«Ол жердегі техникалық қате. Құжаттың түпнұсқасында ондай қателер жоқ. Себебі ол компьютерге салынады, сол кезде, шығару кезінде Қ әрпі К болып шығады. Ал Ә әрпі А сияқты шығады. Өкінішке қарай, «Әділет» бағдарламасы қазақ тілінде қате жібереді. Ол жерде компьютерлік бағдарламада проблема болған шығар. Маған құжаттың түпнұсқасы берілді, онда «Әділет» шығарған құжатпен арада айырмашылық бар, себебі бағдарлама оқығанда әріптерде қате кетеді. Өз басым орфография мен қалған ережелердің сақталғанын жақтаушымын», — деді Арыстанбек Мұхамедиұлы, оның мәлімдеуінше, министрлікте тілдің тазалығы жіті қадағаланады. «Бұл біздің бағдарлама емес. «Әділет» барлық мемлекеттік органдарға арналған жалпы бағдарлама, ол кез келген құқықтық шешімді жариялауға міндетті. Біз қазір «Әділет» бағдарламасының иелеріне хабарласып, бағдарламаларын жетілдіруді өтінеміз», — деді Мұхамедиұлы.
Сонымен қатар, министр ықыластары үшін журналистерге алғысын айтты. «Біздің журналистерге алғысымыз шексіз, себебі әрдайым алаңдаушылық танытады. Бір жағынан, сіздердің ықыластарыңыз өз міндеттерімізге мұқият бола түсуге мүмкіндік береді. Бұл өте дұрыс. Әдетте, абыр-сабыр кезде басып шығара салады, назар аудармайды, ал мұндай ықылас — керісінше біздің өз қалпымызда болуымызға жөн салады. Журналистер бар кезде, арқаны кеңге салуға уақыт жоқ», — деді Мұхамедиұлы.
Айта кетейік, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «қатеге» толы, қазақ тіліндегі «Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті» мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт Министрінің 2014 жылғы 14 қазандағы № 36 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» 2015 жылғы 18 мамырдағы бұйрығы 2015 жылы 28 шілдеде жарияланды.
Қазнет қолданушылары төрт беттен тұратын құжаттан шамамен 50 қате тапты.