Global Security Institute антиядролық қор директоры Джонатан Граноффтың пікірінше, ядролық қарусыздандыру ісіне келгенде, Қазақстанның абыройы зор, моральдық құқығы басым.
«Мыңдаған ядролық қарудан бас тартқан Қазақстанның ядролық қарусыздандыру саласында атқарар рөліне баға жетпейді. 450 ядролық сынақты басынан өткерген ел ретінде Қазақстан халықтың денсаулығына осынау кесапаттың қалай зиян тигізетінін біледі. Ядролық қарудың қаншалықты қауіпті екенін әлдеқашан түйсініп қойған. Ядролық қарулардың таралмауына келгенде Қазақстан үлкен әлеует пен зор абыройға ие… Нұрсұлтан Назарбаев біржолата ядролық қарулардан бас тартып, олардың көзін жоюға шақырды. Осылайша, бейбітшілікті сүйетін мемлекет келешектің тұрақты әлеміне алтын көпір салып берді. Сіздердің елдеріңіздің АҚШ, Ресей, Қытай, Үндістан, Пәкістан мен ядролық қарулары бар өзге мемлекеттермен қарым-қатынасы жақсы. Сондықтан, бәріне бірдей диалог алаңын құрып берген Қазақстанның рөлі маңызды», — дейді Джонатан Гранофф «ҚазАқпаратқа» берген пікірінде.
«БҰҰ-әйелдері» (UN Women) бейбітшілік және қауіпсіздік құрылымының басшысы Паиви Каннистоның бағалауынша, Қазақстан ғаламдық дәрежеде әйелдердің қорғалуына үлкен үлес қосып келеді.
«Біз Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ядролық қарулардың таратылмауы тақырыбында өтетін дебаттарды асыға күтіп жүрміз. Сонымен бірге, Қазақстан Ауғанстан мәселесіне ерекше назар аударуға үндейді. Әлбетте, бұл бағыт ауған еліндегі халықтың, әсіресе әйелдердің құқығын қорғаудағы жұмысты күшейте түсері даусыз», — дейді «БҰҰ-әйелдері» (UN Women) бейбітшілік және қауіпсіздік құрылымының басшысы.
Ал ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Елбасы БҰҰ ҚК отырысында өзінің қабілетті саясаткер ретінде тағы да танытты.
«Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ ҚК отырысындағы мазмұнды сөзі халықаралық ұйымдағы негізгі органның жұмысына мықты серпін береді, халықаралық проблемаларды шешудегі пікірталастың негізіне жатады. Қазақстан көшбасшысы стратегиялық қабілеті жоғары саясаткер ретіндегі беделін растады», — деп жазды Тоқаев Тwitter-дегі парақшасында.