Ресейден келетін келімсектерді қабылдауға қауқарымыз жете ме?

Жуырда Ресейдің Федералды көші-қон қызметінің басшысы К.Ромодановский жыл басында елдегі еңбек мигранттар санының күрт, яғни 70 (!) пайызға төмендеп кеткендігі туралы мәлімдеме жасаған болатын. Соның артын ала көрші ел сарапшылары «гастарбайтерлер легі енді Қазақстанға ағыла бастайды» деп шулай жөнелді. Солай болатыны анық. «Осы жыл Қазақстанның көші-қон секторына біраз қиындықтар туғызуы мүмкін» деп санайды сол сарапшылар. Осы сала маманы, ресейлік С.Абашиннің пікірінше «Қазақстан бұған дайын емес».

Бұл тұрғыда:

— Орта Азия елдері мигранттарының енді Ресейге емес, бізге ағыла бастайтындығына үрке қарау орынсыз деп ойлаймын. Арзан жұмыс күшінің көбеюі – бәсекеге қабілеттілікті арттырады. Олар негізінен аз жалақыға келісе береді. Ал біздің қазақстандықтар 20-30 мың теңге еңбекақыны місе тұтпайды. Бұл бір жағынан дұрыс, яғни қазақстандықтар өздерін бағалайды. Айтпақшы, гастарбайтерлер негізінен жұмыс орнын таңдап жатпайды, қара жұмыстарға да риза. Ондай болса, біздің елдегі жұмыссыздарға да олар ешқандай қауіп төндіріп тұрған жоқ, — дейді депутат Азат Перуашев.

Әрине оптимист болған жақсы. Алайда еңбек мигранттарының күрт артуынан қауіптеніп отырғандар да баршылық. Қалай дегенде де, бұл — қуантарлық фактор емес. Біздің ойымызша, пайдасынан зияны көп. Тезірек ес жию керек сияқты. Өйткені, көктем келіп қалды. Құстар мен бірге келетін келімсектерге бізде де қазір жұмыс табылмауы мүмкін. Себебі, әлемдік экономикалық дағдарыс келе жатыр дейміз, ондай болса, мысалы үшін жылда қарқынды жүретін құрылыстардың ілдалдап қалатыны анық. Оның үстіне әлемдегі танымал әлеуметтік желілердің бірі саналатын Forsage HR агенттігінің директоры Елена Грищуктың «ЕАЭО, Батыс пен Ресей арасындағы санкция мен Украинадағы жағдайды ескерсек, макроэкономикалық үдеріс салдарынан еңбек мигранттарының үлесі күрт артқалы отыр. Ал Қазақстандағы еңбек нарығында бос жұмыс орындарының саны көбеймейді» дегіні бар. Қысқасы, гастарбайтерлер жағдайды ушықтыра ма дейміз.

Бірінші кезекте криминогендік жағдайды айтсақ болады. Мәселен ҚР ІІМ бір мәлімдемесінде «…шетелдіктер тарапынан біздің елде жыл сайын екі мыңға жуық қылмыс тіркеледі. Айналысатындары негізінен ұрлық-қарлық пен есірткі тасымалы. Сондай-ақ, жыл сайын 80-100 шетелдік азамат біздің елдің көші-қон заңдарын бұзып жатады» делінген болатын. Бәрін айт та, бірін айт, есігімізден еркін өтіп, елімізде еркін жүрген заңсыз мигранттар іштегі сыбайлас-жемқорлықтың туындауына да себепкер. Мысалы айтсақ, бейресми дерек бойынша, жыл сайын жарты миллионға жуық арзан жұмыс күші біздің елден нәпақа тауып кетеді. Ал ресми дерек бойынша, яғни квотамен келетіндер саны 30 мыңның ар жақ, бер жағы. Белді саясаткер Нұрлан Нығматулиннің ойынша, «Елімізге келіп жатқан шетелдік жұмысшылардың басым көпшілігі ел аумағында заңсыз жұмыс істеуде. Мигранттардың жалпы санының тек, бір пайызға жетер-жетпесі ғана заңды түрде тіркеледі».

Өткен жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 63 мың шетелдік азаматқа жұмыс істеуге рұқсат берілген болатын, яғни еліміздің экономикалық белсенді тобының шамамен 0,7  пайызы. Демек, 30 орын бос тұрды. Ондай болса, әлгі 500-600 мың мигрант құзырлы орындардың кейбір қызметкерлерінің «табыс көзі» десек қателеспейтін шығармыз… «Сыбайлас-жемқорлықтың туындауына да себепкер» деп отырғанымыз осы.

Өздеріңіз білесіздер, «Халықтың көші-қоны туралы» заңына біраз өзгертулер енгізілген. Заңға сәйкес, жеке тұлғалардың үй шаруашылығына бір мезгілде бес еңбек иммигрантын ғана тартуға рұқсат етілген. Сондай-ақ, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 396-бабына жұмыс беруші-жеке тұлғаға жұмысқа тартылатын еңбек иммигранттарының шектеулі санын бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тарту туралы норма бар. Оған қоса шетелдік азаматтарды дактило-фототіркеу арқылы бақылауды күшейту қарастырылған. Алайда мұндай база қылмыстың азаюына қаншалықты әсер етеді, ол жағы белгісіз. Былайша айтқанда, жаңа заң шетелдік азаматтар тарапынан болатын қылмыстың алдын ала алама, оған ешкім кепілдік бермейді. Демек, Ресейдің 70 пайыз еңбек мигранттары бізге келсе, қылмыстың көбеюі әбден ықтимал.

Заңға қайтып оралсақ, «бір адам бес мигрантты қабылдай алады» делінген. Одан асса жауапкершілікке тартылмақ. Бірақ қашан бізде заң орындалған еді..? Бізде қазір өзбектің өзі  Қазақстанда өзбекті  «жалға» беріп байып жүр. Естеріңізге сала кетейік, жаңа заң ел арасында үлкен дау туғызған болатын. Ол естеріңізде шығар?

Мысалы саясаттанушы Талғат Мамырайымов: «Біз шетелдік жұмыс күшіне тиімді жеңілдіктер көрсету арқылы, бірінші кезекте өз азаматтарымыздың құқын шектейміз. Екінші жағынан арзанқол жұмыс күші мен жұмыс берушілер арасындағы делдалдыққа жол ашамыз. Өйткені еңбек миграциясы айналымында қыруар қаржы жүреді. Үшіншіден, «гастарбайтерлер» легі  ағылатын болады елімізге. Менің ойымша, осы заңның қабылдануына нақты біреулер мүдделі болған сияқты» деп салған еді. Ол да мүмкін. Заңымыз келімсектерге тиімді болып тұр. Бұл – бір. Екіншіден, енді бұрындары нәпақасын Ресей жерінен тапқандар ат басын бізге бұрады. Қысқасы, «жаман үйді қонағы билейдінің» кебін киіп жүрмесек игі. Үкіметтің осы мәселеге айрықша мән бергені дұрыс болар еді.

ДереккөзTengrinews.kz