Мектепте ағылшын тілін оқуға дұрыс ден қоймаған соң, жақсы меңгердім деп айта алмаймын. 2 курстың соңында ағылшын тілін үйрететін орталыққа бара бастадым. Алғашында тілді үйренуге қызығушылығым болған жоқ. Бірақ жаңа дүниелерді үйрене келе тілді меңгеруге деген ықыласым арта түсті. Шет тілін алғашқы деңгейден бастап бір жарым жыл оқыдым.
Жалпы «қай бөлімнен бастап дайындалған дұрыс?» деп көп ойлайтынмын. Мысалы, кейбір сынақ тапсырушылар бірінші аптаны Listening (Тыңдау) бөліміне, екінші аптаны Writing (Жазу) бөліміне арнайды екен. Яғни, аптаға бөліп тастайды. Ал менің ойымша, барлық бөлімге бірдей дайындалған тиімді.
Күніне кем дегенде 3 сағат уақытымды тест дайындығына арнайтынмын. Бір жылда тестті 3 рет тапсырдым. Төмен балл алғанымда ағылшын тілі кітаптарын қарағым келмей кеткен еді. Бірақ, екі айдан соң дайындықты қайта қолға ала бастадым. Ең жоғары нәтижем 6,5 балл болды. Жазуда (Writing) сынақ кітапшаларынан мәтіндерді дәптерге көшіріп жазғанымның пайдасы көп болды. Қаншалықты көп сөз меңгерсең, соншалықты сөздік қорыңды байытасың және барлық бөлімнен жоғары балл алуға септігін тигізеді.
Тыңдаудан (Listening) қалай 7.5 алуға болады?
Ең біріншіден, қақпандарды сезе білуің керек. Тест дайындаушылар сол қақпанға түсіп қалатыныңды біліп, бірнешеуін құрып қояды. Мысалы, тіркеу бөліміне ұялы телефон нөмерін «45351» деп, кейін «кешіріңіз, қателескен екенмін. Дұрысы — 45359» деп өзгертуі мүмкін. Мұндай тапсырмаларды Listening бөлімінен көп тапқаннан жоғары балл алдым деп ойлаймын. Интернетте Ryan Higgans-тың (шет тілі оқытушысы) жеке сайты бар. Емтиханнан шәкірттері қалай жоғары нәтижеге жеткенін айтып отырады. Сонымен қатар видеолар арқылы бірнеше Listening тесттерін тапсыруға болады.
Тыңдауды жақсарту үшін кейбіреулер ағылшын тіліндегі әндердің көмегі зор деп жатады. Бұл пікірге келіспеймін. Себебі әндерде сленгтер көп болады. IELTS британдық тест болған соң, ол сленгрдің қажеті шамалы. Дайындығын енді бастап жүргендерге айтарым, ұялы телефонға «BBC4» мобилді қосымшасын жүктеп алып, қолыңыз қалт етсе тыңдай беріңіз. Бірден болмаса, ақырындап құлағыңыз ашыла бастайды. Бұрын бейтаныс, әрі тез айтылатын сөздерді қалай түсініп кеткеніңізді білмей қаласыз.
Емтихан кезінде жасалатын 5 қателік
- Speaking бөлімі бойынша нақты сұраққа нақты жауап бермеу;
Мысалы «Демалыс күнді достарыңмен бірге өткізгің келе ме, әлде кітап жәрмеңкесіне барғың келеді ме?» деген сияқты сұрақ қоюы мүмкін. Мұндай сұраққа, достарыңмен өткізгің келе ме, кітап жәрмеңкесіне барғың келе ме, нақты айтып, не үшін мұндай таңдау жасағаныңды айта кеткенің жөн.
- Қобалжу;
IELTS сынағын өміріңде соңғы рет тапсыратын емтихан ретінде қабылдап, қатты қобалжымау керек. Адам неге қобалжиды? Себебі дайындығы нашар болады. Дайындығы жақсы екеніне сенімді болған адамда уайымдау, қобалжу деген болмайды.
