«Өмір сынағы» және «Шалғайдағы оқиға» телехикаялары көрермендерге жол тартты

Қазақстандық кинематограф мамандары отандық телехикаялардың шетелдік телевизиялық өнімдермен  бәсекеде оза шауып, нарықты жаулап ала алатындықтарына сенетіндіктерін жеткізді.

Телехикаялардың бас продюсері Данияр Жәнібековтың айтуынша, жоба авторлары қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, отансүйгіштік, әлеуметтік жауапкершілік секілді құндылықтарға мән берген.

«Мәселен, «Өмір сынағы» телехикаясында мүмкіндігін шектеулі жандардың толыққанды өмір сүру құқығы бар екені сөз болса, «Шалғайдағы оқиға» жобасында Отаныңды мақтан етіп, ауылыңның көркеюіне, туған жеріңнің гүлденуіне үлес қосу тақырыбы тілге тиек етіледі», — дейді ол.

«Өмір сынағы» телехикаясының режиссері Қанағат Мұстафин қазіргі қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін жүріп-тұруы шектеулі екенін тоқталды.Оның айтуынша, «Өмір сынағы» дәл осы мәселеге көрермендердің назарын аудартады.

«Телехикаядағы бас кейіпкер адам қолынан жасалған қастандықтың салдарынан Алланың адамға берген сыйының жартысынан айрылған адам. Соған қарамастан, ол өмір сүруге құштар, болашағы үшін күреседі», — деп ойымен бөлісті ол.

Осы телехикаяда зағип жігітті ойнаған Алмас Шаяхметов қазіргі кезде қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандарға деген көзқарастың өзгергенін байқайтыны туралы айтты.

«Бұрын «мүгедек» деген сөзді ойланбай айта салатын болсақ, қазір «ерекше қажеттіліктері бар адамдар» деп сөйлейтін болдық. Осының өзі – ол адамның бізден ештеңесі кем емес екенін, оның бізге ұқсамайтын жері тек бойындағы сол бір өзгешелігі екенін және ол соған мүлде кінәлі емес екенін мойындау», — дейді ол.

Режиссер Мәдина Әлімхан «Шалғайдағы оқиға» телехикаясындағы Елдостың тарихы көпшілікке үлгі бола алатыны жайлы жеткізді.

«Мойымай, қажымай, туған ауылын көтеруге бел буған бас кейіпкердің мысалында жат өлкеде емес, кіндік қаның тамған елде бақытты болуға болатындығын көруге болады», — деді ол.

«Өмір сынағы» телехикаясы 2015 жылдың 23 қарашасында 20.00-де, ал «Шалғайдағы оқиға» 21 желтоқсанда «Жетінші арна» эфиріне шығады.

Жобалар Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің қолдауымен түсірілді.

Телехикаялар туралы қысқаша ақпарат:

Өмір сынағы 

Қоюшы-режиисері: Қанағат Мұстафин

Бас продюсерлер: Данияр Жәнібеков, Виржиниа Восгиморукиан

Атқарушы продюсері: Мәдина Дүйсембаева

Рөлдерде: Әсел Қалиева, Данияр Базарқұлов, Алмас Шаяхметов және т.б.

«Өмір сынағы» — тағдыр жазуымен мүгедектер арбасына таңылған Дананың хикаясы. Сериал сюжетіне қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі жандардың тіршілігі, олардың психологиялық күйзеліспен күресіп, қиыншылықтардан өтіп, жеңіске жету жолындағы еңбегі арқау болған.

Шалғайдағы оқиға

Қоюшы-режиисері: Жасұлан Пошанов

Бас продюсерлер: Данияр Жәнібеков, Виржиниа Восгиморукиан

Атқарушы продюсері: Алмат Массалим

Рөлдерде: Нұрболат Абдулин, Шынар Асқарова, Артур Төлепов және т.б.

«Шалғайдағы оқиға» — қым-қиғаш адам тағдырлары ауыл тіршілігімен астаса өріліп отыратын хикаяның басты желісі — қаладан қайтып оралып, туған ауылын көркейту, өзі үшін қымбат адамның өміріне мән берген ісін ары қарай жалғастыру жолындағы күресте айналасындағылардың аяр әрекетіне батыл қарсы тұра алған Елдостың тарихы.