АрселорМиттал кеншілерінің ереуілі туралы видео жалған — Factcheck.kz

«Бұл видеоны 2008 жылдың қысында журналист Дана Нүкеева-Сой мен оператор Ержан Сыздықов Жезқазғандағы өзге компания кеншілерінің ереуілі кезінде түсірген. Видеоның бұл компанияға да, оқиғаға да еш қатысы жоқ»,- деп хабарлайды factcheck.kz журналистері.

Сайт видеоның жалған екеніне бірнеше дәлелдер келтірген. Видеодағы кадрлардың скриншотын Яндекске жүктеп, оның 2013 жылы ғаламторда пайда болғанын анықтаған. «АрселорМиттал» компаниясының жұмыс киімі мен видеодағы кеншілердің киімін салыстырып, едәуір айырмашылықтар тапқан. Сонымен бірге аталған видеоның авторларымен де тілдескен екен.

«Жезқазған мен Сәтбаев қалаларындағы «Қазақмыс» кеншілерінің ереуілі еді. Сол кезде 800-ге жуық адам шахтаға түсіп, шықпайтындарын мәлімдеген. Операторым екеуіміз сол жаққа іссапарға бардық. Осы видеоны түсірдік. Бұл біздің видео екенін растаймын. Біз сол оншақты жыл бұрын болған ереуілді түсірдік. Кеше видеоның желіде жүргенін көргенде… иә. бұл – біздің видео», – депті видеоның авторы Дана Нүкеева factcheck.kz тілшісіне.

Естеріңізге сала кетейік, 11 желтоқсанда 200-ге жуық кенші жер бетіне шығудан бас тартып, жалақыларын 100 пайызға арттыруды талап етті. Екі күннен кейін кеншілердің үсітенен сотқа шағым түсірді. 15 желтоқсанда кеншілер жер бетіне шықты және АМТ олардың айлығын 30 пайызға арттыратын болды.