- Бұйрықты орындамау;
Емтихан қабылдаушылар «Жазуды тоқтат!» дегенде, міндетті түрде ол бұйрықты орындау керек. Кейде олар әдейі тексеруі мүмкін. Өйткені «Жазуды тоқтат!» деп айтылған ағылшын сөзін кейбірі тіпті білмеуі мүмкін.
4. Суды көп ішу;
Сыртқа шығуға тура келеді. Бұл сіздің есептеулі уақытыңызды алады.
- Тілдесуде диктафонға емес, адамға айтып жатқаныңды ұмытып кету;
Мендегі қателік осы болды. Тілдесу бөлімінде емтихан қабылдаушы диктафонды алдыма қоя салғанда, сынақ қабылдаушыға емес диктафонға сөйлегендей болдым.
Сынаққа қалай дайындалған тиімді?
Speaking пен Writing бөліміне дайындалғанда жіберген қателікті айтып отыратын адам керек. Ал Listening пен Reading-ге ешқандай тіл орталығына бармай-ақ жеке дайындалуға болады.
Жарнамалардан «Аз уақытта IELTS деңгейін 7-8 нәтижеге көтеруге көмектесеміз» дегенді оқып жатамыз. Студенттер шынымен де сондай нәтижеге қол жеткізе алатын шығармын деп ойлайды. Жақсы нәтижеге қол жеткізу қандай орталықта дайындалғаныңда емес, адамның өзіне байланысты. Ішкі сенімің мықты болып, жақсы көрсеткіш көрсете алатыныңа сенімді болсаң, неге дайындалмасқа? Бірақ ең болмағанда ағылшын тілін түсінетіндей деңгейің болу керек.
Емтиханды қайда тапсырған дұрыс: British counsil, әлде Interpress?
Интернеттен Interpress-те тапсырғандардың пікірлерін оқып көрдім. Басым бөлігі «емтихан шулы өтеді» деген жағымсыз пікір білдірген. Бірақ мен тапсырған кезде ондай жағдай болған жоқ. Тек тілдесу бөлімін нейтив спикер (native speaker) алмағаны болмаса, қажетті барлық ыңғайлы жағдай жасалған. Жалпы өзім IELTS экзаменін магистратураға түсу үшін тапсырғанмын.
Гүлжанат Ұлықпан: Тілдесу бөлімінде жоғары балл алуыма айнаның көмегі көп тиді
Назарбаев зияткерлік мектебіне қалай түстім, ағылшын тілін оқуды бастап кеттім. Мектептен тыс, үлгерімімді жақсарту үшін, тіл орталықтары мен репититорларға барып жүрдім. IELTS-ты мектеп міндеттеген соң, екі рет тапсырдым. IELTS-тан мамандандырылған шетелдік оқытушылар сабақ бере бастады. Күнде 4 сағат уақытымды емтиханға бөліп жүрдім. Қанша көп дайындалғанмен, бастысы нәтиже көрсету керек деп ойладым. Бірінші өзіме қандай бөлім оңай, дайындықты содан бастадым. Мысалы Speaking пен Writing мен үшін жеңіл бөлімдер болып көрінді. Сондықтан бұл бөлімдерге барынша аз уақытымды бөлдім.
Тілдесуден (Speaking) қалай 7.5 алуға болады?
Емтиханды Британ консулында (British counsil) тапсырдым. Сол орталықтың арнайы, шетелдік мамандары болады. Бірінші тапсыратын бөлім тілдесу болғандықтан қатты қобалжыдым. Шетелдік адамның алдында сөйлеу оңай емес секілді көрінді. Сынаққа 2-3 сағат қалғанда өзімді психологиялық жағынан дайындай бастадым және ол сабырға келуіме көмектесті.
