Жетіген аспабының ерекшелігі неде?
Жетіген аспабы композитор Болат Сарыбаевтың жаңғыртуымен 1960 жылы қайта дүниеге келді. Сол уақыттан бері жетіген — ансамбль, оркестр құрамында қосалқы аспап ретінде қолданылып жүрді. Жеке аспап ретінде танығанымызға 15 жыл ғана уақыт өтті. Қазір конкурстар мен фестивальдерде жетігенге арнайы номинация ұйымдастырылады. Бұл — үлкен жетістік! Қазіргі таңда салада мамандар әлі де аз. Бірақ, музыка мектептерінен бастап, жоғары оқу орындарына дейін жетіген аспабы арнайы оқытылады. Байқасаңыздар, әр аспаптың танылатын өз уақыты болады. Қазір жетігеннің сондай дәуірі деп есептеймін.
Жетігенге қыздардың қызығушылығы жоғары. Көбінесе, аспаптың үніне, пішініне қызығады. Кішкентайынан қатысқан қыздар үшін жетігеннің көлемі тым үлкен. Ал арнайы шеберлерге қолайлы, шағын етіп жасатып алғанымен балалар тез өсіп кетеді. Сол үшін бірден үлкен аспап алуды жөн санайды. Содан үйрену кезінде аспаптың шегіне балалардың қолы жетпей, дыбыстың дұрыс шықпауы, шығарманы анық ойнай алмауы секілді қиындықтар туындайды.
Жетігенге шыдамдылық пен табандылық өте қажет
Біз жетігенді кішкентайынан музыкаға бейім балаларға үйретеміз. Аспап үйренуден бөлек сольфеджио, музыкалық әдебиет, т.б. музыка сабақтары өтіледі. Осы сабақтарда мұғалімдер баланың нотаны тануын, ритмді дұрыс сақтау жүйесін, дыбыстарды қалай ажырату керектігін үйретеді. Музыкаға қызыққан балалар үшін шыдамдылық пен табандылық өте қажет.
Үйренушілердің аспапқа деген махаббаты ерекше, қызығушылығы жоғары болса, кез келген аспапты тез үйренуге болады. Яғни, бәрі қабілетке байланысты.
Кәсіби емес жетіген үйренушілері алғашқы он сабақта жетігеннің негіздерін біле алады. Ең бірінші, балаға жетігенді ұстауды, қолды дұрыс қоюды үйретеміз. Аспапта ойнау техникасы жақсы қаланған бала, кез келген күрделі шығарманы ойнай алады. Оның да өзіндік әдіс-тәсілдері бар.
Жетігенді 4-5 жасар балалардан бастап үйретемін. Мысалы, 4 жасар бала ойнай алған шығарманы 7 жасар бала қиналып ойнауы мүмкін. Өйткені, бұл қабілет пен икемділікке байланысты. Демек, 4 жасар баланың қызығушылығы, зейіні жоғары. Жалпы, жетіген кез келген адаммен үйлесіп кетпейді. Тіпті, аспап орындаушыны таңдайды десем де болады (күлді).
Жетігеннің құрылысы, түрлері туралы…
Жетігеннің құрылысы өзгеріп тұрады. Бастапқы кезде бұл аспап 7 ішекті болса, қазір біз сымнан жасалған 22-24 ішекті. Өйткені, жетіген жеке орындаушы аспап ретінде шыққан соң оның дыбысы жақсы естілуі керек. Сол үшін сым ішектер пайдаланылады.
Біз қазір екі түрлі жетігеннің қосындысын қолданып жүрміз. Осыдан 3-4 жыл бұрын ұстазым Нұргүл Жақыпбек жаңа үлгідегі жетігендерді ұсынып диссертация қорғады. Соның негізінде жетігеннің жаңа үлгісін енгізді. Бұл жетігендердің пішіні доғал. Ол орындаушының техникалық мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етеді. Қазір бізде жақсы шығармалар ойнауға мүмкіндік көп. Өйткені, жеті ішекпен күрделі шығармаларды орындай алмайтынбыз.
Жетігеннің өз репертуары сақталмаған
Өкінішке орай, жетігеннің өз репертуары сақталмаған. Әртүрлі аспаптардың, соның ішінде қобыз, домбыра, сыбызғының шығармаларын жетігенге лайықтап орындап жүрміз. Сонымен қатар, шетелдік композиторлардың шығармаларын күйсандықпен бірге ойнаймыз. «Тұран» фольклорлық ансамбліндегі Бауыржан Бекмағанбетовтің жетігенге арнап жазған шығармаларын орындаған ыңғайлы.
Жетігеннің өзіндік табиғаты бар. Кез келген шығарманы қабылдай бермейді. Батыстың адуынды күйлерін орындаған кезде, табиғаты нәзік жетігенге қинап салынғаны көрініп тұрады. Сондықтан, аспаптың табиғаты ашылатындай, дыбысы әсем естілетіндей шығарма таңдауға тырысамыз. Жетігенде Жетісудың, Арқаның әуезді әндері мен шертпе күйлері тамаша орындалады. Дегенмен, жоғары оқу орнында орындаушының техникасын дамыту үшін шетел композиторларының күрделі шығармалары, концерттік пьесалар таңдалады.
