1. Жеңілдіктерді пайдаланыңыз
Қара жұма, мереке күндері немесе ай соңында жеңілдік болатын жаппай сатылымдарды жіберіп алмаңыз. Киім, үй шарушылығына қажетті зат немесе ұялы телефоныңызға жаңа қап болса да, сатып алынған зат ешқашан артық болмайды. Қажет болғанда қымбат бағаға ұрынғанша, жеңілдікпен қолжетімді бағаға сатып алғаныңыз жөн.
Ол үшін не істеу керек?
- Жеңілдік жасайтын дүкендердің жаңалығынан хабардар болыңыз. Бірақ алданып қалмаңыз. Себебі, одан пайда көретіндер аз емес.
- Қажетті заттардың тізімін жазып жүріңіз. Дүкенге барғанда жаңылып қалмауға септігін тигізеді.
- Жеңілдік кезінде әр нәрсеге бір көңіл аудармаңыз. Себебі жеңілдікпен алынған затқа да ақша жұмсайсыз. Алдыңғы айда қандай зат алғаныңызды еске түсіріп, ақшаңызды барынша үнемдеуге тырысыңыз.
- Артық ақша жұмсап қоймау үшін, дүкенге барар кезде нақты бір сомманы ғана алып шығыңыз.
2. Жеңілдікпен алудан ұялмаңыз
Зат сатып алар кезде, арзан бағаға қайдан сатып алуға болатынын іздеңіз. Азық-түлікті де қолжетімді бағамен сататын дүкендер бар. Тек іздесеңіз болғаны. Бұл сіздің қаражатыңызды үнемдеуге үлкен көмек. Жеңілдік жайында үнемі білгіңіз келсе, арнайы бағдарлама жүктеп алуыңызға немесе желідегі парақшаларына тіркелсеңіз болады.
3. Тамақты даладан сатып алмай, үйден пісіріңіз
Қазір супермеркеттерде тамақтың түр-түрін сатады. Егер азық-түлік сатып алып, сол тамақты үйден пісірсеңіз әлдеқайда үнемдірек. Үйде тамақ әзірлеуді әдетке айналдырыңыз. Бір аптаға арнап тамақ мәзірін құрып қойыңыз. Тамақ ішу тәртібін бұзбай ұстансаңыз, көшеде сатылатын асты ішкіңіз де келмейді. Бұл денсаулығыңыздың жақсаруына, әрі артық қаржы жұмсамауға себеп болады.
4. Артық қалған тамақты лақтырмаңыз
Кешкі астан қалған макарон, сәл қатыңқырап қалған нан немесе беті ашық қалған жүгері банкісін бірден қоқысқа лақтыруға асықпаңыз. Күнделікті ішкен асыңыздың қалдығын лақтыра берсеңіз, демек сіз тамаққа тым көп ақша жұмсайсыз.
Не істеу керек?
Тоңазытқышыңыз босамай, дүкенге жүгірмеңіз. Одан да қалған тамақтың неге жарамды екенін ойлап көріңіз. Өзіңізді аспаз сезініп, жаңа тағам ойлап табыңыз. Ол қалай? Мысалы:
- Қалған айраннан құймақтың түр-түрін пісіруге болады;
- Кеуіп қалған ірімшікті картоппен қосып, қуырып көріңіз;
- Жұмыртқаға қант пен тұз қосыңыз. Нанды соған батырып, қуырыңыз. Кептірілген нан бұл жағдайда өте пайдалы. Жұмыртқа қосылған қытырлақ нанды кофе немесе шәймен ішсеңіз өте дәмді.
5. Заманауи трендтерден бас тартыңыз
Бүгінгі күні тоқылған бас киім, қысқа пальто, ұзын шәлі, былғары сөмке сәнде. Бірақ сән бір орында тұрмайды ғой. Олардың ауысымы тез-ақ. Сән ауысқан сайын гардеробты жаңартуға тура келеді. Яғни бұл маусымда киілген киім, келесі маусымға жарамсыз. Әр маусымда жаңа үлгідегі киімді сатып алу үлкен шығынға әкеп соқтырады. Сондықтан, «жаңа трендтен қалыспау керек» дегенді ұмытыңыз. Киім аларда, бастысы оның ыңғайлы әрі сізге жарасымды болуы шарт. Ескі киімдеріңізді бірден лақтыруға асықпаңыз. Олардың да қайтадан сәнге кіруі әбден мүмкін.
6. Шыдамдылық танытып, артық ақша төлемеңіз
Жаңа шыққан тауарды бірден сатып алуға жұлқынбаңыз. Мысалы, қазіргі уақытта сатылым хиты iPhone X. Жаңа тауар алғашында тым қымбат бағаға сатылады. Кейін оның арзандайтыны сөзсіз. Сәл шыдамдылық танытсаңыз, әлдеқайда қолжетімді бағаға қалаған затыңызды сатып ала аласыз. Артық ақша жұмсаудан сақ болыңыз.
7. «Жоқ» деп айтуды үйреніңіз
Сатушылардың сөзіне көп ере бермеңіз. Дүкенге келгеніңізде, сатушылар міндетті түрде сізге басқа тауарларын да ұсынады. «Мына телефоныңызға бізде әдемі қап бар», «Алған шалбарыңызға мына жейде тамаша жарасады», «Сіз алған кофеқайнатқышқа, тек бізде сатылатын кофені ғана қайнату керек», «Алған тауарыңызға қосымша кепілдік немесе сақтандыру жасатқаныңыз дұрыс. Абайсызда сынып қалса ше?» — деген сөздерді күнде естиміз. Кейде оларға қарсы тұрудың өзі қиын. Бірақ қалайда өз айтқаныңыздан қайтпаңыз. Тауарды сатып алмас бұрын нұсқаулығын мұқият оқып шығыңыз. Кепілдігі қанша жыл, қалай жұмыс істейді, яғни, затыңызға қатысты ақпараттың бәрін біліп алыңыз. Сонда ол заттың, сізге қаншалықты қажет екенін түсінесіз. Осы жағдайда жоқ деп айтуды үйренесіз. Бұл қылығыңызбен сатушыны ренжітіп алам деп қорықпаңыз, бар болғаны өз қаражатыңызды үнемдейсіз.
8. Қаржылық құжаттарға аса мән бергеніңіз абзал
Несие алатындар өте көп. Ал сол несиені аларда келісім шартты мұқият оқитындар ше? Банк қызметкері сізге басты қаржылық есепті ғана айтып, қалған шығындары туралы айтпауы мүмкін. Несиені төлеуге барғанда, сізді жағымсыз тосынсыйдың күтіп тұрарын кім білсін. Кредиттік карта, банкомат картасын, несие, кез келген қаржылық құжаттарға қол қояр кезде алдымен толығымен танысып шығыңыз. Өзіңізді мұқият болуға бейімдегеніңіз абзал.
9. Ақша жинап үйреніңіз
Өмір болған соң, күтпеген жағдайлар орын алып жатады. Жұмыстан босатылып, немесе фирмаңыз банкротка ұшырап қалуы мүмкін. Ал сіздің төлейтін несиеңіз, қайтарар қарыздарыңыз бар. Не істейсіз? Ақша жинап жүрген болсаңыз сіздің тығырықтан шығуыңызға көмектеседі.
Ақшаны ауаға шашпай, үнемдей біліңіз. Ең дұрысы — жинау. Ақша жинарда өзіңізге мақсат қойыңыз. Белгілі бір үлкен мақсатқа жету үшін немесе қара күнге деп жинасаңыз болады. Жиналған ақшаны уақытынан ерте жұмсап қоюдан аулақ болыңыз.