Мұрын аурулары неден пайда болады?
Мұрын қуысына ауа тіке бармайды. Белгілі бір жолмен арнайы қуыстар арқылы өтеді. Мұрын — организмдегі тыныс алудың жоғары регисторы. Яғни, біздің дем алған ауамыздың бәрі ішке енуі үшін мұрыннан өтеді. Сырттан кірген дем тазаланады. Бұл мұрын қуысында белгілі бір температурадағы ылғалдану процесі арқылы жүзеге асады. Сондай-ақ, мұрын дауысты қалыптастыруға, көмекейден дұрыс шығуы үшін де маңызды.
Алматы тұрғындарында мұрын ауруларының ренирит, гайморит, синусит түрлері жиі кездеседі. Өйткені, қаламыз ылғалды температурадағы мекен. Оның үстіне әр қаладан жиналған адамдар мен көліктер өте көп. Осының бәрі аурулардың туындауына әсер етеді.
Мұрын аурулары инфекция түскеннен де пайда болады. Адамдар қолын жумастан мұрындарын шұқиды. Ондағы жабысқақ кілегейлерді қолдарымен алады. Ал мұрын қуысындағы жабысқақ кілегейдің өзіндік қызметі бар. Кірген ауа осы кілегейлер арқылы тазаланады. Кейбіреулер «менде су ақпайды» , «мұрным таза, бәрі дұрыс» деп ойлайды. Олай емес. Мұрынды күнделікті арнайы сумен тазалап тұрған дұрыс. Егер мұрынды күнделікті тазаламаса, ірің пайда болады.
Сондай-ақ, мұрын қуысының ішіндегі формасының өзгерісі болса немесе мұрынға тиген соққылар кезінде де адамның тыныс алуы өзгереді. Біз мұрынның белгілі бір бөлігі қисық болса, оны түзейміз. Сөйтіп, тыныс алу жүйелерінің ашылуына жағдай жасаймыз. Бұрын сынған бөліктегі шеміршекті түгелдей алып тастайтын. Қазір мұндай әдісті қолданбаймыз. Себебі, шеміршекті алып тастағанда мұрынның ішінде тесік пайда болады. Адамға ауа барғанымен, тыныс алуы өте қиын болады.
Үй жағдайында емделуге бола ма?
Мұрынымыздағы тесіктің ішінде кішкентай қан тамырлары бар. Оларға дәрі тамызса кішірейеді. Сосын қайта ұлғаяды. Ал қан тамырларының ішінде үздіксіз қан жүруі керек. Дәрі тамызу кезінде қан жүрмей қалады. Содан кішкентай тесік үлкейеді де, дем алуға қиналасыз. Мұның арты іріңнің жиналуына әкеп соғады.
Адамдар арнайы тамызғыш дәрілерді дәрігерге көрінбей-ақ, үй жағдайында пайдалана береді. Бұл — дұрыс емес. Жиі әрі ұзақ пайдалану тәуелділікке әкеледі.
Гайморитті асқындырмаған дұрыс
Гайморит тыныс алу жүйесіне вирустың және тіс ауруы кезінде инфекцияның түсуінен, механикалық сынықтан немесе арнайы тамшыларды жиі қолданғаннан пайда болады. Мұрын тесігінің қисаюы да гайморитке әкеледі. Мұндайда науқастың басы жиі ауырып, мұрынмен тыныс алуы қиындайды.
Гайморит асқынып кетсе, дәрігер инемен тесу арқылы ем жасайды. Ірің дер кезінде емделмесе , менингит ауруына шалдықтырады.
Бізге ауырып келетін пациенттердің иммунитеті өте төмен. Неге? Қазіргі адамдардың тамақ ішуге уақыты жоқ. Болса да жеңіл-желпі тамақтанады. Тәтті мен нанды көп жейді, су мүлде ішпейді. Жалпы, уақытылы тамақ ішкен дұрыс. Сосын міндетті түрде ұйқыдан тұрған соң ағзаға 1-2 стакан жылы су ішу керек. Су адам ағзасына керек. Өйткені, сөл бөлінеді, адам ағзасы құрғамауы керек. Осыны дәрігерлер адамдарға айтпайды. Бұл өте маңызды.
