Өйткені, ол шерулер оларды шырмауықша шырмап алған, ой мен бойына таскенеше сіңіп бара жатқан қиратқыш дыбыстарды құдіреттей көреді. Қазіргі даңғаза музыканың осындай миға теріс әсер ететінін байқай ма? Оның зияны, болашаққа әсері қандай? Немесе адамзаттың ар-ұяттан безіну процесі көз алдымызда өтіп жатқан жоқ па? Бұл шырмауықтар жастарды қай қиырға алып бармақ? Бұлардың бәрі жай проблемалар ғана емес, оның шын аты — жанайқай емес пе? Рухсыз бостандық – пингвиндердің мәңгілік ғұмыры тәріздес құбылыс.
Америка бай ел, бірақ ондағы қылмыс деңгейі, балалардың өлім – жітімі, сауаттылықтың төмендігі («Функциональная неграмотность») дүниежүзінің дамыған елдері арасында аса жоғары мөлшерде. Бұдан да қатерлі әрі сорақы жағдай сол: АҚШ – адамзаттың гуманистік ізгі дәстүр-салттарын аяққа басуға уағыздайтын, адамның «жабайы инстинктеріне» есеп жасай отырып, ашықтан-ашық анайылықты, жауыздықты қоздыруға бағытталған «тобырлық мәдениет» өнімдерін ең көп шығарып, өршіте таратып отырған ел. Сөйте тұра біз американдық, батыстық үлгідегі «ашық қоғам», «озық демократия» моделдерінің абсурдтық мәдениет нұсқаларын мойындай да, қабылдай да алмаймыз. Ал, жаһандану, рынок оны мойындатады, қабылдатады. Бұған өктем жайлап бар жатқан вестернизация, шек-шекара қалмай бара жатқан ақпараттық экспансия дәлел. Рухсыздықты насихаттаушы БАҚ-тарға тыйым салатын заң қабылдау қажет.
Мұндай жағдайда: «Ісім өнсін десең, ретін тап», — деп Абай айтқандай, «Білімсіздік хайуандық болады». Сондықтан бұл заманның адамынан да талап етілетін қорытынды-түйін біреу ғана: Арлы адам – ақылды Адам! «Білім, ғылым құдайға мұқтәди (бағыну, құлшылық ету) болсын»- Абай.
Француз жазушысы Альберт Камю: «Біз не жендет, не жемтік болудың бірін таңдайтын дүниеде өмір сүріп жатырмыз. Үшінші жол жоқ!» — депті. Шындығында, солай ма? Ойлану қажет.
Рух – табиғи материялықтан өзгеше, затсыз идеалды бастаманы білдіретін ұғым. Рух – ойлаумен, санамен парапар, сананың синонимі. Рух – бүкіл дүниені жаратушы Алланың өзіне ғана тән дейді дін ілімі. Аристотельше, рух – барша дүниеге қуат беріп жандандыратын құбылыс.
Бүгінде білім беру үдерісінде әр адамды қазіргі заманғы әлемде іс істеуге, білім ала білуге, өмір сүре алуға, бірлесіп өмір сүре білуге үйрету деген үлкен мақсат бар. Ол себепті біз жастарымызды өз ұлтының рухын жоғары ұстай отырып, басқа ұлттар мен этностарды құрметтеуге тәрбиелеу қажет.
Ақыл-ой, естілік – интеллект шыңы. Сана, зерде, рух, биік қабілеттілік жастарға сын. Олар ата-бабалардан, ұлы тұлғалардан үлгі-өнеге алып, олардың рухани дүниелерін зерделей білуге, өз бойларына дарыта білуге тиіс. Өз этносының патриоты болуға міндетті. Аға ұрпақ өнегесі — өткен ғасырлардың рухани мұрасы. Бүгінгі буын-келер жүз жылдықта өмір сүріп, елімізді өркениетке жеткізер ұлы жолдағы жасампаз ұрпақ. Қазақ елі жастары-ғылым мен техникада болсын, қажыр-қайрат сыналар еңбекте болсын, этникалық руханиятты жалғастыруда болсын, ата-бабалардың сенімді мұрагері. Мұрагерлік — әрі абыройлы, әрі үлкен жүк. Соған адал болу шарт. Қырандай биікке самғау, жалпы адамзаттық және әлеуметтік өрлеу – қазақ жастарының айбынды міндеті.