуге жол жоқ.

Шабыт адамды өзін қинаудан кейінгі этапта тұрады екен. «1 жылда — 100 өлең» деген идея жеке басыма жақсы әсер етті. Бұл да ерік-жігердің мәселесі ғой. Енді бір істі қолға алсам, «мына істі жасай алған едім, демек бұл да қолымнан келеді» деген позитивті ой келеді.

Техникалық дәуірде өмір сүрсек те, адамдар әлі де поэзияға қызығады. Қазір өлең жазып жүрмін. Видео нұсқаларын желіге саламын, оқырмандар «әсер етті, ой салады екен» деп баға беріп жатады. 100 адам оқыса да, сол адамдарға әсер етсем, басқаша көңіл күй сыйласам, пайдалы болар деген ой түйдім.

«А» нүктеңді анықта

Брайан Трейси, Киосаки тәрізді авторлар оқырманға тек «В» нүктесін түсіндіреді, яғни баратын жерінің қайда екенін айтады. «Сен мынаны істесең, мынадай боласың» деген тәрізді. Негізінде адамдар өзінің қай жерде екенін білмейді, яғни «А» нүктесін ескермейді. Сол тұрғыдан алғанда, адам өзін тануға жетелейтін, терең кітаптарды оқыған дұрыс.

Адам жалқау болмайды, оның тек нақты мақсаты, жан-тәнімен аңсаған арманы болмауы мүмкін. Полиглот Петров мынадай сұрақ қояды: «Тіл сізбен қандай ассосацияны тудырады?» Тіл үйренетін кезде, өзімді әлемдік деңгейдегі адамдармен пікір алмасып тұрған кезімді елестеттім. Сол образға ұмтылу үшін еңбек ете бастадым.

Қуаныш Шоңбайдың тренингтерін қарап шықтым. Ол кісі екі тілді үш айда меңгеріп алған екен. Қазақ-түрік колледжінде оқып жүргенде, ұлдармен тек ағылшынша, қыздармен тек түрікше сөйлескен екен. Үш айда ағылшынын 0-ден IELTS 6.0-ге жеткізген. Оның айтуынша, граммматикаға 10 курс жетеді, қалған уақытты тек кітап оқумен, сөйлесуге арнасаңыз екен. Басқаларға да осыны кеңес етемін.

«Өзің білме, білгеннің тілін алма»

«Энергияны басқаларға жұмсау» деген бар. Ол — басқалармен жарысу, оларды сөз қылу. Негізінде өз-өзіңмен жарысуың керек. Қарғыстың ең үлкені «өзің білме, білгеннің тілін алма» дейді. Біздің елде әлі де надандықтың сарқыншақтары бар сияқты. Жауапкершілікті өз мойнымызға алуды үйрене алмай келеміз. Әрдайым біреуді кінәлаймыз.

Данияр Жігітбек
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Біраз жыл бұрын экономикалық дағдарыс басталды. Сол кезде бір досым: «Тренингтер актуалды бола бастайды» деген еді. Қазір адамдардың көпшілігі жеке дамуды ойлайды. Оның құралы — кітап. 95-жылғылардан кейінгі ұрпақтың көзқарасы, пікірлері басқаша. Қазір ата-аналар да балаларына ерекше көңіл бөле бастады. Түрлі секцияларға қатыстырады. Балаларын түрлі қырынан дамытқысы келеді. Алдағы уақытта жоғарыда айтқан дерттер ретімен жоғалады деген үміттемін.

Оқуға кеңес берілген кітаптар

«Өміріңді өзгертуге 10-ақ кітап жеткілікті, ал сол 10 кітапты табу үшін 1000 кітап оқуың керек» деген сөз бар еді. Бұл тізімдегі кітаптар әсіресе 15-25 жас аралығындағы жастарға өте пайдалы болады деп ойлаймын.

1. «Я слышу вас насквозь», Марк Гоулстон
2. «Делай то, для чего рожден», Пот Тайгер
3. «Триллионер думает», Шамиль Аляутдинов
4. «Важные годы», Мэг Джей
5. «Привычки на $1 млн», Брайан Трейси
6. «Думай и богатей», Наполеон Хилл
7. «Святой, Серфингист и Директор», Робин Шарма
8. «Перезагрузка», Джим Лоэр
9. «Жизнь на полной мощности», Джим Лоэр
10. «Мастер игры», Роберт Грин
11. «Интроверты», Сьюзан Кейн
12. «Тасаввуф», Осман Нури Топбаш
13. «Имани гүл», Қайрат Жолдыбайұлы
14. «Мир души», Шамиль Аляутдинов
15. «Пластичность мозга», Норман Дойдж

«Отбасы психологиясы» тақырыбы бойынша:

1. «5 языков любви», Гери Чепмен
2. «Мужчины с Марса, женщины с Венеры», Джон Грей
3. «После 3-х уже поздно», Масару Ибука

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

10 пікір

  1. Китаптарды сатып алып, окисыз ба? Китапханадарда кор аз .

  2. Сіз үшін қуаныштымын. Талабыныз өрлеп, шабытыңыз шалқысын! Менің қызым 2 жылда 180 кітап оқыды. Жасы 17 де. Кітап оқуға құмарлығы 13 жасында басталды. 14 жасынан бастап өзі де жаза бастады. Жақында алғашқы романы жарық көрді.

  3. Осы сайтка калай тиркелем кенес береиндерши отиниш

  4. Кеңесіңізге үлкен рақмет. Алла жар болсын

  5. Жақсы ой салдыстар, рахмет. Одан əрі дамуларыңызға тілектеспін

  6. Өте керемет,шабытың шалқысын,ерік-жігеіңді қалыптастырып,өз замандастарыңа үлгі көрсете беруден жалықпағайсың.Болашақ ұрпағымыздың жігерлі азаматы болІ,балам.

  7. Жұмыстан қолы босамайтын адамдарға қандай кеңес бересіздер. Және барлығы неге бизнеске байланысты. Одан басқа ескі кітапттар туралы не айтасыдар. Осыған да бір мақала арнай аласыздар ма?

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!