Ана мен сәбиге көрсетілетін алғашқы көмек…

Ана мен сәби перзентханадан шыққан соң, тіркеуде тұрған ауруханасына арнайы хабарлап айтады. Содан кейін 3 күннің ішінде дәрігер немесе медбике нәрестенің жағдайын үйіне барып тексереді. Егер аталмыш жағдай үш күннен артық созылып кетсе, балаға әртүрлі жағдаяттар болуы мүмкін. Өйткені, жаңадан босанған аналар қалпына келе алмай жатса, бірінші рет босанған аналар бала күтіміміне қалай қарау керектігін білмейді. Мұндай жағдайда аурухана қызметкерлері жас анаға көмектеседі.

Бала бір айға толғанша дәрігердің аптасына бір рет үйіне барып тұруы міндетті. Одан кейін ана мен бала әр ай сайын емханаға барып тұру керек. Ол жерде баланың салмағын, бойын, бас шеңберін өлшейді. Сондай-ақ, невропатолог, ортопед маманынан, хирургтан тексеруден өтеді. Мерзіміне қарай арнайы екпелер салынады.

Педиатр Хадиша Абдуллақызы
Балалардың салмағын өлшеуге арналған аппарат©Baribar.kz

Баланы қалай тамақтандырған дұрыс?

Дәрігер алғашқы тексеріс кезінде баланың жалпы жағдайын, терісінің түр-түсін анықтап қарайды. «Ана сүтін емуге қауқарлы ма? Анасы емізе ала ма?» осы жайттарды да қадағалайды. Жас аналардың сәбиін емізе алмауы жиі кездесетін мәселе. Сондықтан біз ол жағын да үйретеміз. Негізі жаңа туған нәресте 6 айға дейін ананың сүтімен тамақтандыру қажет. Егер ананың денсаулығы болмаған жағдайда немесе баланы емізуге болмайтын диагноздар анықталса ғана дәрігердің рұқсатымен нәрестеге түрлі қоспалар беріледі. Бірақ ана сүті баланың иммунитетінің қалыптасуына, ана мен баланың арасындағы қарым-қатынастың жақсаруына әсерін тигізетінін ұмытпағанымыз дұрыс.

Бұрын баланы әрбір 3-3,5 сағат сайын емізетін. Қазір экологияға, тамақтың құрамына байланысты 1,5-2 сағат сайын тамақтандырады. Егер анасының сүті тойымды болса, бала тез салмақ қосады, әрі 3-4 сағатқа дейін ұйықтап жата береді.

Алғашқы үш айда аналардың басым бөлігі «сәбилерінің іші кеуіп кетті, денесіне бөртпелер шықты» деген шағымдармен жиі келеді. Мысалы, бөртпелер анасының тәтті көп жеуінен пайда болады. Ал ішті желдендіретін тамақ ішсе, баланың да іші кебеді. Сол себепті аналарға «диетаға отырғандарыңыз дұрыс» деп айтамыз. Одан бөлек, лимон, цитрус, тәтті мен ащы тағамдар, алма, жеміс-жидектерді аз жеген дұрыс. Жалпы бала мықты болып өсуі үшін анасы дұрыс тамақтануы керек.

Педиатр Хадиша Абдуллақызы
©Baribar.kz

Сәбиді қалай шомылдыру керек?

Перзентханадан шыққан күні сәбиге БЦЖ, яғни туберкулезке қарсы екпе салынады. Екпе салынған жерге су тимеу керек. Сол үшін баланы 1-2 күн шомылдырмайды. Олардың кіндіктері жаңадан түскен, тіпті түспеген де болуы мүмкін болғандықтан, баланы инфекциядан сақтау үшін 37-38 градуста қайнатылған сумен жуындырады. Бастысы — шошытып алмау керек.

Шомылдырған соң денесін үтіктелген орамалмен сүртіп, терінің қатпарларын (қолтығын, тізесін, аяғын) балаларға арналған маймен сылау керек. Кіндігінің жарасын спиртпен сүртіп, таңып қойған дұрыс.

Бірінші айда үй салқын болмаса күніне бір рет шомылдырған пайдалы. Су — нерв жүйесі мен ұйқыға жақсы әсер етеді. Баланың көзі былшықтанатын болса, қайнаған су және таза стерильді салфеткалармен сүрткен дұрыс. Көзін сыртқы жағынан ішке қарай жуады. Көзін, құлағын, мұрнын жуындырған соң арнайы тазалағыш құралдармен сүрту керек.

Педиатр Хадиша Абдуллақызы
©Baribar.kz

Бала неге шырылдап жылайды?

Балалардың шырылдап, қолды-аяққа тұрмай жылайтын кездері жиі қайталанады. Оның екі себебі бар. Олар: баланың іші желденген немесе құлағына салқын тиген. Тексеру үшін әуелі құлағының тесігін басып көрген дұрыс. Егер бала одан да қатты жыласа, құлағына суық тиген. Оны дәрігерге көрсету керек. Ал егер іші желденген болса, арнайы жақпа маймен сағат тілі бойынша ішіне массаж жасалады. Сол кезде баланың желі шығады.

Кейбір балалардың туған кезде көкірек бездері ісініп тұрады. Оны көп ата-аналары сығып тастайды. Негізі ол өзі тартылып кетеді. Тиіспеген дұрыс.

Бала деген пластилин сияқты

Бір-екі айлық сәбиді ұйықтатқанда қолын байлау керек. Өйткені, қолын ербеңдетіп, өз-өзінен шошып кетуі мүмкін. Егер баланың ұйқысы тыныш болса, бала тез өседі. Жаңа туған нәрестенің киімі мата-мақтадан болғаны жөн. Синтетика киім баланың денесін қысады. Сондай-ақ, балаларға арналған жөргектерді (Pampers) мейлінше қолдануды азайтқан дұрыс. Тек үйден сыртқа шығарда қолданса, баланың терісі демалады. Жиі қолдана берсе, сәбидің терісі қызарып, аллергия болады.

Екі аптадан соң нәрестені сезон бойынша киіндіріп, далаға 1-1,5 сағатқа серуендеткен дұрыс. Үйде баланың бөлмесіндегі температура 25 градустан көп болмағаны жөн. Одан жоғары қысым болса ыстықтайды, төменгі қысымда тоңып қалады.

Педиатр Хадиша Абдуллақызы
©Baribar.kz

Бұрын 1,5 кг салмақтан асқан балаларды тіркеуге қоятынбыз. Қазір Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау ұйымы бойынша 500 граммнан бастап туған балалар тірі деп саналады. Сондай-ақ, дәрігерлер олардың денсаулығын жақсартуға барынша тырысу керек. Егер баланың табиғи жолмен қоректенуге шамасы жетпесе,  ана сүтін арнайы түтікшелер арқылы ішеді. Бала деген пластилин сияқты. Қандай күтім жасасаң, солай өседі. Ауыр жағдайларда да көпшілігінің оңалып кеткенін көріп қуанамыз. Мұның бәрі күтімге және дәрігердің дұрыс диагоноз бен тағайындаған еміне байланысты.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!