«Деловой климат» ұйымы жүргізген зерттеу жұмысының нәтижесінде кеден әкімшілігінде ең көп пара алатыны анықталды. Аталған саладағы пара мөлшері әдетте 588 мың теңгеден басталып, 2,2 миллионға дейін жетеді. Екінші орында жер жұмысына қатысты мекемелер тұр. Бұл жердегі алыс-беріс мөлшері 539 мыңнан басталып, 2,1 миллионға дейін барады. Ал үшінші орында құрылыс және сатып алу саласы. Мұндағы пара 699 мың теңге – 1,5 миллион және 295 мың – 1,2 миллион теңге.
Ең аз пара салық салу саласында – 248 мың теңгеден басталып, 923 мың теңгеге дейін барады. Мұнымен қатар, аталған саладағы параның көрсеткіші 4,5 ұпайға жетіп отыр. Әдетте жемқорлық көрсеткіші 1 және 5 ұпай аралығында бағаланады. Мұнда 5 – ең аз, ал 1 — ең көп көрсеткіш. Ең аз пара алатындар арасында екінші орында құрылыс және сатып алу саласы тұр – 3,87 ұпай. Ал жер жұмысына қатысты салалар – 3,35 ұпай.
Жалпы кеден органдары, экономикалық зерттеу қызметтері және транспорттық инспекция саласының мамандары ең көп пара алатын болып шықты. Ал аймақ бойынша есептейтін болсақ, ең көп параны Жамбыл Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының қызметкерлері алған.
Аталған ұйым жемқорлыққа қарсы бағдарламалардың 71%-ға ғана жұмыс істеп отырғанын айтып өтті. Бұдан өзге жемқорлық деңгейін төмендету үшін жазаны қиындатып, билік органдарындағы қызметкерлердің әрекетін қатаң бақылап, өздерінің және отбасы мүшелерінің табысын жіті бақылау ұсынылды.
Ұлттық палата жүргізген зерттеудің негізінде аталған салаларда жемқорлықты азайту үшін бірқатар шара қолданылмақ. Рекомендеулерді жүзеге асыру мәселесі Жол картасы, Бас прокуратура, жемқорлықпен күрес және мемлекеттік қызмет жұмысының агенттігі аясында 2018 жылы қолға алынады.