Президент қазақстандықтарды Жаңа жылмен құттықтады

«Санаулы сәттерден соң біз күнтізбенің жаңа парағын ашып, 2018 жылды қарсы аламыз. Жаңа жыл – барша жұрт ізгі тілекпен, үкілі үмітпен, ақ ниетпен асыға күтетін айрықша мереке. 2017 жыл Тәуелсіздік жылнамасында ерекше із қалдырған оқиғаларға толы болды. Ата заңымызға өзгеріс енгізіп, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру үшін маңызды қадам жасадық. Бабалар дәстүрінен нәр алып, болашақтың бағдарын айқындайтын Рухани жаңғыру жолын бастадық. Өткен жыл қазақ тілінің жаңа әліпбиі қабылданған тарихи шешім арқылы есте қалады. Біз саясатта, экономикада, спорт саласында маңызы зор халықаралық шараларға бастамашы болдық. Татулық пен тұрақтылықтың мекені – Қазақстан ел мен елдің арасын жақындатты», — деді ол құттықтау сөзінде.

Сонымен қатар, президент құттықтауында 2017 жылы орын алған елеулі оқиғаларды атап өтті.

«Әлемнің әр түкпірінен келген спорт саңлақтары Қысқы Универсиада төрінде бас қосты. Астананың және бүкіл еліміздің ажарын ашқан «ЭКСПО» көрмесі беделімізді биіктетіп, абыройымызды асқақтатты. Барша мұсылман елдерінің басшылары қатысқан жиын өтті. Биыл біз он сегіз миллион халқы бар еңселі елге, мерейлі мемлекетке айналдық. Өтіп бара жатқан жылды баршамыз үшін құтты жыл болды деп сеніммен айтуға болады. Жарқын жетістіктеріміз бен жасампаз жеңістеріміз – бекем бірлігіміздің арқасы. Бұл белестерді өздеріңізбен бірге алдық, толайым табыстарға сіздермен бірге жеттік», — деді құттықтауында.

Сөз соңында, Мемлекет басшысы әр отбасыға бақыт, береке мен бірлік тіледі.