«Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов және «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Вадим Басинмен кездесуден кейін алдымен «Қазақстан» шахтасының шахтерлері сыртқа шыға бастады. Олармен бірге «Тентек», «Шахтинск» және Ленин атындағы шахталардың да кеншілері жоғары көтерілді. Түнгі бірге қарай 420 адамның барлығы сыртқы шықты», — дейді Қарағанды облыстық әкімдігінің баспасөз қызметіндегілер.
Енді компания басшылығының шешімімен көмір департаментінің барлық жұмысшылары айлық жалақы көлемінде біржолғы сыйақы алатын болды. Шахтерлерге жұмыс беруші жерастында істейтін жұмысшылардың барлығының жалақысын 30 пайызға көтеруді ұсынды.
Ал көмір кәсіпорындарының жерүсті жұмысшыларының жалақысын арттыру мөлшерін келісім комиссиясы айқындайды.
Айта кетейік, Шахтинск қаласының прокуроры осы еңбек дауын ұйымдастырғаны үшін қылмыстық қудалаудан босатуға кепілдік берді. Сондай-ақ, прокуратура қажет кезінде осы мәселеде құқықтық қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Алдағы уақытта кеншілер жұмыс берушімен келіссөздерді келісім комиссиясының аясында жүргізеді. Оның құрамына бастамашыл топтардың мүшелері, прокуратура қызметкерлері, шахталардың директорлары, сондай-ақ кәсіподақ комитеттерінің, облыс және компания басшылығының өкілдері кіреді.