Гаймориттің белгілері және алдын алу үшін:
Гаймориттің белгілері байқалса, дереу дәрігерге көріну керек. Көпшілігі мән бермей жатады. Ал егер асқынып кетсе, іріңді алу бізге қиындық тудырады.
Гаймориттің белгілері:
— бас жиі ауырады,
— дене қызуы көтеріледі
— мұрын арқылы тыныс алу тарылады
— мұрын мен өңешке жиі ірің жиналады.
Алдын алу үшін:
— мұрынды жиі тазалап тұру керек;
— үй жағдайында емделмеу керек;
— тыныс алу қиындаса, дәрігерге бірден көріну керек;
— 5 күннен көп мұрынға тамшы тамызбау керек.
Мұрын неге қанайды?
Мұрынның қанауына мұрын қуысының жаралануы, гипертония себеп болады. Ағзадағы қан тамырлары әлсізденгенінен мұрын жиі қанай береді. Кейде бұл белгілі бір аурудың симптомы болуы да мүмкін. Егер жарты сағатта қан тоқтамаса және жиі қайталанса дәрігерге міндетті түрде көріну керек.
Ал адамдардың қорылдауы жүректің ақауынан, бүйректің дұрыс қызмет атқара алмауынан болады. Егер адамның қорылдағаны гипертерофиямен байланысты болса, біз көмектесе аламыз. Яғни, гипертерофия адамның ауыз қуысындағы көмекейде тұратын кішкентай тілікке байланысты болып келеді. Сол кішкентай тілік ұзарса, адамның ұйықтағанда тынсы алу жолын жауып, қорыл шақырады. Ал біз соны кесіп қысқартамыз.
Біздің халық дәрігерді сыйлауды үйренсе екен
Мен «Болашақ» бағдарламасымен Мәскеуде 2 жыл оқыдым. Өзім үшін көп тәжірибе жинадым. Себебі, бізді ол жақта дайын маман ретінде қарады. Әрқайсымыз ауырған жандарды қабылдап, науқастарға операциялар жасадық. Айтайын дегенім, орыстар «мына дәрігер жаман» деп ешқашан айтпайды. Қайта денсаулығын қарағаның үшін, операция жасағаныңа риза болады. Дәрігерлерге гүл сыйлайды, сыйлық алып келеді. Бізде гүл түгілі, алғысты да дұрыс айтпайды ғой.
Жалпы, әрбір адам өз денсаулығына жауапты болғанын қалаймын. Ал бізде ауыра қалса, дәрігерге «сендер емдеу керексіңдер» деп міндеттеп келеді. Оның үстіне бәрі әбден асқынғанда көрінеді. Дамып кеткен Америкада да сіздің асқынған ауруыңызды бір күнде емдеп бере алмайды. Әр адам өз денсаулығының маңызын түсінсе екен деймін. Адамға екінші өмір берілмейді ғой. Ал бұзылған денсаулықты ешқашан қалпына келтіре алмайсыз. Сол себепті ауырмау үшін әрекет ету керек.
Дәрігерге сенбеудің нәтижесінде адам өз-өзінің өмірін құртады. Мәселен, жұмыс істеу тәжірибемде 23 жастағы қыз гаймориттен қайтыс болды…Мен оны бір ай тексердім. Ол қыз маған дейін қаралған дәрігердің айтқанын тыңдамаған. Мұрнындағы іріңді тескізбей, өз бетінше шөппен емделген. Ал мұрын қуысындағы ірің миға жинала берген. Сондықтан, дәрігерге сеніммен қарау керек. Айтқанын тыңдаған дұрыс. Біз ешкімге жамандық тілемейміз.
Сұхбаттасқан Айзада Жайыққызы, суретке түсірген Айгүл Хожантаева
Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.
Өте дұрыс айтасыз мендеде мұрным мазалап бас аурып аперация болғам бырақ әлде де мұрным бытелип бас ауырады жиі мазалаид