Семейден бір де бір шахмат мектебін таппадым

Кез келген адамның кәсіп бастауына бір оқиға түрткі болады. Семей қаласындағы жас кәсіпкерлер де шахмат мектебін кездейсоқ ашпаған.

«Бала күнімнен техникаға жақын болдым. 12 жасымнан бастап түрлі компанияларға арналған сайттар жасап, оларды жүргізумен айналыстым. Мен сайт жасаған компаниялардың көпшілігі Астана қаласында еді. Олардың қатарында фигуралы бизнеске, яғни шахматқа арналғандары да бар.

"МегаМозг" шахмат мектебі
©»МегаМозг» шахмат мектебінің жеке парақшасынан

Былтыр қыста кішкентай інімді шахмат мектебіне бергіміз келді. Алайда, Семей қаласында бір де бір шахмат үйрету орталығы жоқ болып шықты. Тек қана «Отбасы орталығы» қоғамдық қоры ұйымдастырған тегін үйірме бар екен. Оның өзінде, үйірмеге қатысушылар санына шектеу қойылған. Осылайша, қаламызда жеке шахмат мектебін ашу туралы идея туындады», — дейді жас кәсіпкер Әлихан Ерсаханов.

Жеке шахмат мектебін ашу туралы идея туындаған кезде Әлихан бар болғаны 17 жаста еді. Қазір «МегаМозг» шахмат мектебінің жұмыс істегеніне бір жыл болды.

Сол кезде тәуекелге бармағанда…

Ал Ерік Есімбетов болса, оқушы кезінен түрлі кәсіппен айналысқан. Оқуын аяқтап, беделді компанияның қызметкері атанғанымен, ол өз жолын кәсіптен ғана табатынын түсінген. Осылайша, ата-анасының қарсылығына қарамастан, көңілі қалайтын іске қайта оралған.

«Кішкентай кезімнен кәсіпкер болатынмын (күліп). Оқушы күнімде түрлі ағаштардың көшеттерін сатып, табыс табатынмын. Мектеп бітірген соң геофизика мамандығы бойынша оқуға түстім. Колледжде оқып жүргенде де түрлі кәсіп түрлерін байқап көрдім. Бірақ, ата-анам менің кәсіппен айналысқаныма қарсы болды. Кәсіптен қарағанда нақты, сенімді салада қызмет еткенімді қалады. Оқу бітірген соң бұрғылау компаниясына жұмысқа тұрдым. Осы кезде бұл жұмыстың маған лайық емес екеніне көзім жетті. Бірде маған Әлихан хабарласып шахмат мектебін ашу туралы идеясын айтты. Мен сол күні-ақ жұмыстан шығу туралы арыз жазып, компаниядағы қызметімнен шығып кеттім. Егер сол кезде тәуекелге барып, осындай шешім қабылдамағанда мен өзімді өмірде жолы болмаған маман сезінер ме едім, кім білсін?!

Ерік Есімбетов пен Әлихан Ерсаханов
©Жеке мұрағаттан

Жастық жігер мен жалынның арқасында болар, Әлихан екеуміз еш ойланбастан, шахмат мектебін ашуды қолға алдық. Мен жинап жүрген айлығымды, Әлихан өзінің жиған-тергенін, қосымша ата-анасынан қаржы алып, бірден жалға алатын ғимарат іздеп таптық. Ойын тақтасын қолдан жасадық», — дейді Ерік Есімбетов.

Оның айтуынша, жастардың күш-қуаты мен қиялы шексіз. Алайда, ата-аналар балаларының фантазиясын белгілі бір рамкадан шығарғысы келмейді.

«Менің де ата-анам алғашында жеке кәсіпкерлікпен айналысуыма қарсы болды. Бірақ, мен өзімді осы салада ғана көре алатынымды, жақсы сезінетінімді түсіндім, түсіндірдім», — деген Ерік қазақ жастарына еркіндік берсе, алмайтын асуы болмайтынын айтты.

Жалғыз оқушы, күйзеліс, қайта тұру кезеңінде…

Болашақта шахмат мектебі болатын ғимаратты жалға алып, қалада осындай мектеп ашылатынын хабарлап, тұсаукесер болатын күнді асыға күттік. Ашылу салтанатына арнайы фотограф пен журналистерді де шақырдық. Алайда, бұл күн біз күткеннен әлдеқайда қорқынышты болды (күлді). Сенесіз бе, «МегаМозг» шахмат мектебінің ашылу салтанатына бір-ақ бала келді! Осы кезде біз қатты күйзелдік. Бір жағынан кәсібіміздің жүрмей қалғанына өкіндік. Екіншіден, Семейде шахмат ойнай алатын немесе үйренгісі келетін баланың болмағаны ма деген ойға қалдық. Шахматқа арналған тақтайлар мен жиһаздарды әкеміз өз қолымен жасап берген еді. Жалға алған ғимаратты қайта өткізіп, жиһаздарды сатып жіберу туралы ойдың келгенін де жасырмаймыз.

