1990 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Нарынқол ауылында дүниеге келдім. Мектепті бір жылдары ауылда, бір жылдары Алматыда оқыдым. 7-сыныпқа келгенде, О. Жәутіков атындағы физика-математика мектебіне түстім. Мектепте түрлі жарыстарға қатысып, республикалық олимпиадалардың жүлдегері болатынмын. Жақсы оқыдым. Сөйтіп, 2008 жылы осы мектептің түлегі атандым. Қызыл аттестат иегерімін.

Оқуға Астанадағы Ломоносов атындағы МГУ-ға тапсырып, грантқа түстім. Физикаға жақын мамандық болар деп едім, информатикаға бағытталған мамандық екен. Шынымды айтсам, оқығым келмедім. «Отчислениеге кетемін-ау» деп тұрған уақытымда,  құжаттарымды алып, Алматыдағы UIB университетіне тапсырып, оқуға түсіп кеттім. Мұнда қаржыгер мамандығын «қызыл дипломға» бітіріп шықтым. Магистр дәрежесін де осы университеттен алдым.

Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Бакалаврды бітірмей тұрып, Kaspi банкінің сату бөлімінде жұмыс істеп жүрдім. Екі жылдан кейін осы банкте менеджер универсал қызметіне өттім. Одан кейін «Ынтымақ» құрылыс компаниясында сату бөлімінде жұмыс істедім. Алты ай ғана жұмыс істесем де, құрылыстағы нарықтың қандай екенін қажетінше біліп алдым деп айтсам болады. Бұл кезде 2017 жыл кіріп келе жатқан еді. Біреуге жұмыс істеуді тоқтатып, өз кәсібімді қолға алуды жөн көрдім. Себебі таңертең кетіп, кешке келгеннен жалықтым. Қарапайым спортпен де шұғылдануға шамам келмейтін. Айлығым да көңіл-көншітерлік болмады.

Кәсіпкер үшін университет бітірудің пайдасы қаншалықты?

«Бастысы — тәжірибе»деп айтып жатады. Бұл пікірге аса келісе бермеймін. Егер теориялық білімің болмай, тек тәжірибеге сүйенсең, қателікке көп ұрынасың. Ал теория болса, әр ісіңді білімге саласың. Алған білімім кәсіпке байланысты болды. Қай істі бастасам да, қатты минусқа кетпедім деп ойлаймын. Мысалы, бухгалтерлік есептерді өзім есептеп, тапсыра беремін. Бизнес жоспарларды дұрыс құра білгендіктен де, көп шығынға ұшырамадым деп ойлаймын. Компьютерде де кез келген бағдарламалармен жұмыс істей беремін. Бұлардан хабары жоқ таныстарымды білемін, кәсіптеріне маман жалдап жатады. Шындығында, егер өзің жақсы білетін болсаң, бәрі — қарапайым дүние.

Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Қазіргі уақытта бизнеске, тендерге байланысты курстарға қатысудың пайдасы айтарлықтай пайдалы екенін ескерткім келеді. Мысалы, тендермен айналыспас бұрын Tender First курсына қатыстым. Қаншама ізденіспен келетін дүниені бір аптада ала алдым деп айта аламын. Нәтижесінде, жеті күннен кейін іске кірісіп кеттім.

Жеке кәсіпкерлікті ашарда, «өзге де» бағыттар деген бөлімді таңдадым. Мұнымен тендерге қатысу тиімді. Бір сөзбен айтқанда, екі жақта тапсырысты жеткізушінің қызметін атқаруға болады.

Бір жылдың ішінде 30-дан артық тендерді ұтып, тапсырыстарды орындадым. Оның ішінде Талғар ауданына түрлі тауарлар, қосалқы бөлшектерді жеткіздік, Еңбекшіқазақ ауданының оқушыларын ҰБТ-ға дайындадық, «Қазгидромет» РМК-ға қажетті тауарларды Ресейден жеткізіп бердік. Осылайша, бір мезгілде бірнеше тендердің жұмысымен айналысып жүрдік. Есесіне, бұрын кеңседе бір ай бойы таңнан кешке дейін жұмыс істеп тапқан табысты, шама келгенше бір аптада таба алатындай болдық.

Тендерді жемқорлықсыз ұтып алуға бола ма?

Қазіргі уақытта тендерлерді таныссыз, жемқорлықсыз  ұтып алуға болады (күледі). Кішігірім сомадағы тендерлер әдетте электронды нұсқада жүргізіледі. Жеңімпазды компьютер өзі таңдайды. Құжаттарыңыздың сай болғандығы және төмен бағаны ұсынуыңыз жеңіске жетуіңізге жеткілікті. Төмен бағаны көрсетемін деп, өзіңіз шығынға ұшырап қалмауыңыз керек. Сол себепті тендермен айналыспас бұрын, нарықты әбден зерттеп алу керек.  Сосын жұмысты адал орындау қажет: барлығын өз уақытында әрі сапалы өткізуіңіз тиіс. Қазір екінің бірі тендермен айналыса алатындай деңгейге жетті. Бірақ барлығы табысты деуге келмейді.

