Ресей «Эйр Астанаға» өз аспаны арқылы ұшуға рұқсат бермей отыр

Мәселе осы күнге дейін дипломатиялық жолдармен шешілмей отыр. Сондықтан үкімет араласуы мүмкін дейді, компания өкілі.

Еске салайық, Ресей өз әуе кеңістігі арқылы Моңғoлия астанасына ұшатын қазақстандық рейске рұқсат бермей келеді. Көрші ел Транссібір бағыттары бойынша 300 шақырым әуе жолы үшін құн талап етеді. Ал ИКАО мәліметі бойынша, Транссібір бағыты жүйесіне Қазақстаннан Моңғолия, Қытай және Оңтүстік Кореяға ұшу кезінде қолданылатын әуе жолдары кірмейді.

Бір қызығы — Қазақстан ресейлік борттардың үшінші елдерге ұшуына ешқандай шектеулер қоймайды. Мәселен, бір аптада ресейлік әуе компаниялары Қазақстан арқылы шамамен 640 рейс жасаса, ал Қазақстан тарапы Ресей аумағы бойынша аптасына бар болғаны 25 рейс жасайды.

Айта кету керек, бүгіннен бастап «Эйр Астана» Мәскеуге кестеге сай қатынай бастады. Бұдан бұрын «Росавицация» Мәскеуге ұшуға да шектеу қойған еді.