Жапонияда баласын арқасына не алдына байлап алып, велосипед немесе мотороллер айдап бара жатқан әйел мүлдем таңсық дүние емес.
Біздің елде және Еуропа, АҚШ секілді елдерде де балаларға арналған арнайы сөмкелер қолданыста, алайда Жапонияда екі жағалы немесе «арнайы қалталы» күртеше, жамылғы және шапан сияқты киімдердің түрі өте көп. Осыған қарап ана мен бала арасы мүлдем ажырамайтындай көрінеді. Және де бұл соңғы үдерістегі сән емес, ежелден қалыптасқан жапондық дәстүр.
Тығыз қарым-қатынас
Кішкентай балалар әрқашан анасымен болған. Ертеде, аналар балаларын ыңғайына қарай омырауына не арқасына, орамалмен байлап алатын болған екен. Күрішті далада жұмыс істесе де, тамақ дайындаса да бала қасында болған. Ал жаңа сәби дүниеге келген кезде, «арқасындағы» бала үйдің үлкеніне тапсырылған. Үлкендері өз кезегінде, кішкентай бауыр не қарындасымен, тіпті мектепке де бірге барған. Бала жүріп үйренгенше, осындай жақындықта өскен.
Қазіргі жапондық отбасында бір-екі баладан. Соған қарамастан, күйеуге шыққан бойжеткендердің басым көпшілігі жұмысын тастап, өзін отбасына, бала қарауға арнайды.
Баласы өсе келе қайта жұмысқа шықса да, толық уақытты алмайтын қосалқы жұмыс болады. Мектеп жасына дейінгі балаға қарауды ешкімге сеніп тапсырмайды. Өздері үй жұмысына көмектесіп, бар жүкті өз мойнына алады. Тіпті балабақшаға баласымен бірге барып, бақылап отырады. Сол жерде үйренген заттарын үйінде қайталайды.
Көптеген шетелдіктерді жапондық балалардың тілі аяғынан бірінші шығатындығы таң қалдырады. Ал жапондықтар үшін бұл таң емес: анасы баласымен кішкентай күнінен, ересек адаммен сөйлескендей әңгіме айтады және не істесе де, бәрін айтып сипаттап жүреді. Осы әлеммен анасының қолында жүріп танысып, сөйлеуді үйренген баладан қайыр болары сөзсіз.
Бәрі сияқты жұмыс істей алмасаң, жұмыс істеме
«Жұмысбасты ана» деген құбылыс, жапондықтардың дүниетанымы мен санасына еш сыймайды. Жұмысқа бару үшін өз баласын біреуге беру, баланың алдындағы өз жауапкершілігін біреуге тапсыру деп қарайды. Қоғамдық ой ондай қателіктерді кешірмейді.
Тіпті балалы әйел, бір жерде жұмыс істеп жүрсе, әкімшілік немесе бастық тарапынан жайлы қарым-қатынасқа үміттенбейді. Мысалы, компаниялардың көбінде жұмыстан бастық кетпей ешкім кетпейді. Кейде олар жәй көңіл көтеру үшін жұмыстан кейін қалуы да мүмкін, бірақ балалы ана олармен тең отырып, өзгелер сияқты істей алмаса, онда мүлдем істемесін деп біледі.
Сондықтан да балалы ана психологиялық жайлы атмосфераны тек үйінде сезінеді. Қоршаған адамдардың осындай, алғашқыда дөрекі көрінетін әдеттері, ана үшін үйден артық жер жоқ екенін түсіндіреді.
Ежелден қалған тағы бір дәстүрлердің бірі – үйдің кенжесі әрқашан анасымен бірге бір көрпенің астында ұйықтаған. Келесі бала туылған кезде ғана анасынан «айырылатын» балаға, бүгінгі таңда ондай қауіп аз. Себебі, қазіргі жапондық отбасында ең көп дегенде екі баладан.
Өзіндік мысал (cөзсіз тәрбие)
Бала тәрбиесімен тек анасы ғана емес, әкесі де белсенді айналысады. Мысалы демалыс күндері, саябақтарда баласын ұстаған әкелерді көптеп байқауға болады. Осылай балаға екі жақты махаббат пен қамқорлық береді.
Сырттай қарағанда, жапондықтар балаларына мүлдем ұрыспайтын сияқты. Жапондық тәрбиенің және тілдік мәдениеттің ерекшелігі – бәрін сөзбен айтпау. Бірінші кезекте, баланы өзіндік мысалмен тәрбиелейді. Яғни, айтпайды, көрсетеді: бала Ата-анасының қарым-қатынасын қас қабағынан, үнсіздігенен ақ байқайды.
Бала тәрбиесіндегі тағы бір қызық амал – «жоғалған бала». Барлық уақытын анасымен бірге өткізуден жалыққан бала, айналасына қызыға бастайды. Сол кезде анасы оны ұстамайды, керісінше оған «жоғалуға» мүмкіндік береді. Қуанышқа орай, қоғамда бәрі осы амалды жақсы біледі.
Полицияның араласуынсыз және жүйке жүйеге соққысыз балаға анасын табуға көмектеседі. Көмектесе отыра, анасыз қоғамның қиын екенін және қайта табылған кез қандай бақыт екенін (әрекетпен) түсіндіреді. Осыдан өткен бала, екінші қайта анасынан алыстамайды.
Өз ата-анасымен үнемі эмоционалды және физикалық байланыс пен жақындықта өскен бала, өзінде сенімді, әрі өзгелерге үлгілі азамат болып өседі.