«Әділетсіздік аз емес»

Кей компаниялар тендерді өздері ұтып алғысы келеді. Өмірде болып жататын жағдай, жасыратын ештеңесі жоқ. Егер сен ұтып алсаң, жеткізген тауарыңды қабылдамайды. Бас тартуыңды талап етеді. Білетін боларсыздар, егер ұтып алған тендерден бас тартсаңыз, «қара тізімге» енесіз. Одан кейін екі жыл бойы тендерге қатыса алмай қаласыз. Қоқаң-лоққы жасайды. Қай кезде де «ақырын жүріп, анық басқан» артық емес.

Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

«Баланы ерте жастан саудаға үйрету керек екен»

Біздің экономика сауда-саттықтан тұрады. Қазіргі уақытта алып-сатуды жақсы меңгерсең, кәсіпте біраз жерге баруыңа болады. Өйткені біздің мемлекет әлі де жас. Нарық бос жатыр. Тек Қытайдан келетін тауарларды әкеліп сатудан басқасын таңдасаңыз екен. Өйткені ол жақты жаулап алған пысықтар бар (күледі). Екінің бірі Қытайға бара алады, екінің бірі ағылшынды біледі, «Алибабаға» шыға алады. Бәсеке көп. Бірақ бізде өндіріс аз, қызмет көрсету саласы, тамақ өндірісі бос жатыр. Игеру керек. Ебін табу қажет. Баланы да ерте жастан саудаға үйрету керек екенін түсіндім. Себебі уақыттың талабы — осы.

«Серіктесті дұрыс таңдау — кәсіпті дамытудың кілті»

Талғардан суши дайындайтын, жеткізетін орын аштық. Алты ай жүргіздік. Аяққа тұрғаннан кейін сатып жібердім. Шығынға кіріп бара жатқаннан кейін, сатуға тура келді. Негізі өзің сырын білмеген кәсіпті бастаудан абай болу керек екен. Мысалы, сушиге қанша азық-түлік кететінін білмедім. Нәтижесінде олардың қолды болатынын кейіннен ұқтым.

Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Қазір өзім жақсырақ білетін іспен айналысып жатырмын. Әпкеммен бірге оқу орталығын аштым. Әзірге жарнамасына көбірек көңіл бөліп жатырмыз. Менің ойымша, қала сыртындағы нарықты жаулауға тырысу керек. Өйткені Алматы тәрізді үлкен қалада небір алпауыттар бар. Олар Сіздің кәсібіңізді жұтып қояды (күледі). Біріншіден, аренда қымбат, екіншіден, олар қызметкерлерге жақсы айлық тағайындайды.

Бұдан бөлек, мал тұқымын асылдандырумен айналысып жатырмыз. Барлығын серіктесіммен алдын-ала есептеп, келісіммен орындап келеміз. Әзірге бәрі жақсы (жымияды). Әр сәтсіздік — ертеңгі күнге сабақ.

Жеке кәсіпкерлікті ашарда,  жеңілдік (упрощенка) қарастырады. Алты айда бір түскен пайданың 3%-ын салыққа төлейсіз. Осы жеңілдіктің болмағаны да дұрыс екен. Егер жеңілдіксіз болса, түскен пайданың 10%-ын жылына бір рет төлеп отырасыз. Бұл 10 пайыз — тек  таза табыстың үлесі. Ал жеңілдік қарастырылған кәсіптің салығына кіріс пен шығынды қоса есептейді.

«Қазақта алтын басты дарындылар көп. Бірақ, әттең…»

Оқушы кезімде уақытымды тек сабаққа арнайтынмын. Университетке түскеннен бастап, бітіргенше ҰБТ-ға оқушыларды математика, физика пәндерінен дайындадым. Жақсы нәтиже көрсеткендері аз емес. Арасында Назарбаев университетіне түскендері бар. Грантқа түспеген шәкірттерім болмады. Үйлеріне барып та, университетке шақырып алып та оқытып жүрдім. Бір жақсысы, біздің кітапханада кім келіп, кім кетіп жатқанын тексермейді, еркіндік бар. Осы мүмкіндікті пайдаланатынбыз.

Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

О. Жәутіков атындағы физика-математика мектебінің түлегі ретінде ол мектептің деңгейінің қандай мықты екенін білемін. Бүкіл Қазақстанның «қаймақтары» осында жиналады. Халықаралық олимпиадалардың бір емес, бірнеше дүркін жеңімпаздары бітереді. Мектеп бітіреді, оқу оқиды. Одан кейін қайда барарын білмейді. Әттең, бізбен оқыған білімді балалар қазір не істеп жүр?! Бірі жай бір компанияда, бірі банкте ары кетсе, менеджер. Олардың «миын» пайдаланса, ғылымға қазақтың қосатын үлесі зор болар еді. Ал неге олар өздігінен ғылыммен айналыспайды? Өйткені елімізде оларға дұрыс көңіл бөлінбейді. Айлығының төмендігінен бастап санамалап айтсаңыз жетіп жатыр.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.