Қанат Ислам «Құрмет» орденінің иегері атанды

Бірінші орта салмақта WBO NABO және WBA Inter-Continental нұсқалары бойынша әлем чемпионы Қанат Исламға «Құрмет» ордені берілді.

Боксшының айтуынша, ол мұндай үлкен марапатты тұңғыш рет алып отыр.

«Осындай елім дейтін, жерім дейтін, ерінбейтін Елбасымыздың қолынан марапат алу мен үшін үлкен мәртебе. Елбасы болашағымнан үлкен үміттер күтеміз деп айтып отыр. Алға қойған мақсатыма жетуге үлкен бір сенім деп ойлаймын. Сол үшін елдің сенімін, елбасының сенімін ақтау, көк туды шығарып, әнұран орындату әрбір спортшының арманы болуы керек деп ойлаймын. Алдағы жоспарлар өте көп. Қаншама қазақтың қаракөз іні-қарындастарымыз бізге қарап өсіп жатыр, соларға дұрыс жол көрсету, дұрыс азамат болып жүру үлкен міндет деп ойлаймын. Сол үшін алдағы жекпе-жектерде болсын, басқа шараларда болсын осының барлығын абыроймен атқару міндетім деп ойлаймын», — деді Қанат Ислам.

«Құрмет» ордені 1993 жылы бекітілген болатын. Ол экономика, әлеуметтік салаларда, ғылым мен мәдениет, білім беру, мемлекетітк органдардағы үлгілі қызметі мен қоғамдық жұмыстарға белсенді араласқан азаматтарға беріледі. Орденнің дәрежелері жоқ.

ДереккөзTengrinews.kz