«Саламат» базарында шемішке саттым
12 жасымнан бастап түске дейін мектепте сабақ оқысам, түстен кейін «Саламат» базарында көтерме бағамен шемішке саттым. Шындығында, ол уақыттарда өмір сүру қиын, халықтың басым бөлігі күнкөріс қамымен таңертеңнен кешке дейін базарды жағалап жүретін. Еңбегімнің арқасында біраз уақыт өткен соң базардан заңды түрде орын алдым. Сөйтіп, құрылыс заттарын сатып, жеке кәсібімді бастадым. Одан кейін асхана, донер асханасы, шаруашылық тауарлар сататын дүкен сияқты кәсіп түрлерімен айналыстым. Содан жеке бизнес ашу туралы кеңестер айтып, Қызылорда, Атырау т.б секілді өңірлерді аралап тренингтер өткізіп, адамдардың бизнеспен айналысуына көмектестім. Уақыт өте келе кірісім де артты. Міне, осылайша тынбай еңбек етіп жүріп, бір мекемеге бухгалтер болып орналастым. Менің негізгі мамандығым есеп және аудит саласы.
Кейін директордың ұсынысымен мекеменің Алматыдағы бөлімшесіне директордың орынбасары қызметіне көтерілдім. Бірақ жеке бизнеспен айналысып үйреніп қалғандықтан болар, ЖШС ашып, бұл жұмысымнан шығып кеттім. Ары қарай балық шаруашылығына бет бұрып, Қазақстан бойынша балық сатумен айналыстым. Ең алғаш Германиямен келісімшартқа отырдым. Шыны керек, бұл бағытта жұмыс істеу аса бір қиындық туғызған жоқ. Осы бизнес саласында жүргендермен тез тіл табысып, бірлесе жұмыс істеп кеттім.
Мен балық өнімін бала күнімнен жақсы көретінмін және балық кәсібімен айналысу ең үлкен арманым болды. Сол себепті шығар, 8 жасымнан бастап балық ауладым. Шыны керек, балық аулау үшін ерекше дайындалатынмын (күліп). Сол үшін бақшадағы жерден құрт қазып та алғанмын.
Өнімнің 65%-ы экспортқа кетеді
Компаниямыздың атауы – PARTNER FISH. Мекемеде 20-ға жуық қызметкер, ал кәсіпорында өнімді өңдеуші, әртүрлі қызметтер атқарушы 110-ға жуық жұмысшы бар. Басым бөлігі ер адамдар. Олар әр өңірдің қабылдау бөлімдерінде істейді. Айына бір рет Алматыға жиналысқа келіп, есеп беріп тұрады.
Біз Атырау, Арал, Балқаш, Зайсан сияқты еліміздің әр өңірімен тығыз байланыстамыз. Сол елдімекендердегі қабылдау бөлімдеріміз жергілікті балықшылардан сатып алған балықты кәсіпорынға жеткізеді. Ол жердегі жұмысшылар балықты тазалап, етін кесіп, мұз ғып қатырып, орап, маркасын жапсырады. Бір қорапқа 600 граммнан, яғни тоңазытқыш көлікке 18 тонна балық тиеледі. Ары қарай құжаттары дайындалған соң Германия, Гамбург, Латвия, Рига, Норвегия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Қытай секілді елдерге экспорттаймыз. Өнімнің 65%-ы экспортқа кетсе, қалғаны елімізде қалады.
Көксерке балығына (судак) сұраныс жоғары
Көбіне көксеркенің етін (судак) экспорттаймыз. Әзірбайжан – ақтабан, Өзбекстан – тұқы (сазан), ал Қытай балықтың барлық түрін алады. Біз олардан майшабақ (селедка), скумбрия, форель, қызыл балықты импорттаймыз.
Көксерке – алабұға тұқымдасына жататын жыртқыш балық. Қазақстанда Жайық – Каспий, Сырдария – Арал, Сарысу, Балқаш – Алакөл, Талас, Ертіс, Нұра су алаптарында тіршілік етеді. Көксеркенің еті дәмді, қылтанақсыз, кәсіптік маңызы бар. Сондай-ақ олар сулардың тиімді биомелиораторы болып саналады. Оларды жасанды түрде тамақтандыра алмайсың. ГМО-сыз, таза, ақ балық. Тіпті кез келген өңдеуден өтсе де, барлық қоректік, пайдалы дәрумендерін сақтайды. Осыған байланысты көксеркеге деген сұраныс жоғары.
Ауыл шаруашылығы министрі квота бөледі. Одан өзге жаңа шет мемлекеттермен келісімге отыру үшін ветеринарлық сертификатқа сай келісімді түрде көмектеседі. Яғни, өнімді шетелге экспорттауға жағдай жасалған.
Еліміз бойынша балық өнімін сатумен айналысатын 15 зауыттай бар. Олардың сегіз-тоғызы Еуро нөмірі бар, яғни шетелге балық экспорттап отыр. Біздің кәсіпорын еуро нөмірімен сертификатталғандықтан барлық талаптарға сай жұмыс істейміз. Әрбір балық өнімі арнайы лобароториядан жіті қаралып, тексерістен өтеді.
Өзім туралы…
1985 жылы 6 шілдеде Жамбыл облысы Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласында дүниеге келдім. Бала кезімде отбасымызбен Алматыға қоныс аударып, осы жерде мектепке бардым, жоғары білім алдым. Ата-анамның бизнеске қатысы жоқ. Әкем Әбдукерім – филолог, анам Айсұлу – мал дәрігері. Отбасында бес бауырмыз. Мен –үлкенімін. Қазір Мәскеу мемлекеттік техникалық университетінің магистратурасында оқып жатырмын. Мамандығым – қаржыгер. Үш баланың анасымын. Жолдасым шаруашылықпен айналысады. Үлкен қызым Изабель мен ортаншы қызым Виктория таэквондодан Қазақстан және әлем чемпионы. Ұлым Әділет балабақшада. Демалыс күндерімді толығымен балаларыма, отбасыма арнаймын. Біз отбасымызбен салауатты өмір салтын ұстанамыз.
Жұмысымнан ләззат аламын
Мен жасап жатқан жұмысымнан ләззат аламын. Меніңше әр адам кәсібін сүйіп істесе, кәсіп саласында кездескен кез келген қиындықты жеңіп шығады.
Ең бірінші алға қойған мақсат айқын: Қазақстан бойынша балық шаруашылығы саласының үздігі атану, осы жолда аянбай еңбек ету; өнімді шетелге экспорттау арқылы елімізді таныту; әлемдік нарықты жаулау. Міне, осы аталған мақсаттар бойынша жұмыс істеп келеміз. Нәтижесі, көріп тұрғаныңыздай жаман емес. Құдай қаласа, айына 300 тонна өнім өндіріп, балық өңдейтін кәсіпорын салу ойымызда бар. Сонымен қатар, балықты котлет, фарш және консерві түрінде жасап, шығарсақ деп отырмыз.
- Әншісі: Д.Құдайбергенов
- Кітабы: «Я и деньги» С.Давлатов
- Актері: Брэд Питт
- Тағамы: Балықтан жасалынған тағамдар
Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.