Аружан Саин: балалар үйлерінен бес жылда құтылуға болады

«Открытая Азия онлайн» хат авторымен жүздесіп, осы заң жобасының қай тұстары көңілін әсіресе алаңдататынын сұрады.

Үш журнал қалқалаған құпия

Қазақстанда биологиялық ата-анасының қамқорлығынан айрылған балаларды тіркеуге алатын қазіргі заманғы электрон деректер базасы жоқ. Елде әлі күнге дейін үш деңгейлі есепке алу жүйесі жұмыс істеп келеді. Бала бәлеге душар болып, жападан-жалғыз қалса, алдымен бала табылған ауданның қамқоршылық органдарының қызметкерлері журналына сәйкес жазба тіркейді. Бұл бастапқы тіркеуде бала бір ай бойы тұрады, ол аралықта балаға отбасы керек екенін, оны балалар үйінен немесе Сәбилер үйінен алып кетуге болатынын ешкім білмейді. Ол ақпаратты тек сол бір нақты ауданның бір кездері бала асырап алуға ниет білдіріп құжат тапсырған тұрғындары ғана біледі. Бір айдан кейін баланың анкетасы салынған бума Білім департаментінің «аймақтық есеп» аталатын есебіне тіркеледі де, сол жерде тағы екі ай жатады. Содан кейін барып баланың деректері Білім министрлігі жанындағы Балалар құқығын қорғау жөніндегі комитетке жөнелтіледі. Сол жерде орталықтандырылған есепке алу жүйесіне тіркеліп, ол деректерді бала асырап алуға ниетті шетелдіктер көре алатын болады.

— Баланы асырап алу үшін біздің азаматтардың үш ай уақыты бар. Алайда, Қазақстанда қай балаға отбасы, не қамқоршылар, тым болмаса патронат тәрбиешілер керек екенін білмесек, оны қалай алып кетеміз? – деп наразылығын білдірді Аружан Саин. – Айталық, бала Таразда, ал оны асырап алуы мүмкін адамдар Алматыда тұрады. Олар бір-бірінің бар екенін, бір-біріне керек екенін қайдан біледі? Бізде кез келген қазақстандық кіріп, қарап, ата-анаға зәру балалардың бәрі жөніндегі мәліметтермен таныса алатын ортақ деректер қоры жоқ.

Мемлекеттік органдарға деректер банкін жүргізген тиімсіз

Қоғам белсенділері қандай да бір себептермен ата-анасының қамқорлығынан айрылған балалар туралы бүкіл ақпарат егжей-тегжейлі жазылатын орталықтандырылған деректер қоры пайда болуын талап етіп отыр. Оның үстіне, ол картотека ведомствоаралық болуы тиіс, өйткені тастанды баланың тағдырын шешуге бірнеше мемлекеттік мекеме араласады.

Үкіметтік емес ұйымдар бала ата-анасының не қамқоршыларының қарауынсыз қалған сәттен бастап ол туралы полиция, әлеуметтік қызметтер, дәрігерлер мен сот органдары сәйкесінше өз құзырлығына сай жазбалар енгізіп отыра алатын деректер банкін құруды ұсынады.

— Үкіметтік емес ұйымдар бұл жүйені жасаумен парламент депутаттарымен бірлесе отырып бірнеше жыл айналысты, — дейді Аружан Саин. – Алайда, қазір жұмыс тоқтап қалды. Ал қазір біз қабылдануына қарсы шығып отырған заңда ондай картотека болуы туралы тармақ жоқ. 

Сөйте тұра, Бас прокуратура мемлекеттік органдар жетім балалардың құқықтарын аса өрескен бұзған бірқатар жағдайларды анықтады. Мысалы, Алға балалар үйінен оралған апалы-сіңлілі Долговалар өз үйіне кіре алмаған. Бақылаусыз қалған үйге қаңғыбастар кіріп алған. «Оның себебі — осы мәселеде жауапты органдардың құзыреті айқын еместігінде. Соның салдарынан, бір де бір құзыретті орган өзін жетім балалардың үйін қорғауға жауапты санамайды», — деп бағалады жағдайды Бас прокуратураның бөлім басшысы Қанат Сейідғаппаров.

