Дубляж жасауға кастинг қалай өткені жайлы білу үшін Ақарыстың анасы, актриса Айнұр Бермұхамбетоваға хабарластық. 9 жасар Ақарыстың дубляждау мәнсабындағы бұл тұңғыш жұмысы емес екен. Ақарыс бұған дейін «Қазақстан» телеарнасы ұсынған «Pixar» киностудиясының «Көкке» фильміндегі Рассел деген кейіпкерді дыбыстаған. «Джунгли кітабы» фильмі қазақ тіліне дубляждалады деген жаңалықты естіген соң, баламды алып кастингке қатысып көрдік. Кастингтен өтудің өзі бір күрделі жұмыс болды. Олар дауыстарды жазып алады да, Америкаға жібереді екен. Сөйтіп, Америкада ұнатқан дауыстарды бекітеді. Балам осылай өтті, содан кейін жұмыс басталды» — дейді актриса, Ақарыстың анасы.
Басты кейіпкер Маугли болғандықтан, бар назар Ақарысқа түсіп жатқанымен, фильмге Өтеуловтардың отбасы дерлік жұмылдырылған. Атап айтқанда, анасы Айнұр Бермұхамбетова жылан Кааны, Нұркен Өтеулов дикобраз Иккиді, үлкен ұлы Бейбарыс жасөспірім қасқырды дыбыстаған.
Жұмыс қиын болғанымен, анасы Ақарыстың бұл процесті ойын сияқты қабылдағанын айтады. «Студия деген өзі бір қауіпті жер ғой. Көптеген жабдықтар бар, микрофон, шнурлар бар. «Ақырын, отыр, тиіспе» — деп ескертумен болдым балама. Бірақ мені режиссер Айжан Жамшитова тыйып тастады. «Жұлса жұлсын, сындырса сындырсын, маған еркін бала керек» деп ұрысты. Себебі Маугли өте еркін, джунглиде өскен бала. Балам осылай образға кірді» — дейді анасы Айнұр Бермұхамедова.
Дубляждауға, сонымен қатар, актерлер Ислам Зейнуллаев, Сағаділдә Үсіпбалиев қатысқан. «Джунгли кітабы» фильмін қазақша дыбыстау «Арай Медиа Групп» пен Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» Халықаралық стипендиясы стипендианттары қорының көмегімен іске асып отыр. Ондаған ұрпақтың балалық шағының сүйікті кейіпкері Маугли жайлы хикая 7 сәуірден бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетілетін болады.
Mauglidin kazakshasn halai kore alamz buletn adam barma