Мәжіліс Мәсімов үкіметіне сенім білдірді

«Республиканың премьер-министрі жаңадан сайланған парламент мәжілісінің алдына үкіметке сенім туралы мәселе қояды. Осыған байланысты премьер-министрдің хаты келіп түсті», — деді парламент мәжілісінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Жалпы отырыс барысында депутаттар үкіметке сенім білдіріп, тиісті шешім қабылданды.

Парламенттің үкіметке сенім білдіруі  — жеке мен үшін үлкен абырой және жауапкершілік дейді премьер-министр Кәрім Мәсімов.

«Сіздердің шақырылымдағы депутаттардың өз қызметіндегі ең маңызды алғашқы қадамдарының бірі — үкіметтің қазіргі құрамына сенім білдіруінен басталды. Парламенттің үкіметке сенім білдіруі  — жеке мен үшін және үкімет мүшелері үшін үлкен абырой және жауапкершілік», — деп атап өтті үкімет басшысы парламент мәжілісінің пленарлық отырысында.

Кәрім Мәсімовтың айтуынша, үкімет елдің даму бағыттарын жүзеге асыруға арналған жұмысын әрі қарай жалғастыра береді.

«Біз мемлекет басшысы өзінің бағдарламалық құжаттарында тапсырған стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу бойынша жұмысты жалғастыра береміз», — деді премьер.

Үкімет басшысының атап өткеніндей, үкімет қазіргі уақытта 100 нақты қадам стратегиялық жоспарын жүзеге асыруды қолға алып отыр.

«Айта кету керек, депутаттар мен үкіметтің тығыз жұмысының арқасында 100 нақты қадамды жүзеге асыруға бағытталған бірқатар заңдар жедел түрде қабылданып үлгерді. Парламент пен үкіметтің арасындағы тиімді байланыстар — президенттік жоспарлардың сәтті іске асуының кепілі. Қазіргі уақытта әлемдік экономиканың құбылмалы шағында мемлекет басшысы жаңа, жауапкершілігі жоғары міндеттерді алдымызға қойып отыр және біз оны орындауға дайынбыз. Үкімет біздің елдің дамуына бағытталған экономикалық саясатты жүзеге асыруға барлық күш-жігерін салады», — деп түйді үкімет басшысы.

Еске сала кетсек, Конституцияға сәйкес «Республиканың премьер-министрі жаңадан сайланған парламент мәжілісінің алдында үкіметке сенім туралы мәселе қояды. Мәжіліс сенім білдірген жағдайда, егер Республика президенті өзгеше шешім қабылдамаса, үкімет өз міндеттерін атқаруды жалғастыра береді».

ДереккөзҚазАқпарат