Басты бетЖаңалықтарҚостанайда ресейлік...

Қостанайда ресейлік тракторлар құрастырылмақ

Индустриялық аймақта «Урал ЛТД» ЖШС үлкен сұраныс болған жағдайда «Кировец» тракторының 500-ге дейінгі данасын шығаруға ниетті. Серіктестік директоры Валентин Романов облыс әкімімен кездесу барысында ресейлік тракторларды құрастыру жоспары туралы айтты.

Архимед Мұхамбетов те оның жоспарын құптап, инвесторлар тарапынан 1 млрд теңге бөлінген жағдайда жер учаскесі берілетінін жеткізді.

«Біз жер учаскесін бөлеміз, содан кейін сіздерге инвесторлардың тиісті қаржы құюын күтеміз. Қазірдің өзінде Индустриялық аймақта өз жобаларын жүзеге асырғысы келетін кәсіпорындар көп, өйткені егер олардың базасында еркін экономикалық аймақ болса, салықтық жеңілдіктерге ие. Сондықтан да ең әуелі инвестиция мәселесін шешіп алыңдар», — деді облыс әкімі.

Дәл осы аймақтағы «ВЕК Қазақстан» ЖШС жеделсаты шығаратын зауыт құрылысын қолға алған. Бұл зауыттың құрылысы осы жылдың қыркүйек айында басталған еді. Жобаның жалпы құны — 2,5 млрд теңге.

Айта кетейік, кәсіпорын жылына 700 жеделсаты жасап шығаруға қауқарлы. Қазірдің өзінде-ақ 105 млн теңгенің жеделсатыларына алдын ала сұраныс қабылдап қойыпты.

ДереккөзKazinform.kz