Ата-аналарының «бір айға» деп салған ақшасын бір күнде жаратып тастап, жол бойы кафелер мен мейрамханаларды жағалап жүрген жастар. Сондағы іздегендері: даяшы, ыдыс жуушы, пол жуушы т.б сынды қара жұмыстар.
Деректерге сүйенсек, соңғы жылдары қазақстандық жоғары оқу орындарын бітірген түлектердің жартысына жуығы (49 пайызы) өз мамандықтарына сай жұмыс таба алмаса, олардың 30 пайызы алған дипломдарының қызметке орналасуға көмектеспейтіндігін айтқан.
Шындығында, студент атану – қиынның қиыны. Нарық заманында студент түгiлi, жұмыс iстеп, жалақы алып жүрген адамның өзi әрең күн көруде. Осыдан барып бiлiм аламын деп жоғары оқу орнына түскен студент, жан сақтап қалу үшiн сабақтан тыс уақыттарда жалданып жұмыс iстеуге мәжбүр. Түнiмен жұмыс атқарған студенттiң ұйқысы қанбастан әрең дегенде сабаққа барып, онда ұйқылы-ояу отырады. Содан үлгерiмi нашарлап, студенттiң оқуға деген ықыласы жоғала бастайды.
Қазақстанда студенттің стипендиясы — орташа есеппен 17 мың теңге.
Студенттерді сырттай бақылап отырып, аяп та кетесің. Бар тапқанын жеткізе алмай, әбігерге түсіп әлек. Осыған байланысты, олардың қандай кәсіп арқылы нан тауып жүргенін білу мақсатында пікірлерін тыңдаған едік. Ескерте кететін жайт, сұхбат алып, пікір білдірген студенттердің аты-жөнін өзгертіп беріп отырмыз.
Айдана, ҚазҰУ-дың студенті:
– Ата-анама салмақ түсіргім келмейді. Онсызда жыл сайын оқуыма ата-анам 650 мың теңге (2000 АҚШ долларына жуық қаражат – ред.) төлейді. Сол себепті, қосымша жұмыс істеуге мәжбүрмін. Қазір «Шығыс» мейрамханасында даяшы болып жұмыс істеп жүрмін. Күреп ақша тауып жатқан жоқпын. Күнделікті қажеттілігімді өтейтін 2000-3000 тг. Оның 500 теңгесі жолға кетіп қалады. Жұмыс уақыты кешкі 18.00-ден түнгі 1.00 сағат шамасында аяқталады. Әр түрлі мінезі бар клиенттердің қас-қабағына қарап, бастығыңның айтқанына көніп, айдағанына жүресің. Өзіңізде білесіз, Алматыда өмір сүру қиын. Жүріп- тұрғаныңның бәрі- ақша.
Данагүл, «Тұран» университетінің студенті:
– Егер грантта оқысам жұмыс істемейтін едім. Ақша жетпегендіктен, амалсыз даяшы болып жұмысқа орналастым. Аптасына 2-3 рет банкетке шығып тұрамын. 1500-3000 тг аралығында ақша аламын. Жатақханада тұратындықтан, кеш келуге болмайды. Соны ойлап, кешікпеуге тырысамын. Бірақ, той дегенің түннің ортасында бітеді ғой. Бір сөзбен айтқанда, таңертең – сабақ, түнде –жұмыс. Ал басқа жұмыс табу қиын. Сондықтан амалын тауып жүрмін. Негізі, ақылы бөлімде оқитын студенттердің көбі жұмыс істейді.
Шыңғыс, ҚазҰМУ-дың студенті:
– Мамандығым бойынша тіс дәрігерімін. Болашақта өзімнің тіс емдейтін орталығымды ашсам деген арманым бар. Ер бала болған соң, үй ішінен ақша сұрауға ұялады екенсің. Сондықтан, бармен болып жұмыс істеп жүрмін. Күнделікті тапқаным өзіме жетеді. Бірақ, осы жұмысқа орналасқалы бері араласатын ортам өзгеріп бара жатқан секілді. Аптасына бір рет көңіл көтеру әдетке айналды. Түнде жұмыс істегендіктен, аз ұйқы денсаулыққа зиян екенін білемін. Бірақ басқа амалым жоқ.
Санжар, ҚазҰПУ-дың студенті:
– Былтыр құрылыста кірпіш қалаушы ретінде жұмыс істегенмін. Қазір құрылыста жұмыс жоқ болғандықтан, жеке көлігіммен адам тасып жүрмін. Мереке күндері 15 мың теңгеге дейін табуға болады. Жұмыс күндері табысым 5 мыңнан 10 мың теңгеге дейін барып қалады. Мамандығым бойынша мұғалім болғым келмейді. Өте көп еңбек пен шыдамдылықты талап етеді. Қағаз толтырумен күнің өтеді. Жалақысы мардымсыз түкке де жетпейді. Бірақ, ата-анамның арманын орындау үшін, амалсыздан екі жыл мұғалім болуыма тура келетін шығар.
Жоғарыда айтылған пікірлерге қарап, студенттердің бар тапқан-таянғандары алдындағы асынан артылмайтындығын байқайсыз. Бірінші орынға материалдық жағдайды қойып отырған жастарға қарап, жаның ашиды. Әрине, жастарды да түсінуге болады. Оларда ортасына, жан-жағына қарап әдемі киініп, түрлі сауық кештеріне барғысы келеді.
Осыған орай, мәдениеттанушы Талғат Жанысбай: «Қазақстанның жоғары оқу орындарының студенттеріне ресми түрде жұмыс істеуге тыйым салынған. Студент оқуын бірінші орынға қоюы қажет. Елдегі 175 жоғары оқу орнының 64-і Алматы да орналасқандықтан, бұл қалада студент көп. Алып шаһарда өмір сүру қиын екенін түсінемін. Бәріне ақша керек. Дегенмен, бірінші курстың табалдырығын енді аттаған жеткіншек, келесі күні жұмыс іздеп сенделіп жүреді. Қаланың аты — қала. Ауыл-аймақтан келген үрімдей жасты алдап кететіндердің қатары да көп. Соны ойлап, олардың көрінген жерде офицант немесе ыдыс жуушы болғандығына қарсымын», – деді.
Әрине, кім баласының біреудің қоқысын жинап, ыдыс жууып жүргенін қаласын? Ата-аналары да, таңертеңнен қара кешке дейін еңбектеніп, ай соңында алған айлықтарын үйдегі балапандарының аузынан жырып, білім алуға кеткен баласына салып жібереді. Соның қадірін қызық қуған жас түсінсе ғой, шіркін?!