Жас кәсіпкер, "МегаМозг" шахмат мектебі
©»МегаМозг» шахмат мектебінің жеке парақшасынан

Алайда, шахмат ойынында күтпеген өзгерістер орын алуы мүмкін. Ол үшін мықты жоспар керек. Өмір де сол сияқты. Ойлана келе, біз кәсібімізді жандандыру үшін жарнама қажет екенін түсіндік. Нарық заманында PR мен жарнаманың рөлі орасан зор. Біз «МегаМозг» мектебін былтыр ақпан айында аштық. Семейдің қақаған аязы баршаңызға мәлім шығар. Сондай сақылдаған сары аязда көшедегі адамдарға жарнама парақтарын таратып, аялдамаларға да жарнама жапсырумен болдық. Уақыт өте келе мектепке келушілердің қатары көбейе түсті.

«МегаМозг» — мәңгілік мектеп

Әлихан Ерсаханов пен Ерік Есімбаев «МегаМозг» шахмат мектебінің негізін салушы, PR менеджері, бухгалтері, тренері, SMM маманы және сайт жасаушы міндеттерін өздері атқарған бесаспап жігіттер. Ал қазір компанияда 7 адам қызмет етеді.

«Қазір мектебімізде 80-ге жуық шәкірт бар. Олар үш бірдей мұғалімнен дәріс алады. Сабақ аптасына үш рет болады. Айлық төлемақысы – 8 мың теңге. Оқушыларды бес жасынан бастап қабылдаймыз. Ниеті болса ересек адамдарды да шахмат ойнауға үйрете береміз»,- дейді жас кәсіпкерлер.

Кез келген кәсіпті ашқан адамның артында бұл жобам жабылып қалмаса екен деген тілек болады. Қазір біздің компания мәңгілік өмір сүреді деп нақты сеніммен айта аламыз. Себебі, шахмат ойыны қаншама ғасырлар бойы өлмеген сала. Демек, шахмат өлмесе, «МегаМозг» мектебінің мәртебесі де дәуірлей бермек.

"МегаМозг" шахмат мектебі, жас кәсіпкер
©»МегаМозг» шахмат мектебінің жеке парақшасынан

Бұрын Семей қаласында танымал шахматшылар көп болатын. Уақыт өте келе олар басқа қалаға көшті, жасы келді, сонымен қаладағы фигуралы спорт дәстүрі жойылудың аз-ақ алдында тұрды. Семейде шахмат мектебін көне дәстүрді қалпына келтіріп, қайта жаңғырту үшін аштық.

Семей – аумағы үлкен қала. Қазір қаладан шахмат мектебінің екінші орталығын аштық. Алдағы уақытта Өскемен қаласынан да шахмат мектебін ашсақ деген ой бар.

Кәсіпке де махаббат керек

Адам кәсіпті бастамас бұрын оның қыр-сырын өзі меңгеріп алуы керек. Біз өзіміз шахмат ойнай білмесек, оны өзгелерге қалай үйретпекпіз? Сондықтан, адам өзінің жанына жақын саладан бастаған кәсібі жемісті, жеңісті болады. Махаббат Отанға, адамға ғана емес, кәсіпке де керек.

Шахмат – ой спорты. Ойынның бұл түрін меңгерген адам алдын ала жоспар құруды, өмір сүруді, стратегия жасауды қоса меңгереді.

Жас кәсіпкерлер Ерік Есімбетов пен Әлихан Ерсаханов
©Жеке мұрағаттан

Біздің «МегаМозг» мектебінің шәкірттері көптеген байқаулар мен турнирлерде жақсы жетістіктер көрсетіп жүр. Облыс чемпионатындағы үздіктердің бәрі дерлік біздің шәкірттеріміз деп үлкен мақтанышпен айта аламыз.

Жетістіктің формуласы

Қазақтар қоғамдық пікірге көп қарайлайды. Маңызды шешім қабылдайтын тұста жұрттың көзқарасы үлкен жетістіктерге қолбайлау болып жатады. Жастарға ең бастысы қоғамнан қорықпау керек. Әр нәрсенің басы қатты, нәтижесі тәтті болады. Көп адамдар қаржылық сауаттылығы, заңнан хабары болмағандықтан, жеке кәсіпкерлік ашудан жасқанады. Мұның бәрі тәжірибемен келеді. Кәсіп түрлі болғанымен, жетістікке жетудің формуласы жалғыз, ол: ЕҢБЕК+ТАЛАП=ЖЕТІСТІК.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!