Салтанатты іс-шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, облыс прокуроры Құсайын Игембаев, облыс мәслихатының депутаты Владимир Головатюк, сондай-ақ, құқық қорғау органдарының басшылары мен қоғамдастық өкілдері қатысты.
«100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын орындау мақсатында Бас прокуратура бастамашылық танытып, облыстық прокуратура жергілікті әкімдіктің қолдауымен жүзеге асырғанын атап өту қажет.
Облыс әкімі Д.Ахметов өзінің құттықтау сөзінде: «Мемлекеттік қызметтің міндеттері – азаматтарды қабылдап, тыңдау, оларды кабинеттен кабинетке жолдамай, барлық, тіпті болмашы мәселелерін шешу қажет, бұл туралы Елбасы үнемі айтады, сондықтан, Орталықтың ашылуы біздің аумақ үшін маңызды оқиға деп есептеймін», — деп баса айтты.
«Азаматтарға «бір терезе» қағидасы бойынша құқықтық сипаттағы консультациялық кеңес көрсетілетін болады. Орталықтың негізгі мақсаты – азаматтардың сенім деңгейін көтеру, шағымдарды жедел шешім, әкімшілік кедергілерді жою», — деді облыс прокуроры Қ.Игембаев өз сөзінде.
Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарын осы Орталықта адвокаттар, жеке сот орындаушылары, медиаторлар, Әділет департаментінің, Құқықтық статистика басқармасының, халыққа қызмет көрсету орталығының өкілдері, пробация қызметкерлері қабылдап, консультация беріп, «бір терезе қағидасы» бойынша тегін кәсіби заң көмегін көрсетеді.
Орталықта барынша қолайлы жағдайлар жасалған, қызметкерлерге арналған ашық кабинеттер, ыңғайлы күту залы, электронды кезек бар. Мүмкіндігі шектеулі адамдар да ұмытылған жоқ. Бұл жерде пандустар, тактильді көрсеткіш, жазбалар, мүгедектерге көмек көрсете алатын мамандарды шақыру үшін арнайы тетіктер орнатылған.
Бұдан да басқа, 8(7232)700-100 телефоны арқылы әртүрлі мамандарға алдын ала жазылуға болады.
Сонымен қатар, кез келген азамат құзыретті органға, оның ішінде, орталық деңгейдегі органдарға бейнеөтініш бере алады. Орталықта азаматтардың ұжымдық арыздары да қабылданады.
Ай сайын Орталықта облыс тұрғындары үшін барлық құқық қорғау органдарының басшыларының қатысуымен қабылдау жүргізу жоспарланған.