Қысқы универсиада ойындары
XXVIII қысқы Дүниежүзілік универсиада 2017 жылы 28 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өтті. Алматыда өткен 2017 жылғы Дүниежүзілік қысқы универсиаданың тұмары ретінде сұңқар таңдалды. Тұмарды ұсынушылардың пікірінше, сұңқар жылдамдықты, жеңілдікті, күш-қуат пен жеңіске деген құлшынысты бейнелейді. Логотип айқын көрінетін динамикалық пішіні бар сұңқар қанаты түрінде жасалған. Осы символға орай, Алматыдағы Универсиаданың ұранына «Қанатыңды кең серпі!» тіркесі таңдалды.

Универсиада жарыстары спорттың 12 түрі бойынша өтті. Олардың арасында тау шаңғысы, биатлон, шаңғы жарысы, шаңғы қоссайысы, шаңғымен трамплиннен секіру, сноуборд, фристайл, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, конькимен жүгіру спорты, шайбалы хоккей (ерлер және әйелдер арасында) және керлинг ойындары бар.
FISU альянсына кіретін 50 елден бес мыңнан астам студент қатысты.
Қазақстан 11 алтын, 8 күміс, 17 қола жүлдені қоржынға сала отырып, 2-ші орынға иеленді.
Жеңімпаз елдердің құрамына кірген үздік бестік:
Орын | Ел | Алтын | Күміс | Қола | Барлығы |
---|---|---|---|---|---|
1 | ![]() |
29 | 27 | 15 | 71 |
2 | ![]() |
11 | 8 | 17 | 36 |
3 | ![]() |
11 | 5 | 5 | 21 |
4 | ![]() |
6 | 12 | 10 | 28 |
5 | ![]() |
5 | 2 | 6 | 12 |
ЕХРО-2017. Дүниежүзілік көрме
Экспо 2017 — Қазақстанның елордасы Астана қаласында Халықаралық көрмелер бюросымен (ХКБ) ұйымдастырылған Халықаралық көрме. Көрме 2017 жылдың 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өтті. Ұйымдастырушылармен таңдалған тақырып Future Energy (Болашақ қуаты) болып табылады.
Форум жаһандық энергетикалық мәселелер мен сын-қатерлерге арналған 12 тақырыптық бағыт бойынша өтті. Айтулы шараға белгілі саясаткерлер, есімдері әлемге әйгілі ғалымдар, Нобель сыйлығының лауреаттары, инвесторлар, халықаралық ұйымдар мен бизнес-қоғамдастықтардың өкілдері қатысты.
ЕХРО-2017 көрмесіне 115 мемлекет және 22 халықаралық ұйым қатысты. Көрмені тамашалауға 4 млн адам келді. Тек, қазақстандық «Нұр Әлем» павильонының өзін 1 миллион үш жүз мың адам көрген. Шетелдік қонақтар туралы айтатын болсақ, олар әлемнің әр түкпіріндегі 187 мемлекеттен келген.

Президент қазақ тілін латын әрпіне көшіру туралы жарлыққа қол қойды
Осыдан тура 5 жыл бұрын, 2012 жылғы 14 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті — Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан-2050″ Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын жасаған болатын. Онда: «Қазақ тілі — біздің рухани негізіміз. Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл — ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы — қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», — делінген.
2017 жылдың 26 қазанында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды.
Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы:
Қазақ тілі әліпбиінің кириллицадан латын графикасына көшірілуін қамтамасыз ету мақсатында қаулы етемін:
1. Қоса беріліп отырған латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құрсын;
қазақ тілі әліпбиінің 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшуін қамтамасыз етсін;
осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де, соның ішінде ұйымдастырушылық және заңнамалық сипаттағы, шаралар қабылдасын.
3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстанның 18 миллионыншы тұрғыны дүниеге келді
«Ұлттық экономика министрлігіне қарасты статистика комитетінің мәліметіне сәйкес, ағымдағы жылы мамыр айында Қазақстан xалқының саны 18 миллионға жетті. Осылайша, 11 мамырда 18 миллионыншы адам дүниеге келді. Ол Алматы облысы Талдықорған қаласының тұрғыны — Мүслима Саматқызы.
Жалпы, тәуелсіздік жылдары халық саны 1 562,5 мың адамға немесе 9,5%-ға өсіп, ағымдағы жылдың 1 маусымға 18 014,2 мың адамды құрады.
Астана халықаралық əуежайына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді

21 маусым күні Астана халықаралық əуежайына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру туралы ҚР Үкіметінің қаулысы жарияланды.
2017 жылғы маусымның 20-сы күнгі Қазақстан үкіметінің «Астана халықаралық әуежайын қайта атау туралы» қаулысында бұл нысанға осы елдің президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру «Қазақстан әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылы желтоқсанның 8-і шыққан заңға сүйене отырып іске асырылғаны жазылған.
Алматыдағы Фурманов көшесінің атауы Назарбаев деп өзгертілді
Фурманов көшесінің атауын өзгертуге мегаполис тұрғындарының көптеген ұсыныстары себеп болған.

Осылайша, Алматы қаласы мәслихатының VI шақырылымындағы сессиясында қалалық ономастикалық комиссия мен ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық ономастикалық комиссиямен келісу бойынша Алматыдағы басты көшелердің біріне Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев есімін беру туралы шешім шығарылды.