Басты бетБастыҰстаздардың жалақысы...

Ұстаздардың жалақысы қалай өседі?

Елбасы Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында мұғалім мәртебесін арттыру мақсатымен білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын көбейту туралы тапсырған еді.

Бұл туралы Президент жолдауында: «Жаңартылған мазмұн дегеніміз — халықаралық стандарттарға сай келетін және Назарбаев зияткерлік мектептерінде бейімделуден өткен заманауи оқу бағдарламалары. Бұлар біздің балаларымызға қажетті функционалдық сауаттылық пен сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дарытады. Сонымен қатар 2018 жылы категориялар арасындағы алшақтықты арттырып, мұғалімдер үшін біліктілік деңгейін ескеретін категориялардың жаңа кестесін енгізуді тапсырамын. Категорияларды бүкіл әлемде қолданылып жүрген ұлттық біліктілік тест арқылы беру керек. Бұл педагогтарды өздерін ұдайы жетілдіруге ынталандыратын болады. Нәтижесінде, мұғалімдердің жалақысы біліктілігінің расталуына байланысты тұтастай алғанда 30 проценттен 50 процентке дейін өседі» — деді.

Ал ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова айтуынша мұғалімдер жалақысының өсуі жаңартылған білім мазмұнына көшуге байланысты.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен 1, 2, 5 және 7-сынып ұстаздарының лауазымдық жалақысы көбейеді. Ал қыркүйек айынан бастап, 3, 6 және 8-сынып мұғалімдерінің жалақысы көтеріледі. Осылайша, 2019 жылдың қыркүйегінде 4, 9- және 10-сынып ұстаздарының жалақысы артса, 2020 жылы 11-сынып мұғалімдерінің еңбекақысы жоғарылайды.

«Үстемеақы көлемі Мемлекет басшысы өз Жолдауында айтқандай, 30 процентті құрайды. Мысал келтірер болсақ, 15 жылдық еңбек өтілі бар 1-санаттағы қала мұғалімінің жалақысына 24 мың теңге қосылады. Дәл осындай еңбек өтілі бар 1-санаттағы ауыл мұғалімінің жалақысына 25 860 теңге қосылады», — деп атап өтті Бибігүл Асылова Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар вице-министрінің айтуынша, мұғалімдер жалақысының көбеюі тікелей біліктілігінің расталуымен байланысты.

«Атап өтілгендей, үш жылдық өтілі бар, еш санаты жоқ мұғалімдердің лауазымдық жалақысы 56 мың теңгені құрайды. Оған дәптер тексергені және кабинетке жетекшілік еткені үшін 22 мың теңге үстемеақы қосылады. Яғни, қазіргі уақытта олардың жалақысы 78 мың теңгені құрайды. Білім берудің жаңартылған мазмұны үшін үстемеақы қала деңгейінде — 16 мың, ауыл деңгейінде 21 мың теңгені құрамақ. Яғни, үш жылдық өтілі бар, санаты жоқ мұғалімдердің жалақысы қала деңгейінде — 96 мың теңге, ауыл деңгейінде  115 мың теңге болмақ».

Егер 25 жыл еңбек еткен жоғары санатты мұғалімдердің қазіргі жалақысы 83 мың теңгені құрайтын болса, оған 25 мың теңге көлемінде үстемеақы және жаңартылған білім беру бағдарламасы үшін тағы 24 мың теңге қосылады. Осылайша, еңбекақының жалпы сомасы 133 мың теңге болмақ.

Одан өзге БҒМ өкілдерінің айтуынша, биыл мұғалімдердің біліктілік деңгейін анықтау арқылы қосымша ақы тағайындайтын жаңа жүйе енгізіледі.

«Жаңа жүйеге сәйкес, ұлттық біліктілік тестін тапсырып, өз деңгейлерін растау арқылы мұғалімдер жалақыларын 20-50 процентке дейін көтере алады. Мәселен, бір саты жоғарылаған 15 жылдық еңбек өтілі бар 1-санаттағы қала мұғалімінің еңбекақысына 28 мың теңге қосылса, ауыл мұғалімінің жалақысына 36 мың теңге қосылады», — деді вице-министр.

Бұл үшін биыл қосымша 67 миллиард теңге бөлу қажет.