Бұл бөлімде айтуға болатын және болмайтын арнайы сөздер бар. Соны берілген тақырыпқа сай қолданып, дұрыс жеткізе білсің жеткілікті.
Жазуда да дәл солай. «Increasing, decreasing» деген сөздер берілген тапсырмаға сай қолданылады. Яғни стандартты құрылысы бар. Соған сәйкес сөзді дұрыс жаза білу қажет. Бұдан бөлек, сыни тұрғыда ойлау қабілетіңізді де ескеріледі.
Негізі өте көп уақытымды Reading мен Listening-ке жұмсаған екенмін. Жалпы, өзіңізге қандай бөлім қиын, оны негативті көзқараспен қарамау керек.
Көп сөз білу маңызды
Тілдесу бөліміне дайындықта күрделі академиялық сөздер мен статистикалық мәліметтерді көп жаттадым. Мысалы «appreciate» сияқты сөздерді айтсаңыз, бірден көзге түсесіз. Сонымен бірге статистикалық мәліметтерді біліп алыңыз. Сонда сұрақтарға кеңінен жауап бере аласыз.
Бұл бөлімнен жоғары балл алғыңыз келсе, барынша еркін сөйлеңіз. Қаншалықта еркін болсаңыз, ойыңызды да еркін жеткізесіз. Емтихан қабылдаушылар сіз ойлағандай қатал емес. Олардың сізге барынша көмектесуге тырысып отырғандығын байқауға болады.
Кілт сөздерді жазуды ұмытпаңыз
Сізге берілген қағазға кілт сөздерді міндетті түрде жазу керек. Бұл уақытты тиімді пайдалануға көмектеседі. Мысалы, бір мемлекет туралы айту керек болса, ол мемлекеттің экономикалық жағы, техникалық дамуы сияқты бірнеше тірек сөздерді жазсаңыз, ойыңызды жинақы жеткізесіз. Ең маңыздысы ойыңды еркін жеткізуге машықтану қажет. Мәселен «Мен ойлаймын (I think)» сөзін алайық. Бірақ оның да қолданатын шегі болады. Бір сөзді миллион рет қолданып керек емес. Барынша ғылыми тұрғыда сөйлеп, академиялық тілде жауап бере алатыныңды көрсетуің керек. Мысалы, экологиялық мәселелерге қарапайым тілде жауап бере алмайсыз. Ал бос уақытыңызды қалай өткізетініңізді ғылыми тілде күрделендіру қажет емес.
Тілдесуде ең көп көмектескен әдіс – айна. Бұл тәсілім біреуге күлкілі болатын шығар. Бірақ пайдасы көп. Үйде ешкім жоқ кезде бірнеше тақырыптарды іріктеп алып, айнаның алдында дайындалатынмын. Мысалы, тәжірбиелі спикерлер де өздерін айнаның алдында жаттығып, еркін сөйлеуді үйренгенін айтып жатады. Шыны керек, алдыңда отырған адамды өзіңе қарата білу — IELTS-те жоғары нәтиже көрсетуге көмегін тигізеді.
Емтихан кезінде не істемеу керек?
- Сынақ бөлмесіне шөліңді қандырып кірмеу керек. Емтихан кезінде сынақтан басқа нәрсе сізді алаңдатын болса, ойыңды дұрыс жинақтай алмайсыз.
- Жауап парақшасын бүлдірмеу. Парақша бүлінсе, қайта жаңасы берілмейді.
- Әріптік қате жібермеу керек.
Жеке дайындалып жүргенде, жауапты дұрыс жазған екенмін, тек бас әріппен емес қой деп өзіме балл қосып кететінмін. Ең үлкен қателік сол екен. Себебі үлкен әріпті кіші әріппен жаздыңыз ба, қате. Бұл тапсырмадан нөл балл алдыңыз. Бірнеше рет сынақ тапсырғаннан түсінгенім, жоғары балл еңбекпен ғана келеді екен.
Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.