Жаңа туындыда егемен мемлекеттің негізі қаланған күннен бастап оның қалыптасу кезеңдерінің ерекшеліктері мен 26 жылдық тәуелсіздік дәуіріндегі ішкі және сыртқы сын-қатерлерді еңсеруге байланысты қабылданған шешімдердің мән-мазмұны мен тетіктері егжей-тегжейлі баяндалады. Сондай-ақ, кітапта «қазақстандық даму үлгісінің» табиғаты мен оның эволюциясы, басты ұстанымдарымен қозғаушы күштері сараланған. Қазақстанды жаңғыртудың үш толқыны кеңінен ашып көрсетілген.
Кітап еліміздің жаңа тарихын тұтас қамтыған, мазмұны аса бай 4 бөлімнен тұрады. Олар: «Мемлекетіміздің дүниеге келуі. Қазақстанның бірінші жаңғыруы (1991-1995 жылдар)», «Ұлы бетбұрыс. Қазақстанның екінші жаңғыруының басталуы (1996-1999 жылдар)», «Қияға құлаш сермеу. Қазақстанның екінші жаңғыруы (2000-2010 жылдар)», «Қалыптасқан мемлекет. Қазақстанның үшінші жаңғыруы (2010 жылдар)» деп аталады.
«Елбасымыздың жүрек төріндегі толғаныстарынан шыққан бұл кітапты бәріміздің қасиетті Отанымыз — Қазақстан Республикасының негізін қалаған Тұңғыш Президентіміздің өз қолымен жазылған Тәуелсіздік энциклопедиясы деп атауға толық негіз бар», — дейі кітаптың тұсаукесер рәсімін жүргізген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед.