Илья Ильин Ермегияев

“Шынымды айтсам, бұл жайлы бірінші рет естігенде, көңілім түсіп кетті. Талғат Ермегияевті жақсы басшы ретінде білемін. 2012 жылы біз бірге жақсы жұмыс істеген едік, елімізге олимпиаданың екі дүркін чемпионын әкелген едік. Іс бойынша ештеңе айта алмаймын. Бірақ оны жақсы адам деп білемін, хабарластық, дос болдық деуге де болады. Мұндай басшылар аз”, – деді Ильин отырыстың үзілісінде.

“(…) Сондықтан көңілім түсіп жүр. Оның тек жақсылығын білемін. Оған Лондонда тапсырылған іс керемет орындалды. Мұны барлығымыз білеміз. Қазақстан құрамасы 15 медаль алды. Міне, осыны айта аламын”, – деді Ильин.

Ол осы іс бойынша күдікті болып отырған Сергей Ильин деген азаматтың туысы емес екенін де айтты.

“Мен Талғат Ермегияев жайлы айтуға келдім. Жақсы адамды қолдауға келдім. Жаным қалап келдім. Енді не боларын білмеймін. Мұны сот шешеді”, – деді ол.

18 наурызда Астанада “Астана ЭКСПО-2017” ұлттық компаниясынан қаражат жымқыру ісі бойынша басты сот отырысы басталған еді. Бұл істе 23 адам күдікке ілініп отыр. Олар істің 500 томымен танысып шығуы керек.

Еске сала кетейік, 11 маусымда Ермегияев “Астана ЭКСПО-2017″ ҰК” АҚ басқарма төрағасы қызметінен босатылған болатын. Сонымен қатар, сот бұған дейін “Астана ЭКСПО-2017” ҰК АҚ құрылыс департаментінің бұрынғы басшысы Үсеновті қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. “Астананың №2 Алматы аудандық соты “Астана ЭКСПО-2017” ҰК АҚ құрылыс департаментінің бұрынғы басшысы Үсеновке қатысты Астана прокуратурасымен келісілген және сотқа дейінгі тергеу органының таңдаған қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қабылдаған болатын. Қазіргі уақытта Үсенов “ЭКСПО-2017″ кеңесшісі қызметінде. Үсеновке бюджеттен 214 000 000 теңгені жымқырды және аса ірі көлемде ысырап етті деген күдік келді”, – делінген Жоғарғы сот баспасөз қызметінің хабарламасында.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!