Жетім балалар

Балалар үйлері – Қазақстанның бетіне шіркеу

Қазақстандағы балалар үйлерінде әлімжеттік орнаған. Балалар өз қатарларынан да, тәрбиешілерден де қорқады. Бұл туралы Бас прокуратура алқасында сөз болған. Интернаттардың бірінде үш тәрбиеленуші қыз жүкті болып қалғаны және соны жасыру үшін жасанды түсік жасатылғаны туралы ақпарат та сол жерде айтылды. Қазір полиция балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан кәмелетке толмаған ұл баланың зорланғаны туралы істі тергеу үстінде. Бұл жолы да мекеме басшылығы жабулы қазанды жабулы күйінде қалдыруға тырысқан. Аружан Саин үкіметтің қолына қарап отырған балалар тек отбасында ғана болатын мейірім мен қамқорлыққа зәру екенін айтады.

«Милосердие» қоғамдық қорының мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанда отыз мыңнан астам жетім баланың 8066 ғана мемлекеттік балалар мекемелерінде тұрады екен. Қазақстандық үкіметтік емес ұйымдар жүргізген зерттеулердің нәтижесі бала асырап алуға жеті жарым мыңнан астам адам ниет білдіргенін алға тартады. Әрине, бала асырап алғысы келетіндер ең алдымен бір жасқа толмаған сәбилерге қызығады. Бала асырап алу құпиясын жамылып, ересектер балаларға өзінен тумағанын айтпай, жасырып қалады. Алайда, бұл ержетіп қалған жетім балалардың отбасылы болуға мүмкіндігі жоқ деген сөз емес.

— Отбасына кетіп жатқан балалардың жасы жыл санап өсіп келеді, — дейді Аружан Саин.

— Он жасар, он екі жасар балаларды асырап алып жатқандар бар. Алматыда бала асырап алған ата-аналар клубы жұмыс істейді, оған үш-ақ айдың ішінде асырап алған баласын тәрбиелеп отырған елуден астам отбасы қосылды. Және, олардың барлығы дерлік төрт жасар және одан да үлкен балаларды асырап алған.

Балалардың бәрі балалар үйіне сәби кезінде түспейді. Көп жағдайда тіпті жасөспірім кезінде келетіндер де болады: мұндай балалардың не ата-анасы қайтыс болып, туыстары бас тартқан немесе туысы жоқ, не болмаса ата-анасы түрмеге түскен немесе баласын тәрбиелеу құқығынан айрылған. Ондай балаларды да отбасына қосып алатындар болады. Көбінесе, бала асырап алғаны үшін еңбекақы алатын патронат ата-аналар институтының дамуы жақсы әсер етіп жатыр. Ал кей кезде ес біліп қалған балаларды өз кіндігінен бала сүйе алмаған ерлі-зайыптылар асырап алады: олар үшін толық отбасын құрудың жалғыз жолы осы.

Шетелдіктерге бала асырап алуға тиым салу керек пе?

Шетелге кеткен бала қайғылы оқиғаға душар болған сайын, шетелге бала асырап әкетуге тиым салуға үндеген жанжал бұрқ ете қалады.

26 ақпанда 51 жасар америкалық Дэвид Кэмпбелл өзінің бұрынғы әйелі Лана Карлсонды және оның асырап алған екі баласы – 18 жасар Тори мен 16 жасар Куиннді атып өлтіріп, содан кейін өзіне қол салған. Жасөспірімдер кезінде Қазақстаннан асырап әкетілген балалар екені бірден анықталды. Бұрынғы есімдері Тимур Коктиев және Дамир Әбдрахманов болған екі бала Көкшетауда туған, шетелге әкетілгенге дейін Шучинск қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленген. Асырап алған анасы АҚШқа алып кеткен кезде Тимурдың жасы бесте, Дамир – үш жаста болған екен.

