Басты бетЖаңалықтарДзюдодан Қазақстан...

Дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері ауысты

Қазақстан Республикасының Дзюдо Федерациясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан ерлер ұлттық құрама командасының бас бапкері ретінде ресми түрде Смағұлов Айдын Құдайбергенұлы тағайындалды.

Смағұлов Айдын Құдайбергенұлы – қазақстандық маман, дзюдодан ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Даңқ» орденінің иегері. 1976 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Дзюдодан бірнеше халықаралық турнирлердің жеңімпазы. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының чемпионы, С.Жандосовты еске алуға арналған халықаралық турнирдің 4 дүркін жеңімпазы, Ж.Хамитжановты еске алуға арналған халықаралық турнир жеңімпазы (1999 ж), Түркияда өткен Халықаралық турнир жеңімпазы (1998),  Орталық-Азия ойындарының  жеңімпазы (1999). Ол бапкерлік қызметін 2005 жылы Алматы облысының аға жаттықтырушысы болып бастаған. 2008-2010 жылдар аралығында Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы, 2010-2012 жылдары «Жастар» спорт кешенінде директордың бірінші орынбасары,  2012-2017 жылдар аралығында Қазақстан ұлттық құрама командасында жаттықтырушы қызметін атқарған.  Сондай-ақ, Айдын Смағұлов 2000 жылы Қырғызстан Республикасы сапында Сиднейде өткен жазғы Олимпиада ойындарына қатысып, қола жүлдеге ие болған.

Айта кетейік, осы уақытқа дейін 2012-2017 жылдар аралығында дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметін Имамбеков Ермек Әбуұлы атқарған еді. Ермек Имамбеков тұсында Қазақстан ерлер құрамасы жазғы олимпиада ойындарынан 1 күміс,  Әлем Чемпионатынан 1 алтын, 2 күміске, Азия ойындарынан 1 алтын, 1 күміс, 1 қолаға, командалық жарыс бойынша 1 күміс медальға қол жеткізген болатын.