Мектеп ғимараты толықтай заманауи үлгіде салынып, қажетті керек-жарақтармен қамтамасыз етілген. 300 балаға арналған білім ошағында спорт залдары, асхана, зертхана кабинеттері мен шеберхана, сондай-ақ шағын орталық жұмысына арналған арнайы орындар қарастырылған.
Оқу ордасының ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғ. Оспанқұлов қатысып, барлық ата-аналар мен мұғалімдерді, ең бастысы – оқушыларды айтулы оқиғамен құттықтады. Ол өз сөзінде Елбасы биылғы Жолдауының «Адами капитал – жаңғыру негізі» атты жетінші бағытында еліміздегі білім беру саласына ерекше көңіл бөліп, бұл істе озық жүйені қалыптастыру керектігін айтқанына тоқталды. Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасында да мемлекеттің алға дамуы тек білімнің салтанат құруы арқылы ғана мүмкін деп айтылғанына ерекше назар аударды. Бұл орайда облыс көлемінде атқарылған ауқымды істер туралы айтып, жыл сайын білім сапасын арттыру, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, жаңа білім беру нысандарының құрылысын жүргізіліп жатқанын жеткізді. Соның ішінде өткен жылы облыс бойынша 24 білім беру нысаны салынса, биыл тек қаңтар айының өзінде 2 бірдей жаңа мектеп пайдалануға беріліп отырғандығын тілге тиек етті. Олардың біреуі күні кеше Орал қаласының Деркөл шағын ауданында берілген 600 орындық мектеп болса болса, екіншісі — 300 балаға арналған Аралтал мектебі.
Естеріңізге салсақ, қазіргі уақытта Бөрлі ауданына қарасты Березов және Бестау ауылдары толық көшіріліп, тұрғындар жаңа тұрғын үймен және қаржылай көмекпен қамтылды. Балалар үшін арнайы жаңа балабақша мен мектеп салынды.