Сөйтіп, еңбек өнімділігн арттырудың айқын мысалы ретінде — KAZ Minerals компаниясының Бозшакөл және Ақтоғай тау-кен байыту кешендерін игерудің алдыңғы қатарлы нысандарын ауыз толтырып айтуға болады.
Аталмыш өндірістер байыту фабрикасының автоматтандырылған басқару жүйесі, карьерлік жағдайдың жоғары дәлділік мониторингі жүйесі сияқты 4.0 технология базасы негізінде жұмыс істеуде. Бұл туралы Үкімет отырысында тау-кен өндіру өнеркәсібі, көлік және логистика салаларында цифрландыру технологиясын қолдану мәселелері жөнінде баяндама жасаған ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты.
«Нәтижесінде, компания Бозшакөлдегі бір қызметкердің ең жоғары еңбек өнімділігі көрсеткіштеріне — 105,7 млн. теңге (308 мың долл.) қол жеткізді. Бұл Қазақстан Республикасындағы басқа балама өндірістерге қарағанда 8 есе жоғары. Тағы «Алтынтау Көкшетау» АҚ-ның алтын кен орнын мысалға келтіруге болады. Онда онлайн-режимде және индустриалды интернетте карьерлерді бақылау жүйесі іске қосылған. Бұл жүйелер еңбек өнімділігін 25%-ға арттыруға мүмкіндік берді», — деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
Қазіргі уақытта жүйелік маңызы бар кәсіпорындарда жалпы құны 140 миллиард теңгені құрайтын Индустрия 4.0 элементтерін іске қосқан 14 жоба жүзеге асырылуда.
Бұл жобалардан бөлек, Kazzinc — «Полиметалл Жайрем» ЖШС-де құны 100 млрд.теңге болатын жаңа өндіріс құрылуда. Онда цифрлық технологияларды кеңінен қолдану мүмкіндіктері қарастырылған (интернет-материалдары, қашықтан мониторинг, модельдеу және т.б.).
Министрдің айтуынша, тек 14 жоба бойынша 2018 жылдан 2025 жылға дейінгі кезеңде жалпы экономикалық тиімділік шамамен 280 млрд. теңгені құрайды.
Сондай-ақ, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі көлік ағынын тиімді басқару үшін жол құрылысы мен әуе тасымалын, тасымал қауіпсіздігін және қозғалыс жылдамдығын арттыруда бірқатар жүйелерді құру бойынша белсенді жұмыстар жүргізуде (Интеллектуалды көлік жүйесі, жолдарды пайдалану ақысын жинауды автоматтандыру үшін техникалық шешімдер кешені, жолдарды басқару жүйесі, «E-freight» әуе жүк тасымалдау саласындағы электрондық құжаттарды басқарудың ақпараттық жүйесі, сондай-ақ әуе жолаушылар туралы мәліметтерді жинау және өңдеу).
ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек өзінің Facebook желісіндегі парақшасында «Индустрия 4.0» технологиялары негізінде біртіндеп өнеркәсіпті технологиялық жаңғыртудың кешенді шарасы мен тиісті тұжырымдамасы әзірленетіні туралы жазды.
«Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Индустрия 4.0» процесін Қазақстанда дамытуға айрықша назар аударды. Көпшілікке «Индустрия 4.0» ретінде белгілі төртінші өнеркәсіптік революция бүгінде әлемдегі жаһандық экономикалық маңызы бар тенденцияға айналды. «Индустрия 4.0» өнеркәсіп салаларын трансформациялау үшін алдыңғы қатарлы ақпараттық коммуникациялық технологияны кеңінен қолдануға қажет.
Мемлекет басшысының тапсырмасы мен еліміздегі халықаралық тәжірибеге сәйкес, «Индустрия 4.0» негізінде біртіндеп өнеркәсіпті технологиялық жаңғыртудың кешенді шарасы мен тиісті тұжырымдама әзірленетін болады. Жалпы, Индустрия 4.0» элементтерін енгізу Қазақстан өнеркәсібіне қолданыстағы жүйені жеңілдетуге көмектеседі», — делінген жазбада.
Министр сондай-ақ жаңа технологиялар электронды форматта деректермен алмасуды ұйымдастыруға және жергілікті жерде аз мөлшермен шығаруға мүмкіндік беретінін атап өтті: «Өндірісті автоматтандыру адам еңбегін алмастыруға мүмкіндік береді. Мысалы, роботталған дәнекерлеу кешенінің бір операторы тапшылығы ұдайы сезілетін 5-10 білікті дәнекерлеушіні алмастыра алады. Бұл тұрғыда оларды оқытуға жұмсалатын шығын азаяды, сонымен қатар, салаға жастарды тартуда кәсіптің беделі артады».
«BCG» сарапшыларының пікірі бойынша, «Индустрия 4.0» енгізу Германияда өңдеу өнеркәсібінде өнімділік 90 млрд. еуродан 150 млрд. еуроға дейін артқан. Ал, неміс компанияларының қосымша табысы жылына 30 млрд. еуроны құрайды. Сондай-ақ, халықаралық сарапшылардың пікірінше, «Индустрия 4.0» технологиясына көшуге 20 жылға жуық уақыт қажет. Дегенмен, қазірдің өзінде цифрлі негізге көшу үшін тиісті алғышарттарды жасау керек.
Ж.Қасымбек әлемнің көптеген дамыған елдерінде «Индустрия 4.0» технологиясын енгізудің орташа және ұзақмерзімді бастамалар мен тиісті тұжырымдамалары қабылданғаны туралы да еске түсірді. Мәселен, Германияда «Industrie 4.0», Францияда «Industrie du Futur», Оңтүстік Кореяда «Manufacturing innovation 3.0», Үндістанда «Make in India», Испанияда «Industria Conectada 4.0», Ресейде «Ұлттық технологиялық бастама», Жапонияда «The New Robot Strategy», Италияда «Manifattura Italia», Қытайда «China Manufacturing 2025» және т.б. Бағдарламалар аталды.