«Хассақ» тобының жетігеншісі ретінде танымалмын
Қазір А.Жұбанов атындағы музыкалық мектеп-интернаты мен Т.Жүргенов атындағы өнер Академиясында оқытушымын. Бұрын К.Байсейітова атындағы мектеп интернатында оқып жүрген кезімде негізгі аспабым домбыра болды. Жетігенді қосымша аспап ретінде меңгердім. Мектепті бітірген соң, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясына дәстүрлі ән мамандығы бойынша оқуға түстім. Бірақ, әлі күнге дейін жетігенді басқа аспаптарға қарағанда ерекше жақсы көремін.
Көпшілікке «Хассақ» тобының жетігеншісі ретінде танымалмын. 2010 жылы әнші Майра Ілиясова апайымыз «Сақ» деген этно-фольклорлық топ құрды. Сол топта өнер көрсеттім. Алайда, 2013 жылы Майра Ілиясова апай Астанаға кетіп қалғандықтан, ұжымымызбен ары қарай «Сақ» тобының атын «Хассақ» деп өзгерттік. Қазіргі таңда бірге жұмыс істеп жатырмыз. Продюсеріміз жоқ. Құрамындағы 5 орындаушы да кез келген аспаптың құлағында ойнай алады. Шығармалардың барлығын өзіміз өңдеп, фестивальдерге қатысып жүрміз. Соңғы рет Кореяның Сеул қаласы мен Қытайдағы Пекин консерваториясына барып келдік.
Шетелдіктер жетігенге өте қатты қызығады. Қытай, Корея, Жапонияда жетігенге ұқсас аспаптар бар. Олар жетігеннің сол аспаптардан ерекшелігі, ойнау тәсілдері туралы білгісі келеді. Өзге мемлекетке барған кезде музыканттар бір-бірлерінің аспаптарымен танысады.
Ұлдар жетігенді үйренуге қысылады
Жоғарыда айтып кеткенімдей, қыздардың бұл аспапқа қызығушылығы жоғары. Бірақ, менің тәжірибемде жетігенші Серік деген шәкіртім бар. Қазіргі таңда 4-курста оқиды. Негізі бұл аспапты алғашқыда ұлдар ойнай бастаған. Себебі, Болат Сарыбаевтың ұлы Талғат Сарыбаев алғашқы орындаушы ретінде халыққа кеңінен танымал. Одан кейін Еділ Құсайынов, «Тұран» этно-тобындағы Ержігіт Әлиев те ойнайды. Ұлдар жетігенді үйренуге қысылады. Негізі бұл дұрыс емес. Кейде, бір шығарманы ұлдар қыздардан гөрі өзгеше ойнайды. Қыз бала нәзік жеткізсе, ұлдар дыбысты анық, нақты, құлақтың құрышын қандырып береді.
Мектеп оқушыларының ата-аналарынан жетігенді үйрету туралы ұсыныс жиі түседі. Болашақта жетіген үйрету орталығын ашқым келеді.
Жетіген аспабының танылуына елімізде ұйымдастырылатын түрлі фестивальдер мен конкурстардың тигізген септігі мол. Жыл сайын Қазақ ұлттық Консерваториясында кіші және үлкен топтарға арналған республикалық олимпиада өтеді (кіші топта мектеп оқушылары мен коллледж студенттері, ал жоғары топта жоғары оқу орнында білім алушы студенттер). Жетіген аспабы номинациясына шәкірттерімді жыл сайын қатыстырамын. Пайдасы өте мол. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген орындаушылар бір-бірімен танысып, техникаларын көріп, деңгейлерін салыстырады. Бұл — тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік. Осындай конкурстарда жүлде алып жүрген Тұрсынай Пазыл, Айгерім Елемесова, Милена Абдиева, Аружан Жұмағали, Арай Қанатбек , Гүлмира Асылбек есімді шәкірттерімді шәкірттерімді мақтан тұтамын.
Пазыл Тұрсынай, шәкірті: Алматыдағы А.Жұбанов атындағы музыкалық мектепте 10-сынып оқып жүргенде Жадыра апай жетігеннен сабақ үйретуге келді. Шынын айтайын, оған дейін бұл аспапқа қызығушылығым болмады. Сол кезде апайдың үйрету техникасы мен жетігеннің үніне қызықтым. Қазір Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясында домбыра мамандығында оқимын. Конкурстарда жетігенмен дауысыма сай қазақтың халық әндері мен шертпе күйлерін жиі орындаймын. Құрбыларым «маған үйретші» деп қызығып жатады. Егер құрбымның музыкадан хабары болса, үйрету оңай. Бірде музыкант құрбыма жетіген үйреткенмін. Алайда, табиғаты келмегесін ары қарай жалғастырмады. Осыған байланысты, орындаушы да жетігеннің үні секілді нәзік болуы керек деп ойлаймын.
Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.
керемет
керемет
Өте жақсы керемет