БҚО-ның Ақжайық ауданында “Өркен” коворкинг орталығы ашылды

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданында облыс жастарының Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жағыру» мақаласынан туындаған бағдарламарды жүзеге асыру, бұл салмақты қызметте жастардың үлестерін арттыру мақсатында «Жастар қуаты – болашақтың қуаты» форумы оздырылды.

Облыстың жастар көшбасшылары, ауданның белсенді жастары, Жайық өңірінен түлеген жерлес жастардың қатысуымен өткен форум аясында «Білім бәсекелестігі, тәрбие сабақтастығы», «Рухани қазына – ұлтымыздың мұрасы», «Ақпарат толқыны – жастар үлесі», «Жастардың бойында ұлттық кодты қалыптастыру, патриотизмге баулу» тақырыптары бойынша 4 секциялық отырыс өткізілді. Барлығы аталмыш шараға 200-ге тарта қыз-жігіт қатысып, өздерінің ұстанымдарының, өңіріміздің тірлігін жақсартуға деген тілектерінің зор екендіктерін тағы бір дәлелдеді. Олар өздерінің көкейлеріндегі өзекті сұрақтарына тиісті жауаптар алып, осы тақырыптар бойынша бірқатар маңызды ұсыныстарын ортаға салды.

Форум жұмысына арнайы облыс орталығынан білікті мамандар шақыртылып, жастардың осы салада толыққанды ақпаратпен қамтылуы қарастырылды.
Аталмыш шараға қатысушылар ақиық ақын, жыр жебесі – Жұбан ақынның ескерткішіне гүл шоғын қойып, артынша «Өркен» коворкинг орталығының ашылу рәсіміне  қатысты. Салтанатты сәтте сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғ.Оспанқұлов осындай нысандардың жастардың әлеуетін көтерудегі рөлі мен үлесі зор екеніне ерекше назар аударды. Расында да, бірлесіп жұмыс істейтін орталықтардың қыз-жігіттерге ұсынар қызметтері мол. Айталық, интернетті пайдалану, ұйымдастыру техникаларын, яғни компьютер, өзге де жабдықтарды қолдану мүмкіндіктері  мұнда жастарға тегін ұсынылады. Орталық шартты түрде 4 аймаққа бөлінген: орталық алаң, жеке жұмыс алаңы, еркін демалыс алаңы және рухани жаңғыру залы. Мұндағы басты мақсат – жастардың шығармашылық, интеллектуалдық әлеуетін арттыру және кәсіпкерлік айналысуға ниетті, бірақ әзірге кеңселік орынға мұқтаж жастарға өздерінің бизнестерін өрістетуге мүмкіндік беру.

Форум аясында Ақжайық ауданы әкімдігі мен облыстың белді 5 жоғары оқу орындарының арасында өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылды. Пленарлық мәжілісте сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Абдоллаұлы форум жұмысына оң бағасын беріп, облыс аудандарының ішінде алғаш ашылған коворкинг орталығының жұмысына сәттілік тіледі.

Шара аудан жастарының дәстүрлі ХІІ «Жастық жігер» фестиваліне ұласты. Мұнда аудан әкімі Әділ Жоламанов ауданда жыл белесінде жастар саясаты саласында атқарылған жұмыстар туралы ақпаратпен бөлісті. Аудан бойынша осы салада «Ақжайық өрендері» жастар қоғамдық бірлестігі және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық жұмыс істейді. 18 ауылдық округте жастар ісі жөнінде  кеңесші жастармен тығыз қызмет атқаруда. Жаңа жылдан бастап 5 ірі елдімекенде осындай мамандар ашу қарастырылған. Жастардың бастамасымен аудан орталығында ашылған «Шапағат» қайырымдылық дүкені арқылы аз қамтылған 130 отбасы киім-кешектермен көмек алса, бүгінде осындай нысан барлық ауылдық округте ашылуда. Қазіргі таңда Есенсай, Көнеккеткен, Қарауылтөбе, Базаршолан ауылдарында «Шапағаттың» шапағатын 54 жанұя көрді.

Осыдан соң аудан басшысы жыл межесінде үздіктер қатарынан көрінген жастарға арнайы сыйлықтарын табыс етті. Сонымен қатар жігітке тән мәрт мінез, қайырымдылық пен мейірімнің алғаусыз үлгісін көрсетіп, бейтаныс қызға өз бүйрегін сыйлаған Абзал Әділовке де ерекше ыстық ілтипат көрсетілді. «Заман» Батыс Қазақстан облысының өндірушілер ассоциациясының  төрайымы  Айгүл Туркина және Алмалы ауылының тұрғындары атынан Болат Өтешев барша жерлестердің атынан ықыласпен ризашылығын білдірді.

Шара соңы ауданның өнерпаз жастарының ән-биімен өрілген концертке ұласты.