 Дэвид Кэмпбелл Лана Карлсон

Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде қызу дау, пікірталастар басталып кетті, ал Щучинск қаласындағы балалар үйінің бас дәрігері Нұргүл Қаражанова ол балаларды АҚШ азаматтарына асырап алуға беруге өз елінде олардың тағдырына ешкім алаңдамағаны себеп болды деп мәлімдеді. Аружан Саинның айтуынша, осының бәрі – қазақстандықтар Тимур мен Дамирдің бар екенін білмеуіне, сондықтан да асырап ала алуға мүмкіндігі болмауына себеп болған тіркеу жүйесіндегі кемшіліктердің салдары.

Шетелдіктердің бала асырап алу процесін прокурорлар тексерді. Олар АҚШ-қа барған сапарында Қазақстанда бір адам басына көптік ететін емделмейтін ауру жамалған қыз бала сап-сау, балетке барып билеп жүргенін көрді. Енді бір жағдайға қатысты, шетелдіктер асырап алған баланың ісін қарастыру барысында, тексерушілер сол баланы асырап алудан бас тартты делінген қазақстандықтардан жауап алған. Сол кезде қолдар өтірік қойылғаны анықталды.

Аружан Саин мұндай жағдайларды да болдырмауға болар еді дейді. Ол үшін елде бәріне көрінетін, ең алдымен қазақстандықтардың өзі қолдана алатын деректер базасы болуы тиіс.

Ал шетелдіктердің бала асырап алуына тиым салу турасына келгенде Аружан үзілді-кесілді қарсы шығып отыр. Қазақстан БҰҰ Бала құқығы жөніндегі конвенциясына және Балаларды қорғау жөніндегі Гаага конвенциясына қосылған. Сондықтан да, осы меморандумдардан бас тартсақ қана, шетелдіктерге бізден бала асырап алуға тиым сала аламыз.

— Біздің балалар, біздің кішкентай азаматтарымыз шетелде зардап шегіп, қаза тауып жатқанын түсінемін. Алайда, ондай жағдай кез келген елде, бізде де болуы мүмкін ғой. Тіпті ата-аналардың өзі ішінен шыққан баласына қастық жасап жататыны болады. Сондықтан да, бұл іске саяси сипат беріп, шетелдіктердің бізден бала асырап алуына тиым салу керек деп үндеу тастау – дұрыс емес деп ойлаймын. Сөйте тұра, бізден шетелге бала асырап алу процесі ашық жүруі тиіс.

Министр қабылдуында

Осыдан біраз уақыт бұрын ғана Аружан Саин Білім және ғылым министрлігінде өткен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесуден келді. Белсенді азаматтар мемлекеттік қызметкерлерге ұсыныстарын айтты. Олардың бірі, әрине, отбасы жылуына зәру балалар туралы деректер базасын құру туралы болды.

Қазір парламентте қаралып жатқан, қоғам белсенділері түбегейлі қарсы шығып отырған заң жобасын Білім және ғылым минстрлігі жанындағы Бада құқығын қорғау комитетінің қызметкерлері әзірлеген. Сонда, заң жобасына сәйкес, олар өз-өздеріне бұйрық беретін, сол бұйрықты өздері орындайтын, оны өздері қалай орындағанын өздері қадағалайтын заң ойлап шығарған болып тұр. Қоғамдық бақылау туралы да, тастанды балаларды ашық есептеп тіркеу туралы да бір ауыз айтылмаған.

Аружан Саинның айтуынша, бір айдан сәл астам уақыт бұрын білім және ғылым министрі қызметіне тағайындалған Ерлан Сағадиев ұсыныстардың бәрін мұқият тыңдап, түсіністікпен қарап, мәселелердің бәрін жеке қарастырып шығуға уәде беріпті.