2018 жылы Атырауға 220 км асфальт салынғалы жатыр

2016  жылы қала мен қала маңындағы ауылдардың көшелерінде 96 шақырым жол салынса, 2017 жылы жол құрылысы қарқын алды. Өткен жылы жалпы ұзындығы 267  км болатын 330 көше асфальтталды.
2018  жылы жасалатын жол құрылысына жобалау-сметалық құжаттама дайындалуда. Жоспар бойынша қала мен маңындағы ауылдардың 207  көшесіне асфальт төселеді. Автокөлік жолының жалпы ұзындығы 220  шақырым.
Атырау қаласының әкімі Серік Шапкенов атыраулықтарды жол құрылысын бақылауда ұстауға шақырды. Жол құрылысындағы келеңсіздіктерге куә болған қала тұрғындары  Telegram  қосымшасындағы «Атырау облыстық әкімдігі» чат-арнасына немесе «Атырау Цифрлық қабылдау»  қосымшасы  арқылы хабарлай алады.
Сондай-ақ, биыл қала мен селолық округтер аумағындағы 19800  текше метр жолға жөндеу жүргізу жоспарланып отыр.
2018  жылы Атыраудағы 184  көшеге 178 км жаяу жүргіншілер жолын салу үшін ЖСҚ жасауға 25  млн теңге бөлінді. Автокөлік жолдары қасынан асфальттанған жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары қала мен тоғыз селолық округте басталады.